Тобықты елінің ұрпақтары Абай туралы не біледі?

839

Тобықты елінің ұрпақтары атаға жете туды ма, өте туды ма?

Еліңнен мықты тұлғалар шығып жатса, неге мақтанбасқа?

Абайды дүниеге келтірген Тобықты ұрпақтарының өмірі, тыныс-тіршілігі зерттеуші қауымды, журналистерді, жалпы халықты үнемі қызықтырады. Қазіргі буын атасына жете туды ма, жоқ өте туды ма? Бұл көзі қарақты көрермен мен сыншыл оқырманды үнемі мазалайтын сұрақ. Осы орайда “Адырна” ұлттық порталы Тобықты елінің талантты қызы Закария Әлиямен сұхбаттасты. Әлия қазіргі таңда Сулейман Демирель университетінде қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 4-курс студенті. Абай өлеңдерімен сусындап өскен Әлия Абайдың 200-ден астам өлеңі мен 10 қарасөзін жатқа біледі.

- Әлия, ұлы Абаймен туыстығыңыз жайлы толығырақ айтып беріңізші?
- Абай менің тікелей атам емес. Менің Кішік деген он екінші атамнан бері қарай Абаймен туыстығымыз ажырайды. Біз бәйбішеден тарасақ, Абайдың аталары тоқалдан тарайды. Бірақ бір Тобықтының ұрпағы екендігіміз рас.
- Алғаш рет Абайдың ұрпағы екеніңізді қашан білдіңіз? Білген сәтте  қандай сезімде болдыңыз?
- Ол бір қызық оқиға болды. Мектеп кезінде қыз сыны байқауына қатысатын болдым. Маған жеті атаңды жаттап кел деді. Менің жеті атам Абай Құнанбаев, Шәкәрім Құдайбергенұлы, мен солардың туған жылдарын біліп алуым керек екен деп ойламаймын ба? Сөйтсем үйдегілер олар сенің жеті атаңа жатпайды, жеті ата деген бөлек болады деп түсіндірген еді. Содан кейін аталарымды тізіп жазып, жаттатқан болатын. Ата-бабаммен алғаш рет осылай таныстым.
- Абай ұрпағы екендігіңіз пайдасын я зиянын тигізген кездері болды ма?
- Пайдасы болмаса, еш зиянын көрмедім. Қалың Тобықтының арасында жүргенде білінбейді, бірақ Алматыға келіп, жаңа адамдармен танысып, ру сұрасқанда  арғын-тобықтымын десем,  “Сен сонда Абаймен байланысың бар ма? Бәсе, сен неге осылай шешен сөйлейді десем. Қаныңда бар қасиет екен ғой”  деп таңғалып жатады. Қазақ мақтануға шеберміз ғой. Осындай кезде бір мақтанып қалатынымыз рас. Еліңнен мықты тұлғалар шығып жатса, неге мақтанбасқа?

- Абай туралы біз білмейтін қандай фактілер бар? Ауыл ақсақалдарынан естіген әңгімелеріңізбен бөлісе аласыз  ба?
- Қалай айтсам екен, әркім әртүрлі айтып жатады. Қазіргі таңда абайтанушылардың тарапынан ақынның шығармашылығы да, өмірі де бүге-шүгесіне дейін толықтай зерттеліп, қалың көпшілікке ұсынылған. Оқырман Абаймен толықтай таныс. Сондықтан Абай өмірінің мына бір тұсы қалып кетті деп анау айтқандай жаңалық айта алмаймын.
- Қазіргі таңда Абай жайлы жасалған зерттеулер көп. “Абай жолының” өзі шоқтығы биік туынды. Бірақ осындай еңбектердің шынайы өмірдегі шындықпен сәйкес келмейтін тұстары бар ма?
- Көпшілік оқырман қауым “Абай жолы” шынайы жазылған, Абай өмірі солай болған деп жатады. Алайда шынайылыққа негізделгенімен, ол да көркем шығарма. Басынан аяқ Абайдың өмірі солай өткен деу қате. Адамдардың көпшілігі романдағы оқиғалар көркем туынды екенін ұмыт қалдырып жатады. Оқырман қауым осыны түсінсе деймін.
- Ақын Абай секілді ақындыққа бет бұрған кезіңіз болды ма?
- Мен ешқашан өлең жазып көрмеппін. Бірақ мен туып өскен ортада, мен оқыған сыныпта өлең жазуға бейімділері көп болатын. Тобықты сөзге келгенде шешен келеді ғой. Атама осы жағынан ғана тартпасам, басқа қасиеттерім туралы өзім баға беріп айта алмаймын. Оны сырт көз сыншыдан сұрау керек.
- Тобықты елінің ерекшеліктері туралы айтып беріңізші.
- Біз жақта бір қызығы, бала беске келіп, тілі шыға бастағанда Абайдың “Әсемпаз болма әрнеге”, “Ғылым таппай мақтанбасын” жаттата бастайды. Ақынның бұл өлеңдерін еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін жатқа біледі десем болады. Сонымен қоса, біздің елде Абайды білмеген ұят деп саналады. Мектепте жүргенде Абай өлеңдерін жарыса жаттайтын едік. Ең аз жаттаған оқушының өзі ақынның 25-40 өлеңін біледі.
- Қазіргі Тобықты жанұясының қандай ерекшелігі бар?
- Отбасымызбен қарапайым ас ішіп отырғанда міндетті түрде Абай туралы сөз қозғалады. Өлеңдерін талдап, үнемі пікірталастырып отырамыз. Әкем кітапты өте көп оқитын адам. Маған бағыт-бағдар беріп отыратын да сол кісі.
- Әдебиет саласын таңдауыңызға ақын атаңыз әсер етті ме?
- Кішкентайымнан ақынның өлеңдерін жаттап облыстық, республикалық үлкен сахналардан көрініп жүрдім. Әдебиет саласына келуім Абай оқуларына қатысып, ақын өлеңдерімен сусындап өскендігімнің әсері деп ойлаймын.
- Болашақта Әлияны қай саладан көреміз?
- Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің маманы ретінде көресіздер. Абайдың ашылмаға сырлары өте көп. Сондықтан абайтанумен айналысуым да әбден мүмкін.
- Тамаша! Болашақта таңдаған салаңыздың майталманы болуыңызға тілектеспіз!
- Рақмет!

 

 

Аяулым ӘБІЛДА,

“Адырна” ұлттық порталы

 

Пікірлер
Редакция таңдауы