Анталиядағы саябаққа ұлы Абайдың есімі берілді

543

Абай Құнанбайұлының есімі енді Анталия қаласында сәулет бейнесінде мәңгі сақталады Себебі ұлы ойшылымыздың туғанына 175 жыл толуына орай шаһардың қақ ортасында саябаққа Абай есімі беріліп, ақынның мүсіні бейнеленген ескерткіш тақтасы орнатылды.

Саябақтың Анталияның Мұратпаша ауданында ашылуы бекер емес. Өйткені тап осы ауданды отандастарымыздың басым бөлігі мекендейді. Сондай-ақ Мұратпаша – түрлі мәдениеттер мен ұлттардың тоғысқан жері.

Еліміздің Түркиядағы елшілігі, Анталия консулдығы, Қазақстан және Еуразия халықтарының достық пен мәдениет қауымдастығының бастамасымен өткен шарада Абай шығармашылығынан белгілі өлендері оқылып, ән-күйі шырқалып, кітаптары сыйға тартылды.

Анталия тұрғындары мен қонақтарына түрік тіліне аударылған Абай шығармалары тарту етілді.

Айта кеткен жөн, Түрік жұртының Абай атамызға деген ықыласы ерекше. Сондықтан болар, елдің ірі қалаларындағы даңғылдар мен саябақтарға ақынның есімі беріліп, Анкара мен Ыстамбұлда ескерткіші бой көтерген.

Абзал САПАРБЕКҰЛЫ, ҚР Түркиядағы елшісі:

Түркі әлемінің ұлы перзенті Абай – қазақ халқының темірқазығы. Сондықтан Ұлы ақын мұрасының бауырлас елде ерекше дәріптеліп жатқаны – біз үшін үлкен қуаныш. Себебі қазір айтып жүрген интеллектуалды ұлт қалыптастыру идеясы Абайдан бастау алды деуге болады. Сондай-ақ Абайдың шығармаларындағы идеясын қазіргі заманымыздың жол картасы десек кем болмайды.

Үмит УЙСАЛ, Муратпаша ауданы мэрі:

Ел мен елді, халық пен халықты Абай секілді ғұламалардың пікірлері жақындастарды. Сондықтан екі бауырлас жұрт ретінде саябаққа Абай Құнанбайұлының есімін беру – қазақ және түрік халықтарының рухани әрі мәдени жақындығын көрсететін маңызды іс-шара. Туыстас ұрпақтары ретінде оған құрмет біздің борышымыз.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы