БАУЫРЖАН СЕРІКБАЕВ: Жерімізге ие болудың жолы біреу ғана

2915
Adyrna.kz Telegram

Ресей депутаттарының әңгімесіне жауапты бердік. Енді осымен қою керек секілді. Қазақстанның ескі картасын көрсетіп, анау да, мынау да біздікі деген әңгімелер артықтау. Барымызға ие болайық.

Негізі жерімізге ие болудың, көз алартқандарға жауап берудің әдемі жолы - технократтық елге айналу. Болашақ осы салада. Байрактары болмаса Қарабақ соғысы да Әзербайжан үшін басқаша шешілуі әбден мүмкін еді. Қарау-жарақ шығара білмесе, 20 жылда әлемнің мықты 20 экономикасына қосылмаса, Түркия да көмек бере алмас еді. 1990 жылғы Қарабақ соғысының 30 жылдан кейін басқаша аяқталуы заманауи технологиямен күрескен әскердің күшінде жатыр. Біздің көз алдымызда XXI ғасырдың жаңа соғыс тактикасы жазылды. Оны да екі түрік мемлекеті жазды. Бұл факт. Қолдан келеді екен.

Қолдан келеді демекші түріктердің де бүгінгі күнге жетуі оңай болмаған. 1930 жылдары ұшақ шығарамыз деген ұмтылысын АҚШ тоқтатқан. Сол кездегі премьер-министрі "АҚШ-тан ұшақ сатып алу өзіміз өндіргеннен арзан түседі" деп жобаны жауып тастаған.

1960 жылдары "Деврим" атты көлік шығарғысы келеді. Оны да белгісіз себептермен жауып тастады. Әскери төңкеріс болды. Аднан Мендерес атты премьер-министрін дарға асты. Не көрмеген халық бұл түріктер.

1990 жылдардың соңында "Aselsan" атты ұялы телефон да шығарғысы келді. Оның түбіне коалициялық үкімет, оппозицияның талас-тартысы жетті. "Samsung барда Aselsan-ды кім сатып алады?" деген саясаткерлері де шыққан Түркия ғой бұл.

2000 жылдардың басында Ердоған келіп есін жиды. Иә, ол автократ. Бірақ демократия орнағанда лирасы құлдырап, 1 миллион лираға қоғамдық әжетханаға да кірген түкеңдер ғой бұл. 1990 жылдары Стамбул қаласында сасық иіс пен қоқыстан маска да таққан Түркия. Этаж үйлерге ішетін суды тұрғындар канистрмен тасыған Стамбул еді.

Бас-аяғы 20 жылда 26 жаңа аэропорт салды. Франкфурттың тасымал күшін тартып аламыз деп Стамбулда әлемдегі ең ірі аэропортты тұрғызды. Мыңдаған км жол мен тауды тесіп өткен тунелдер салды. Мармарай суасты метросын тұрғызды. "Aselsan" атты телефон шығара алмай дауласқан ел бүгін "Атак" әскери тікұшағын, "Байрактар" беспилотнигін шығара бастады. "Som" зымырандарын, әскери кеме өндіруді қолға алды. Қазір ұшқышсыз басқарылатын ұшақ, тікұшақ шығаруды көздеп отыр. 2023 жылы электр көліктерін шығармақшы.

Осы технологиялық сілкіністің арқасында Сирияда Ресейді тықсырды. Күрд мемлекетін құрамын деген АҚШ-тың жоспарын тоқтатты. Ливияда Европаның ойынын бұзды. "Ақ теңізде менің үлесім бар" деп Франция, Израильмен қарсыласты. Теңіз шекарасындағы дауда Ердоған өз позициясынан бір қадам артқа шегінбеді. Қара теңізден газ қорын іздеді. Тапты. Тағы іздеп жатыр.

Мұның бәрі Европаға, АҚШ-қа ұнамайды. Ұшағын сатып алатын момын Түркия әлдеқайда жақсы еді оларға. Не істейді батыс елдері?.. Жауабы қарапайым. "Түркияда демократия жоқ" деді. "Ердоғанды автократ" деді. Экономикасын қыспаққа ала бастады. Лирасын құлдыратты. Санкция салды. АҚШ түрік халқының демократиялық құқығын уайымдап шыға келді. Бұрын әскери төңкеріс арқылы қасарысқан түрік үкіметін оңай құлата салатын. Ердоғанды да сынап көрді. Халқы танкінің астына жатып президентін қорғап қалды.

Түрік халқы да империя құрып көрген, құндылығы қалыптасқан ел. Әзірге шыдап келеді. Ердоғанға соққы күшті Қарабақтан кейін Ресейден бастап батыстағы талай ел қарсы болары анық. Баяғы сол автократсың деп тиседі ғой әдеттегі. Оған бұқара қосылып кетсе Ердоған да құлайды. Соңынан Байрактар да ұзаққа бармайды-ау. Бірақ Ердоған да соңына дейін баратын лидер. Көрейік алда не болатынын.

Мұның бәрін неге айтып отырмын. Бізге де технологияға бет бұру керек. Оңай болмайды. Бірақ қажет. Қысым болады. Бірақ бір позицияда жұмылу керек. Біздің үкімет дайын ба? Үлкен сұрақ. Үкімет белсенсе сырттан келетін қысымға халық шыдап бере ме? Бұл одан да үлкен сұрақ. Жалпы ұлт ретінде мұндай қадамға пісіп-жетілдік пе? Түрлі ойын ойнатылғанда берілмейтін ішкі иммунитетіміз қалыптасып болды ма? Белгісіз. Бірақ ақырындап, бастау керек. Сатылап. Біртіндеп күшейетін жаңа жолды қалыптастыру шарт. Бұл заман, халықаралық шарттар мен мемлекеттік мүдденің талабы. Ояну керек.

Фото ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер