Театр әртістері неге депутаттарды сынамайды?

1606

Депутаттарды әлімсақтан халық сынап-мінейді. Баршаға аян себебін санасақ, есепке саусағымыз жетпейді. Бірі халыққа жаны ашымайды десе, бірі олардың қазақша сөйлей алмайтындығын айтады. Себеп көп, дерек дөп. Ашты әжуамен қоғамның кемшіліктерін жіпке тізетін әзілдің майталмандары неге депутаттарды атын атап сынамайды? 

Жалпыға айтылса, ешкімге жауапкершілік артылмайды. Демек, айтылған сөз ауаға босқа жұтылады. Бұл туралы белгілі журналист Нартай Аралбайұлы өзінің инстаграм парақшасында тікелей эфирде “Шаншар” театрының директоры Уәлибек Әбдрайымовтан сұрады. 

Әбдірайымов бұған дейін жас әнші-актерлерді сынағаны бар. Әзілмэннің әлі жеткені жастар ғана болып, шекпенділерге шамасы келмегені ме?

Уәлибек аға бұған дейін де депутаттарды қызметіне байланысты тікелей  атын атап сынап көрген де екен. Бірақ айтуынша, онысы адамның жеке басына қолсұғушылық екенін ескермеген. Сондықтан мұндай тақырыптардан алыс жүреді. Иә, атын атап “жамандау” арқылы опа таппайсың. “Сен сондайсың” деп бетке басқан күннің өзінде депутатымыз өзінің қаншалықты патриот екенін дәлелдеп шыға алады. Ол үшін небір амалдарын қолдана алады. Келісесіз бе?

Халық әншілердің фонограммамен ән салатынын біле тұра сол кешке неге барады? 

Абдраимовтың қатты қынжылатыны фонограмма мәселесі. Әншілерге тиісуі де осыған байланысты болған. Ол халықты ақымақ қылған “өтірік” дауыстың заң аясында бекітілгенін қалайды. Бұрынғы Мәдина, Роза, Мақпалдардың жанды дауыспен шырқап жүретін кездерін сағынышпен еске алды. 

Халықтың санасы көтерілмей фонограммамен айтатын әнші азаймайды. Өкініштісі, халық фонограмманың болатынын біле тұра концертке барады. Сондықтан көпшілік бұл мәселеде саналы түрде әрекет етуі керек. Қытайда мұндайларды халықты алдаған ұры ретінде жазалайды. Ал бізде оларға ешқандай тұсау болмай тұр. Қолымнан бар келетіні: театрдың концерттерінде әншілерге әнді шынайы дауыста ән салуын талап етемін.

Уәлибек Әбдірайымов саясатқа келуі мүмкін бе?

Мен саясаткер емеспін. Ауылдың баласы болғасын “Ауыл” партиясына тіркелгем. Партия егер депутаттыққа адам ұсынар болса, өнер саласының мәселелерін көтертуге барымды салар едім.

Қазақ қалжыңының сапасын қалай көтереміз?

Тіл дамымай, ұлттық қалжың дамымайды. Бір әзілді журналист, филологтар мен Политехті бітіргендерге айтар болсаң, алғашқылары  ғана күледі. Шет тілде оқыған техниктерге қазақы тілдің қаймағын түсіну қиын.  Сондықтан ауызекі сөйлеуімізде көбірек қазақша сөйлеуіміз керек. Көп сөйленсін қазақ тілі!

Театр майталманының сөздері түсінгенге ой салар. Сіз қалай ойлайсыз? Әртістердің мінбердегілерге “ауыз салуы” ақтала ма?

Аяулым ӘБІЛДА,

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы