Қазақстан туристік елдер рейтингісінде аутсайдер атанды

702

Қазақстан туристік ел ретінде әлі артта қалып келеді. Әлемдегі саяхат жасау үшін ең танымал елдердің рейтингісінде 2020 жылы Қазақстан 73 елдің ішінде 70-орынға ие болды.  Бұл көрсеткіш US News & World Report  жыл сайынғы басылымының зерттеуі негізінде анықталды. Рейтингте Қазақстан  Катар, Оман және Сауд Арабиясын артта қалдырды. Ал былтыр еліміз 80 елдің ішінде 72-ші орынға жайғасқан еді.

Мемлекеттер 5 санат бойынша сарапталды: көңіл көтеру, адамдардың қарым-қатынасы, жағымды климаты, табиғаты және сұлулығы. Қазақстан қарым-қатынас (100-ден 10,7 балл) және табиғат көркемдігі  (100-ден 10,4 балл) санаттары бойынша жақсы нәтиже көрсетті. Ал климаттың жағымдылығынан  бар болғаны 100-ден 1,4 балл жинай алды.

Пандемияға байланысты шекаралардың жабылуы саяхаттауға кедергі келтіріп, туристер санының азаюына әкелді. Қонақ үйлер, кемпингтер, туристік лагерлер, демалыс үйлері, пансионаттар сияқты орындардың табысы 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында небәрі 28 миллиард теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,8 есе аз көрсеткіш. Жалпы алғанда, 2019 жылы сектордағы қызметтер көлемі 120,5 млрд теңгеге жеткен. Бұл 2018  жылмен салыстырғанда 15,9% -ға көп.

Көрсетілген қызмет табысы

Туризм саласы бойынша Алматы (8,3 млрд теңге) мен Нұр-Сұлтан (5,8 млрд теңге) қалалары көш бастап тұр. Екі астананың жиынтық үлесі Қазақстан Республикасының жартысынан астамын құрайды.  Келесі кезекте Ақмола және Атырау облыстары  айтарлықтай нәтиже көрсеткен (әрқайсысы 1,9 млрд теңге).

Туристер саны

2020 жылдың қаңтар-маусымында 1,4 миллион туристке қызмет көрсетілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,8 есе аз. Қызмет көрсетілген келушілер саны бойынша Алматы (353,2 мың адам) және Нұр-Сұлтан (191,7 мың адам), сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысы (134,8 мың адам) көш басында.

Мәжіліс депутаты Шавхат Өтемiсовтің есебінше, бізде жылына 6,5 млн адам iшкi туризм қызметiн пайдаланса, шетелге шығатындар саны 9 милионнан асады. Бұл пандемиядан бұрынғы статистика бойынша.

– Туризмнің ішкі жалпы өнімдегі үлесi 1,6%. Оның ішінде iшкi туризмнің үлесi 1%-дан аз. Қазақстанның мүмкiндiктерiн пайдалана алмай отырмыз, – дедi ол.

Депутаттың пайымдауынша, бізде iшкi туризм – қымбат. Кейде шет елде демалған әлдеқайда арзанға шығады.

– Туристiк өнiм бағасы шарықтап тұр. Бәсекелестiктi дамыту керек. Ұсыныс көп болса, баға төмендейдi. Қызығушылық болмаса, табыс көзi айналмайтынын компаниялар түсiнуi керек, – дейдi Шавхат Өтемiсов.

 

Экологтар рейтинг қорытындысымен келісе ме? Туристік орындардың хал-ахуалы қандай?

Қайрат НҰРХАН, ЭКОЛОГ МАМАН:

- Туристік ел ретінде бізде шешілмей келе жатқан 3 мәселе бар:

  1. Жол құрылыстарының аяқталмауы
  2. Жатар орын мен тамақтың қымбаттығы
  3. Сервистік қызметтің төмендігі

Маманның айтуынша, билет, жолдама жағы арзан болғанымен, жатар орын мен тамақтың қымбаттығынан бізде туристер саны әлі де аз. Ал шетелге 2-3 мың долларға барып, демалып келуге болады. Бірақ ол жақтың туристік қызметі әлдеқайда арзан болады.

- Алматы облысы, Алакөл ауданында Ақши деген демалыс орны бар. Жанындағы қоршалмаған жардан 17 жасар қыздың құлап, өлім құшқан жағдайын да естідік. Туристік орынның құрылысына 5 млрд теңге бөлінген. Ақшаның қайда кеткені белгісіз. Қоршалмаған жар әлі сол қалпында тұр. Туристік  саланы дамыту үшін семинар, флешмобтарды өткізуге қарағанда инфрақұрылымды нығайту әлдеқайда тиімді.

Туристік агенттік өкілдері не дейді?

Атын атамауды сұраған агенттік демалыс орындарындағы қызметтің қымбаттығы тікелей саясатқа байланысты деп отыр. Жатын орын, қызмет бағасы мемлекет тарапынан қойылатын көрінеді. Демек, баға тұрақтылығына агенттік те, демалыс орны да әсер алмайды.

Туризмді дамыту тікелей халықтың сұранысына да, агенттіктердің ұсынысына да байланысты екенін білдік. Жоғарыда аталған  шикіліктерді ескерер болсақ, 73 елдің арасында 70-орынға да қанағат тұтуға болатын секілді. Сіз қалай ойлайсыз?

Аяулым ӘБІЛДА,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы