Депутат болуға ешкім еріккенінен ұмтылмайды

1561

Әлеуметтік желінің белсенді қолданушысы, журналист Самат Нұртазаның «Мәжіліске өтетін депутаттар 60 ай бойы мықты жалақы алады. Яғни 2026 жылға дейін, оларға ай сайын 1.000.000 тг түсіп отырады. Денемнің әр молекуласымен қызығамын сол кісілерге ...» деген жазбасы қызу талқыға түсті деп жазады «Адырна» ұлттық порталы автордың жазбасына сілтеме жасап.

Осы жазбаға байланысты айтылған пікірлер еріксіз депутат болуға ұмтылдыратындай. Депутаттың жалақысынан бастап, жұмсайтын шығындарына дейін есептегендер таңдай қағысып, қызығып, енді бірі «депутат болғым келеді» десті. Депутат болуға әркімнің қызығушылығы да оянған сияқты ма, қалай? Біздің депутаттар жалақыдан бөлек, түрлі мерекелерде сыйақы алып, шетелдерге, ел ішінде тегін іссапармен бара алады. Сонымен қатар Нұр-Сұлтанда тегін қызметтік пәтерді иеленіп, әрі-бері жүрісіне тегін қызметтік көлікті тізгіндейді. Осыларды есептеп отырғанда, желі қолданушының бірі: «Ол тек айлығы. Одан бөлек түрлі комитетке мүше болғаны үшін бір алады, квартал сайын сыйақы алатыны тағы бар» деп жазды.

Расымен де, Қазақстанда депутат болуға жұрт бекер жанталаспайды екен ғой. Бәрі тегін. Баяғы аталарымыз көрмей кеткен коммунизмде қазіргі депутаттар шалқып өмір сүріп жатқандай. Үй, көлік, іссапардан бөлек, депутаттың күнделікті түскі асына да анау айтқандай ақша кетпейтінін БАҚ-та талай жазды.  Ал бір депутат үшін бюджетімізден жылына 92 млн теңге жұмсалатыны тағы бар. 92 миллион теңге аз ба, көп пе? Біздегі депутаттардың қалғып-мүлгіп жүріп алатын жалақысы ретінде, әрине өте көп ақша бұл! Мысалы, 92 миллион теңгеге ортаңқол пәтердің алтауын алуға болады. Демек, бір депутатқа жұмсайтын ақшамен алты адамды баспаналы етуге болады. Ал біздің парламентте бір ғана депутат отырған жоқ қой?! 107 депутат! Осы санды ең болмаса, екі есе қысқартса, жыл сайын кемі 300 адам үйлі болар екен.

Армандап, алысқа кетіп қалған сияқтымыз ғой. Парламенттен бөлек, аймақтардағы мәслихат депутаттары тағы бар емес пе. Олар ауамен қоректенбейтінін ескерсек, ел бюджетінің басым бөлігі кімдердің қалтасына түсетінін аңғару қиын емес. Депутат, министр, әкім, басшы-қосшылардың жалақысының өзі бюджеттің жартысынан астамын құрайтын шығар, сірә. Айтпақшы, мәслихат депутаттарының жалақысы анау айтқан жоғары емес. Алайда «депутат» деген атымен-ақ олар талай шаруаны дөңгелетіп жүргені бесенеден белгілі. Алысқа бармай-ақ, аталас туысымның аудандық мәслихат депутаты болып-ақ түкірігі жерге түспейтінін талай көргенмін. Қашан көрсең, шіреніп жүргені.

«Депутат» деген құжатын көрсетсе, бітті, жұрт оның алдында құрдай жорғалайды. Өзіміздің қолымыздан келмеген соң, осылай сынаудан басқа не істей аламыз енді? Қорыта айтқанда, елдің, халықтың мұң-мүддесін қорғайын, қызмет етейін деп ешкім депутат болмайды. Сөз жүзінде айтады ғой, әрине. Алайда іс жүзінде бәрі керісінше. Мұны бәрі біледі. Өкінішке қарай, осындай қоғамда өмір сүру бұйырған екен. Қайтеміз енді, сырттай қызығып отырамыз да осылай...

Мұқаш МҰРАТҰЛЫ,

«Адырна» ұлттық порталы.

Фото ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар