Белгілі вальстің авторы (Серік Сейітмағамбетов туралы сырлы сөз)

1068
Бұл вальс бүгінде онша белгілі емес, әрине. Бір кезде «Қаратерең жастарының вальсі» деген сол әнді теңіз жағалауының қыз-жігіттері желдің екпінімен, толқынның ырғағымен тербеліп тұрып, тебірене шырқайтын-ды. Жергілікті сазгерлер Орынбай Сейітжанов пен Жаппар Құлмырзаев «Қаратерең вальсінің» әр үзігін әрлеп-әдіптегені соншалық, бұл ән бір ауылдың аясынан асып, тұтас өңірді өрнектейтін сиқырлы әуенге айналды. Қазір оның әсерлі әуені де, әдемі әуезі де ұмытылған. Өйткені, заман өзгерді, ұрпақ алмасты. Бірақ оның бала кезіміздегі ой-санамызға ықпалы ғажап еді. Сондықтан алдымен осы әннің сөзін жазған Серік ағамыздың өзін көрмей тұрып есімін естідік. Барша жұртты ұйытқан берекелі вальстің әр сөзін ғана емес, әр әрпіне дейін көңілге тоқыдық.
Ол нағыз ақын болды... Әдетте, ақын болуға шындап бет бұрған адам өлеңінің өрісін іздеп, Алатау жаққа аттанбайтын ба еді?! Шынында да солай! Тынымбайдың Ертілеуі құсап, елде қалып, қыран жырды баптап жүретіндер көп емес-ті. Бірақ ауылдан ұзай алмаса да, олардың маңдайы жарқырап тұратын. Біздің жақта да бар еді сондай арқалы ақындар. Серік Сейітмағамбетов те солардың сойынан-ды.
Топырағының өзі қаныңды қыздыратын біздің Аралда екінің бірі өлең шығара алады. Толқыған теңізді көрсе де таланты тасиды. Шоршыған шабақты көрсе де шабыты қысады. Ал шаңқылдаған шағаланы көрсе, бар шаруасын тастайды. Сондықтан сондай сүлейлер мен дүлейлердің арасынан дараланып шығу оңай емес. Аралдың өз басында тұрып, кәсіби ақын атанудың ұлы жауапкершілігі де осында.
Жансарайы жылулыққа толы Серік Сейітмағамбетовті бүкіл ел төбесіне көтерді. Себебі, ол бейкүнә баладай таза адам еді. Еш нәрсеге қызықпады, ешқайда ұмтылмады. Кейбір ағайындар он очерк, тоғыз толғау жазып тастай сала өңмеңдеп кіріп кететін Жазушылар Одағының мүшелігіне өту дегенді ойына да алмапты. Жазғанының басын қосып, кітап етіп шығару қаперіне де кірмепті. Алматыда алты ай жатып, шабыт іздеп, шарап ішіп қайтатын әдеті де болған жоқ. Оның Алматысы да, Алатауы да айдынды Арал еді. Ал ол Аралды жұрттың бәрінен де жақсы көрді. Оның жүрегінен қасиетті қаны ғана емес, теңіздің тамшысы да төгіліп тұратын.
Жамандықтан жиреніп, жағалаудан жанұшыра қашқан қарт теңізді жырлаудай-ақ жырлады. Бірақ жүрегін жыр буғанда сол жағалауды жағалап, шалаң шашып, шағала қуып жүретін адуын мінезі болған жоқ.
Ол қарапайым ғана ғұмыр кешті. «Зейнолла Шүкіровтің соңғы монологы» атты өлеңінде
«Дүниеге періште боп келген ем,
Мен өлемін сол періште қалпымда», – деп өзі жазғандай, елуге жетер-жетпесте тап-таза күйінде мәңгілік мекеніне аттанды.
...Алғаш рет қашан көріп ем мен оны? Иә, бір күні ол біздің Қаратереңге келді. Қонақсыз-ақ қайнап жататын менің ауылым бөтен жұрттың төбесі көрінсе, жайнап сала береді. Сол күні жазу-сызуға бейімі бар Қаратереңнің қара сирақ балалары оны Қыдыр атадан кем көрмей, жатқан үйін төңіректеді те жүрді. Беделі өте биік болатын оның. Бұл біздің бірінші көрген кәсіби ақынымыз еді. «Ақын деген осындай болады екен ғой» деп, мен оған қарадым да отырдым. Аты шыққан ірі ақын дегенге екі иығына екі кісі мінгендей еңгезердей біреуді көзге елестетсем керек. Керісінше, екі иығынан екі кісі сусып түскендей, жауырыны қушиған жұқалтаң ғана сары жігіт екен. Кеудесіне әлдебір фестиваль не конкурс лауреатының алтын жалатылған белгісін тағып алыпты. Онысы да бізге таңсық. Екі көзіміз соны жеп барады.
Өзі біздің ауылға күйеу көрінеді. Күләй деген әдемі әпкемізге үйленіпті. Бірақ күйеулігін бұлдап еркелеп жатқан ол жоқ. Қаратереңдіктер де оған күйеу деп қарамайды, ауданның танымал ақыны, белгілі вальстің авторы деп құрметтейді.
...Мен журфактың бірінші курсын бітірген соң сол кездегі дәстүр бойынша Арал ауданының «Толқын» газетіне өндірістік тәжірибеден өтуге келдім. Осы бір айдың ішінде Серік ағамен жақынырақ араласуға мүмкіндік туды. Өйткені, екеуміз де қаланың «Автобаза» деп аталатын шеткі бөлігінде тұрамыз. Таңертең орталыққа жеткізетін томпақ автобусқа бірге мінеміз. Жұмыста күні бойы біргеміз. Қайтарда бірге шығамыз. Жол-жөнекей аздап сөйлескен боламыз. Алайда, әңгіме айтып жарытпаймыз. Себебі, ол көп сөзге жоқ. Жымиып күледі де отырады. Ал мен шешіліп сөйлегім келсе де, әдептен аспаймын. «Өзі адамға онша ашыла қоймайды, соншама өлең қай жерінен шығады екен?» деп қоямын іштей.
Сөйтіп жүргенде... Бірде екеуміз «Автобаза» аялдамасында томпақ көлігімізді күтіп тұрдық. Шақырайған күн төбені тесіп барады. Аялдаманың шатырынан шатыр жоқ. Әлдебіреулер баяғыда қиратып кеткен. Жұрт әріректегі ағаштың көлеңкесінен әлгі аялдаманың «филиалын» жасап алған. Аппақ көйлек киген Серік ағам екеуміз сол «филиалдың» қалқасындағыларға қосылғанбыз. Томпақ автобустың әлі жете қоймағанын пайдаланып, ол кісімен ептеп ақылдаса бастадым. Дәлірек айтқанда, «Мына аялдама туралы сын мақала жазайыншы», – деп рұқсат сұрадым. Ол әдеттегіше жай ғана жымиып, «Жаза ғой...», – деді. Рұқсат сұраған себебім, Серік ағам «Толқынның» «Қармақ» деп аталатын сықақ пен мысқыл бетінің жауапты шығарушысы еді. Яғни, газет ішіндегі газеттің басшысы. Ол кезде біздің «Қармақ» сұмдық беделді. Тіпті оның беделі «Толқынның» ықпалынан кем емес. Кез-келген мекеменің ірілі-ұсақты бастықтарын желкесінен іліп алып, басылым бетінде аймаңдай қылып жатады. Оның бетіне шықтым дегенше күйім тайды дей бер. Демек, қарымы қатты «Қармақпен» де, сол «Қармақтың» салмақты сабын мықтап ұстаған менің Серік ағаммен де ойнауға болмайды!
Сөйтіп, «Қармақтың» қарымды қожайынының бәтуалы батасын алған соң мен аялдаманы екі-үш күн бойы зерттедім. Өзімше «эксперимент» жасадым. Сол жерден түрлі көлікке мініп, ауруханаға бардым, әрі қарай вокзалға тарттым. Одан қайтып келдім. Неге өйтіп жүргенімді өзім де білмеймін... Бірінші курстың берекесіздеу баласынан не сұрайсың... Аялдамадан қашып, көлеңкені қуалап жүрген жұртпен сөйлестім. Әйтеуір әншейінде сол қолмен сүйкей салатын бір тұтам мақаланы ұзақ жазғаным есімде. Әлде жауапкершілік, әлде тәжірибесіздік... Бәлкім, өзіме зор сенім артқан Серік ағаны сыйлаған шығармын.
Мақаланы бітіріп алдына апарғанымда, Секең ептеп қана қалам тигізгені болмаса, көп өзгерткен жоқ. Өндірістік тәжірибедегі жетекшім әрі газеттің жауапты хатшысы, жаны жайсаң ағам Оңдасын Бектұрғанов беттеліп жатқан нөмірге салып жіберді. Ертеңіне, яғни, 1982 жылғы 31 шілде күні «Күн жанып тұрғанда» деген атпен жарық көрді. Серік ағам екеуміздің алғашқы және соңғы бірлескен шығармашылық жұмысымыз осы болған екен. Аралға тағы бір келгенде көрдім, ағам екеуміздің аялдамамыз шатырын қайта киіпті. Айттым ғой, бұл «Қармақпен» ойнауға болмайды деп...
Серік Сейітмағамбетовтің ақындық қуатына ешкім де мін таға алмас. Ол өмірді шексіз сүйді.
«Атар таң, сені аңсадым,
Айтарым саған бар менің», – деп әр таңды асыға күтті. Оның өлеңге ғашықтығы да өзгеше болды.
«Жаулап алды бойды ақындық дерт деген,
Мен де өзіңдей түн ұйқымды төрт бөлем», – деп өмірі қара өлеңді қадірлеумен өтті. Былайғы жұртқа байқала бермейтін тіршілік түйткілдеріне басқаша қырынан зер салды.
«Бір сәт атша тулады,
Жүрек шіркін бұлқынып.
Болмағанда жыл аты,
Болғандай ма жылқы ұмыт?!», – деп сол кез үшін тосындау ой айтты. Ол ғұмыр бойы Аралын аңсады, теңізін жоқтады.
«Шыным – бұл, айып етпеңіз,
Ұяла қолым ұсынам.
Жоғалғанына көк теңіз,
Кінәлі мендей қысылам», – деп ағынан жарылды. Сондай ізетті бола тұра, өзіне өктемдік көрсеткендерге тарпаң мінезін де таныта білді.
«Мықтымын деп жүргенде,
Мытып кетсем, не етер ең?!», – деп дөкірлерге дөңайбат, санасыздарға сес көрсетті.
Бәрібір жаны жұмбақ ақын ағаның ішінде бір белгісіз өкініш кеткендей көрінеді бізге. Оның мына өлеңінен байқаймыз:
Асыққанмен мұратқа,
Мінгендеймін құр атқа.
Қаншама өлең жазыппын,
Бірақ, бірақ, бірақ та…
Сол бірақ, бірақтың... ақыры қайыр болған сияқты. Бір перзенті әкесінің қолынан сусып кеткен қаламын жерге түсірмей қағып алып, мығым ұстап отыр бүгінде. Қаламгерлердің қасиетті қара шаңырағы «Қазақ әдебиеті» газетінің қызметкері Мәдина Серікқызының жазған-сызғандары көзіңізге шалына қалса, биыл өмірден өткеніне отыз жылдың жүзі болған абзал ағаның ақындық ғұмыры жемісті жалғасып жатыр деп біліңіз...
Бауыржан ОМАРҰЛЫ 
Пікірлер
Редакция таңдауы