Жұма, 30 қазан күні Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин “Ақтөбе медициналық орталығы”, Мәртөк, Қарғалы аудандық ауруханаларының бас дәрігерлеріне мобильді диагностикалық кешенді 6 көліктің кілтін табыстады. Аймақ басшысы өңірімізге алғаш рет жеткізіліп отырған кешен ішін аралап, жабдықтармен танысты. Көшпелі жағдайдағы зерттеулердің кең спектрін жүргізуге арналған медкешен заманауи рентген және флюрография бөлімі, ЭКГ-12 арналы аппарат, гинекологиялық тексеруге арналған кресло, қан сақтауға арналған тоңазытқышпен қамтылған. Сондай-ақ, шұғыл жағдайда босандырып алу мүмкіншілігі қарастырылып, мүгедек азаматтардың кіруіне арналған автоматты түрде көтерілетін пандус орнатылған. Заманауи жылжымалы кешен Қостанай қаласында “СарыарқаАвтоПром” ЖШС-де құрастырылған. Денсаулық сақтау басқармасының басшылығы алдағы уақытта мұндай көліктердің санын арттыру қажеттілігі туындаған жағдайда министрлікке ұсыныс әзірлемек.
Бұдан соң Оңдасын Оразалин қаладағы медициналық мекемелердің жай-күйін бақылап, дәрілік қордың жеткіліктілігін тексерді.
Ақтөбе облыстық жұқпалы клиникалық ауруханасында болды. Сондай-ақ, “Мамандандырылған емдеу - алдын алу кәсіпорны" МКК- де жүргізілген күрделі жөндеудің сапасын бақылады. 130 орынға арналған медициналық мекеме ғимараты биыл күрделі жөндеуден өткен. Аурухана пандемия өршу қаупі туындаған жағдайға толық әзір. Бетперде, дәрі-дәрмек, залалсыздандырғыш құралдармен толық қамтамасыз етілген. Облыс әкімі “СК Фармация” компаниясына қарасты дәрі-дәрмек сақтау логистикалық қоймасында болды. Қоймада құны 3 млрд-қа жуық тг қаражатқа алынған дәрі қорлары сақтаулы. Мұнда Covid-19 күресуге арналған препараттар толығымен жеткілікті. Ақтөбе облысы бойынша “СК Фармацияның" өкілі Нұрлан Жұбанышов облыс әкіміне дәрі- дәрмек қорының жеткілікті екендігін айтты. Қойма Ақтөбе облысынан өзге Батыс өңірін дәрілік препараттармен қамтамасыз ете алады.