ШАЛҚАР НҰРСЕЙІТОВ: Институт Евразийской Интеграции "политологтарына" көмек

2278
Adyrna.kz Telegram

Беларусьтегі саяси жағдай аналЬтика мен құсық посттар арқылы "бақытқа" ұмтылушы қазақстандық псевдополитолог һәм блогер-сымақтардың плинтустан да төмен деңгейін тағы бір рет көрсетті.

Тоқаев Лукашенконы құттықтағаннан кейін Еуразиядағы интеграцияны "зерттеушілер" "Батька красавчик!”, “Фейсбукта пост жазу — саясатпен айналысу емес, саясатқа тәжірибемен келу керек” дегеннен артық ештеңе жаза алмады. Олардан одан басқа нәрсе күтудің өзі де артық болар еді.

“Мемлекетшілдердің” өмірлік ұранына айналған “Сынайтын болсаң, онда басқа нәрсе ұсын” дегенін ескеріп, байғұстарға өз посттарында қолдану үшін салыстырмалы түрде аз құсық туғызатын келесі зашквар аргументтерді ұсынамын:

- Беларусьте мыңдаған адамның көшеге шығуы саяси мәдениеттің жоғары деңгейі емес. Митингішілер Лукашенконы қолдаған 80% электоратқа құрмет көрсетпей отыр. Лукашенконың 80% электораты конституцияға, заңға құрмет көрсетіп көшеге шықпай отыр. Олар көшеге шықпай мәдениет сақтап отыр. Олар көшеге шықса, қазір көшеде жүрген наркомандар мен алқаштардың үні өшер еді. Олардың ондай мәдениетсіздік танытпайтынына сенемін.

- Бельбасы Қазақстанды дамыған елдің қатарына кіргізу үшін демократия деген иллюзияны елемей, бізді 30 жыл басқарған елбасының салиқалы өмір жолынан сабақ алған сияқты. Сол себепті ол Беларусьтегі бейбіт өмірді сақтап қалу үшін барын салады. Солай болуы керек те. Фейсбуктегі азшылықтың шуынан көпшіліктің таңдауы артық. Беларусьтегі жағдайға қарап отырып, елбасы көреген патша екеніне тағы бір рет көз жеткіземіз.

- Светлана Тихановская өміріне ешқандай қауіп төнбесе де, КГБ оның бір тал шашына тиіспесе де, ЦИК-те қысым көрсетпесе де, отбасы мен балаларына тиісеміз деп қорқытпаса да халықты лақтырып, Литваға қашып кетті. Саясатта жауапкершілік ала алмаған адам жеңіске жетпейді. Осыдан кейін жеке басын ойламай, жауапкершіліктен қашпай, 10 млн беларусьті бақытты қылу үшін барын салып жатқан Лукашенконы қалай жек көруге болады?

- Беларусьтегі қазіргідей наркоман мен алқаштардың шеруінің алдын алуға болар еді. Лукашенконың айналасындағы кеңесшілер дарынсыз екен. Былтыр бағымызға біткен қазақстандық саяси элита Ұлттық сенім кеңесін құру арқылы елдегі бейбіт өмірді сақтап қалды. Е.Карин секілді нағыз мемлекетшіл, сұмдық стратег саяси технологтар барына шүкір. Лукашенконың кеңесшілеріне Кариндей мың жылда бір туатын тұлғалардан үйренетін нәрселер өте көп.

- Тихановская елді тастап қашып кетті. Қосанов құрлы болмады. Қосановты қанша жек көрсеңдер де, ол кісі жеке амбициясын ұлт тағдырынан жоғары қоя білді. Оны саясаттан хабары жоқ, саясатты Фейсбукте пост жазу деп түсінетін тобыр қайдан түсінсін?!

- Наркомандар мен алқаштар Минскте толып жүр. Беларусь милициясының деңгейі біздің полицияның деңгейіне жетпейді екен. Беларусь милициясына намыс жетпей жатыр. Басына шығарып алған халықты. Керек болса, Ася Тулешовадан оңбай зәбір көрген қазақтың намысты полицей жігіттері сияқты активисттерді сот арқылы орнына қою керек.

- Беларусьтегі жағдайдан сабақ алуымыз керек. Сыртқы жаулар аңдып отыр бізді. Ресей мен Қытайға жем болмауымыз керек. Біздің Қазақстаннан басқа отанымыз жоқ. Елбасы айтқандай, Қазақстан әлі демократияға дайын емес. 18 млн америкалықты қайдан аламыз? 30 жыл ел басқарған, Лондонда үй-жайы, оффшорда шоты бар, аралдарда яхтасы бар өркениет пен батыс көрген саяси элита демократияға дайын. Ал аудан орталығынан ары шықпаған халық оған дайын емес. Мәселеге терең қарауымыз керек. Саясат — ойыншық емес.

- Беларусьте сайлаудан кейін 3000–дай адам ұсталды. Ал былтыр Қазақстанда 4000-дай адам ұсталды. Демек, Қазақстанның ОМОНы керемет жұмыс істейді. Осындай ОМОН тұрғанда ұйқымыз тыныш болатынына сенемін. Сол үшін шүкір деуіміз керек.

Сіз қандай зашквар аргумент ұсынар едіңіз?

Шалқар Нұрсейітовтың жазбасынан

Пікірлер