«Ақ жол» депутаттары қала маңындағы ірі елді мекендердің даму концепциясын қайта қарауды ұсынды

1952
Adyrna.kz Telegram

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Ақ жол» фракциясының депутаттары қала маңындағы ірі елді мекендердің даму концепциясын қайта қарауды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Елімізде соңғы жиырма жылда тұрғылықты мекенжайын ауыстырып, көшкендердің саны күрт өсті. Статистика комитетітінің есебіне жүгінсек, өткен жылдың бірінші жартысында 500 мыңнан астам Қазақстан азаматы ел ішінде қоныс аударған. Осының нәтижесінде Қазақстан қалаларында халық көп шоғырланған агломерациялар мен жаңа ауылдар пайда болды. Мысалы, соңғы 10 жылда Шымкент қаласының маңына 500 мыңнан аса халық табан тіресе, Шығыста Өскемен қаласының бұрынғы саяжайлары қазір 100 мыңнан асатын тұрғыны бар қала маңындағы ауылға айналды. Бұл урбанизация процесі еліміздің барлық облысына тән. Сарапшылардың пікірінше, ішкі миграция ары қарай өсетін болады», - деді депутат Берік Дүйсенбинов Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына жолдаған сауалында. Осы орайда ішкі миграция көптеген әлеуметтік мәселені туғызып отыр. «Астанамыздың айналасындағы тұрғындарының саны 25 мыңнан 50 мыңға дейін жететін жаңа ауылдарда әлі күнге дейін жастар бос уақытында басқосу өткізетін, спортпен шұғылданатын бірде-бір спортзал немесе мәдениет ошағы салынбаған. Жеңіс пен жеңілістің дәмін татпаған, спортпен шынықпаған, тәрбиесі кем болған жасөспірім рухани да, физикалық тұрғыдан да нашар, өзіне сенімсіз, осал болады. Өзі сияқтылардан топ құрып, қалтасына пышақ салып, қылмысқа баруының бір себебі де осы. Қараңғыда топталып көше кезбей, құрдастарымен бірге көкпар тартып, боз кілемде күресіп, алаңда футбол ойнап, спорттың ащы терін татқан бозбала қылмыскер болмас еді. Өйткені спорт деген – қарсыласын құрметтей білуді үйрететін тәрбие көзі... Осы орайда, бұл проблемамен тек құқық қорғау органдары ғана айналысып, оның шын себептері көленкеде қала бере ме?», - деді депутат. Бұл тұрғыда «Ақ жол» депутаттары ішкі миграция мәселесіне байланысты жергілікті әкімдіктер мен Үкіметті тиісті қадамдар жасауға шақырды. «Біздің ойымызша, қала маңындағы, ауылдардан келген жастарға қымбат, құны миллиардтан асатын салтанатты спорт сарайлары емес, қолжетімді, тегін істейтін спортзалдар, мектептердің мүмкіндігін пайдалануға жол ашуымыз керек», - деді Берік Дүйсенбинов. Осы айтылғандарды ескере отырып, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент агломерацияларының және облыс орталықтарын қоршаған ірі елді мекендердің даму концепциясын қайта қарау ұсынылды. «Ұлттық мүддені ескеріп және жергілікті тұрғындармен ақылдаса отырып, қала маңына орналасқан халық саны көбейіп келе жатқан ауылдарды қолжетімді, пайдалануға ыңғайлы, қарапайым мәдени және спорт обьектілерімен қамтамасыз етудің жаңа бағдарламасын қабылдауды сұраймыз», - деді депутат.

Пікірлер