Алматының бас санитар дәрігерінің жаңа қаулысы шықты

3182
Adyrna.kz Telegram

Мегаполистің бас санитар дәрігері карантин шараларын жеңілдету туралы қаулыға түзетулер енгізді. Енді қаладағы дәмханалар түнгі он екіге дейін жұмыс істейді

Алматыда қоғамдық тамақтану орындарының жұмыс уақыты ұзарды. Сондай-ақ, қаладағы театрларға залдың тең жартысын толтыру арқылы жұмыс істеуге рұқсат берілді. Бұл жайында Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшиннің қаладағы карантинді жеңілдетуіне қатысты жаңа қаулысында айтылған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Театрлар қызметіне кірісу үшін нысандарды infokazakhstan.kz сайтында тіркеуден өткізу керек.

Сондай-ақ, мәдениет нысандары күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режимді қатаң сақтайтын болады. Залдың ішіндегі орындықтар санының тең жартысын ғана толтырып жұмыс істеу барысында адамдарды отырғызу және әлеуметтік арақашықтық ескеріледі.

Қызмет көрсету саласының жұмыс уақыты ұзарды

Қаулыға сәйкес, жеке тұрған ғимараттарда орналасқан қоғамдық тамақтану нысандары (асхана, кофехана, дәмхана) 05:00-ден 00:00-ге дейін жұмыс істей алады. Алайда бұл жерде ұжымдық іс-шара өткізуге болмайды. Сонымен қатар осы уақыт аралығында өзімен бірге алып кету және жеткізу қызметіне рұқсат етілген.

Сондай-ақ, көлікжуу, жеңіл автокөліктерге техникалық қызмет көрсету станциялары, шиномонтаждық учаскелер, тұрмыстық техниканы жөндеу, аяқкиім шеберханалары, химиялық тазалау, кір жуу орындарының жұмыс режимі ұзартылды. Енді олар 10:00-ден 00:00-ге дейін жұмыс істей алады.

Ал қаланың қоғамдық денсаулық басқармасы дене қызуы жоғары адамдарды дифференциалды диагностика мен емдеу үшін инфекциялық стационарға анықтаманың бар-жоғына қарамастан жатқызады.

Коронавирустың бар-жоғын анықтайтын сынақтың нәтижесі оң шыққан науқастар арнайы стационарға ауыстырылады.

Қаулының толық мәтіні Алматы қаласы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің сайтында жарияланды.

Қаулы 6 қазан сағат 00:00-де күшіне енеді.

Пікірлер