Талақшыл имамға тосқауыл жоқ па?

2985
Adyrna.kz Telegram

Қазанның 3 ші жұлдызында Құлсарыда, орталықта орналасқан «Дәулет» мейрамханасы жанында тосын оқиға орын алды. Қолдарында автомат, алабажақ киінген спецслужбаның қызметкерлері жазықсыз жанды ұстап қолына кісен салды. Полиция қызметкерлері Атырау облысы Ішкі Істер Деартаментінен келген. Шамасы, 2-3 күн бұрын келіп жемтігінің қақпанға түсуін тосып жатқан сыңайлы деп жазады Сарман МӘЛІК Facebook әлеуметтік желісінде.

«Естеріңізде болса, жақында әлеуметтік желіге «Алаяқ имамның әрекеті» деген мақала кеңінен тараған болатын. Мақалада Серікбай есімді азамат алаяқ имамның арам пиғылды іс-әрекетін толық әшкерелеген. Мақала Ақтөбе облысында мешіт ұстап отырған 27 жасар имам Сабырғалиев Нұрлыбек жайында болатын. Ол имам өзіне чат ашып алып, бойдақ қыз-келіншектермен әңгіме-дүкен, сұхбат құруды әдетке айналдырған екен. Көзі түскен сұлу қыздардың басын айналдырып, тоқал қылып некесін қидырып, кафелерден суарып, қонақ үйлерге апарып түнетіп, шаруасын бітіріп, көп кешікпей талақ беріп құтылып кете береді екен. Яғни, зинаны халалдандырып жүрген алаяқ, зинақор имам кезекті сұлуын құшуды жоспарлап Құлсары қаласына да келіп жеткен. Бұл жолы сұр мергеннің жебесі Байгуршимов Рашит есімді азаматтың апасын көздеген екен. Екінші әйел қылып алатын болып қыздың әке-шешесінің рұқсатын алған. Мешіт ұстап отырған имамға кім күмән келтіреді?

Р.Байгуршимов ағайын тумаларын жинап, мал сойып, қонағасын беріп, әлгі имам мен апасының некесін қидыртқан. Некесі қиылған имам сол күні Ақтөбеге кетіп қалып, ертесі күні некеленген жарына автоматты түрде талақ берген. Себебі, қыздың айналасы көп екен, ертеңгі күні жауапкердің сұралатынын сезген имам қулығын асыра алмайтынын сезіп Жылыойдан табанын жалтыратқан. Бұл абыройдан айыру! Ағайын-тума алдында аманатқа қиянат жасау, ердің басын жерге қарату, мазақ ету! Р.Байгуршимов Ақтөбе облысы өкіл имамына, кейін ҚМДБ, муфтиятқа хабарласқан.

Болған жайттарды көршісі Серікбай әлеуметтік желіге жариялаған. Р.Байгуршимов алаяқ имамды Құлсарыға шақыртқан. Имам шақырған жеріне зорға дегенде келіп кешірім сұраған. Айыппұлына 1 млн тг беретін болып келіскен, құшақтасып қол алысқан. Және әлеуметтік желідегі өзі туралы шыққан мақаланы алып тастауын сұраған. Р.Байгуршимов алаяқ Нұрлыбекті ұрмаған, соқпаған, тіпті дауыс көтеріп зекімеген. «Иілген басты қылыш кеспейді» деп, кешірім берген. Имам өз еркімен халықтан, муфтияттан кешірім сұраған, ол бейнетаспаны Р.Байгуршимовке өзі түсірткен. Ақтөбеге жетіп алған имам: «Р.Байгуршимов мені ұрып соқты, достары жабылды, ақша бопсалады, қорқытып бейнетаспаға түсірді» деп, Атырау облысы ІІД не арыз жазған. ІІД алаяқ имамды өз қорғауларына алған. Араға уақыт салып алаяқ имам Р.Байгуршимовке ватцап арқылы хабарласып, «ақшаны бермеймін, біресе беремін» деп Р.Байгуршимовты әдейі ызаландырған.

Р.Байгуршимов: «негізінде маған сенің ақшаң қажет емес, 1 млн ақша беремін деп айтқан өзің, мен тіліңнен тартпадым, ең болмаса кеткен шығынды өтесең болды, бар ақшаңды «Харекет» қорына аударып жібер де, маған түбіртегін көрсетсең болды» деген. Алайда, алаяқ имам полициямен бірігіп, Р.Байгуршимовты торға түсіруді ойластырып, келісімшартқа отырады. Алаяқ имам Р.Байгуршимовке: «сөйлесейік, хабарласайық, тиынды беріп тастайын» деп қайта-қайта байланысқа шығады. Р.Байгуршимов: «Харекет» қорына салып жібер немесе жоқ-жітікке бер» дейді. Алаяқ имам: «қолыңа беруді жөн көрдім» деп мүләйімси қалады. Себебі, алаяқ имамның сасық жүрегінде үлкен қулық, шайтани зұлымдық жасырынған еді. Полициялар алаяқ имамның қолына ұнтақ қосылған купюр ақша беріп, алаяқты іске дайындайды.

Сол ойларын іске асырмақ болған біріккен топ Р.Байгуршимовты «Дәулет» мейрамханасы жанындағы «Мятоға» шақырады. Ойында дым жоқ Р.Байгуршимов келеді. Алаяқ имам Р.Байгуршимовке полиция дайындаған 300 мың жалған ақша ұсынады. Р.Байгуршимов ақшаны санап алады. Дәл сол кезде арнайы тосып, жасырынып дайын тұрған спецслужбаның қызметкерлері келіп Р.Байгуршимовтың қолына кісен салады. Бейнетаспаға түсіру арқылы манағы өздерінің дайындаған жалған ақшаларын санап, Р.Байгуршимовты Атырауға алып кетеді. Істің мән-жайы осынай. Бұл таза қақпан! Алдау-арбау арқылы еріксіз қолға түсіру! Жала жабу! Ертеңгі күні дәл осы оқиғаны ІІД гі хабаршылары бұрмалап тұрып басқаша айтып, халықты жалған ақпаратқа сендіреді. ҚМДБ құрамында дәл осындай басына сәлде таққан, екіжүзді, арсыз агенттер бастан асып жығылады. Сақ болыңдар, ағайын!»

P.S Жастарға түзу, иманды жол көрсетеді деп сенген имамдарымыз мынадай әрекетке барып жүргені рас болса, "Құдайдың берген жазасы" демеске лаж жоқ шығар. Бұл қалай? Әр қызды тоқал етіп, талақ етіп тайраңдаған иамамның қолдаушысы кім? Тиісті мекемелер мен құзырлы орган имамға қатысты осы мәселені бақылауға алып, анық, қанығын анықтайды деген сенімдеміз.

«Адырна» ұлттық порталы.

Фото дереккөзден алынды.

Пікірлер