Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Үкіметте өзін-өзі сынап, өз-өзіне ескерту жасады

1295

Бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Асқар Мамин Қазақстанның соңғы он айдағы әлеуметтік-экономикалық  дамуы туралы министрлер мен әкімдердің баяндамаларын тыңдады.

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов елдегі инфляция, яғни, қымбатшылық алдыңғы айлармен салыстырғанда ұлғайып, 7,1% жеткенін хабарлады.

Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев ұлттық валютамыз бір айда 0,2% құнсызданып, алдыңғы айда бір доллар 431,81 теңге болса, қазанда 432,66 теңгеге сатылғанын хабарлады. Досаев теңгенің құнсыздануын мұнай бағасы мен өткен аптада өткен АҚШ президентінің сайлауымен байланыстырды.

Ал, бюджеттің кіріс-шығысы туралы баяндама жасаған Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев он ай бойы бюджеттен алған ақшасын дұрыс игере алмаған министрлер мен әкімдер туралы ақпарат берді. Ең қызығы, Жамаубаев қаржыны дұрыс игермей отырған ең бірінші меморган ретінде өзі басқарып отырған Қаржы министрлігін атады.

 «Он айда республикалық бюджеттің шығыстары 11 трлн. 284млрд. теңгені құрады. 32 млрд. теңге атқарылмаған. Оның ішінде үнемдеу–8 млрд. теңге, игерілмегені –24 млрд. теңге. Қаржыны игермеудің неғұрлым ірі сомасы мынадай орталық мемлекеттік органдарда қалыптасты, олар -  Қаржы министрлігі – 2 млрд.теңге, Ауыл шаруашылығы министрлігі – 1,9 млрд.теңге, Әділет министрлігі – 1,6 млрд.теңге, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі –1,2 млрд.теңге, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі –1,1 млрд.теңге», - дейді Жамаубаев.

Осылайша, өзін-өзі «сынға алған» Ерұлан Жамаубаев қаржыны игермеудің негізгі себептері ретінде конкурстық рәсімдерді, шарттарды жасасу рәсімдерін ұзақ созу, орындалған жұмыстар актілерін ұсынбау, сотта мемлекеттің мүддесін қорғау жөніндегі талап-арыз жұмыстарының жүруі, нақты көрсетілген қызметтер көлемі, орындалған жұмыстар үшін ақы төлеудің ұзаққа созылау сияқты факторларды атады.

«Ал, жергілікті бюджеттердің шығыстары 6,4 трлн. теңгені құрады. Атқарылмағаны -128 млрд. теңге. Биыл өңірлерге 2,3 трлн.теңге сомасында нысаналы трансферттер көзделген.  Алдын ала мәліметтер бойынша оларға1 қарашаға 1,7 трлн.теңге бөлінді. Олардың 98,2%-і игерілген. Атқарылмағаны -31 млрд. теңге, оның ішінде 7 млрд. теңге үнемделді, 24 млрд.теңге игерілмеді. Ақтөбе облысында – 3,2 млрд. теңге, Алматы қаласында – 3 млрд. теңге, Солтүстік Қазақстан – 2,5 млрд. теңге, Батыс Қазақстан – 2,3 млрд. теңге, Түркістан облыстарында – 1,9 млрд. Теңге игерілмей қалған», - дейді Ерұлан Жамаубаев.

Осылайша, Премьер-министр алдында есеп жасаған Қаржы министрі қайта айланып келіп, осы министрлер (соның ішінде, өзіне) мен әкімдерге ескерту жасады.

«Қаржы жылының аяқталуына дейін аз уақыт қалды. Осыған байланысты, орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар жоспарланған қаражатты ғана емес, сондай-ақ Үкімет резервінен бөлінген ақшаны да игеруді жеделдетуі қажетекенін еске саламын», - деді Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.

Ерке Жомарт,

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы