Эльмира ЕШНИЯЗОВА: Қайырымдылық жасауға халықтың өзі итермелеп жіберді

6055
Adyrna.kz Telegram

Эльмира Ешниязованы Instagram желісін белсенді қолданатын желі оқырмандары жақсы таниды. Қазақтың қайсар қызы бар уақытын жақсылық жасауға арнап жүр. Бүгінде оның жеке қайырымдылық қоры бар. «Адырна» ұлттық порталы қоғам белсендісімен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынады.

- Эльмира ханым, дүйім жұрт сіздің жетім балаларға көмектесіп жүргеніңізді жақсы біледі. Жеке қайырымдылық қорын ашуыңызға не түрткі болды?
- Instagram парақшамды 2013 жылы аштым. Сол кезден бастап парақшамды белсенді түрде жүргізіп келемін. 2017 жылы, Ораза кезінде танымал блогер, қызылордалық Айнұр Бұлақбай, Мұхит Батаев деген кісінің көмекке мұқтаж екенін хабарлап, whatsapp желісі арқылы маған хат жіберді. Мен бұл ақпаратты бірден өз парақшама салдым. Бес жыл бұрын жол апатының салдарынан аяулы жарынан айырылып, жеті баласын жалғыз өзі өсіріп отырған Мұхит мырзаның тағдыры менің оқырмандарымды алаңдатпай қоймады. Постты көрген халық “Эми тәте, каспи голд ашыңыз, сізге ақша жіберейік, бірге көмектесейік" деп шулап қоя берді. Ол кезде каспи голд дегенді кім білген (күліп). Ертеңіне үлкен қызым Гүлнұр мені банкке апарып, карта ашып берді. Содан соң реквезитімді желіге салып жібердім. 3 күннің ішінде халықтан 1,5 миллион теңге ақша жиналды. Волонтерлар да табыла кетті. Жиналған ақшаның барлығы да Мұхтар ағайдың керек-жарағына жұмсалды. Міне, содан бері тоқтамастан жұмыс жасап келемін.
- Қор осы уақытқа дейін қандай жетістіктерге жетті?
- Әлеуметтік желіде «асарлатып»  жылу жинауды ең алғашқылардың бірі болып бастадым. Қайырымдылық жасауға халықтың өзі итермелеп жіберді. Содан бері жеке өмірімді ұмытып кеттім десем де болады. Күні-түні халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, көмектесумен келемін. Менің қорымның мақсаты - кәмелетке толмаған тұл жетім немесе анасы я әкесі қайтыс болған балаларға баспана алып беру. Осы уақытқа дейін қарапайым халықтан  қаржы жинап, 43 отбасының баспаналы болуына көмектесіппін. Ал соңғы рет 2020 жылдың 3-шілдесінде 70 жастағы мүгедек атаға баспана алып беріппіз. Алла қаласа әлі де мұқтаж жандарға көмектесе бермекпін.
- Өзіңіз баспана алып берген балалармен араласып тұрасыз ба?
- Әрине, араласқанда қандай! Балаларым үнемі уатсап желісі арқылы хабарласып, мерекелерде құттықтауларын жіберіп жатады. Ал туған күн туралы айтпай-ақ қояйын (күліп). Инстаграмдағы оқырмандарымменулап-шулап, туған күн тойлайтын жайымыз бар.
Осы бір төтенше жағдай кезіңде де игі істеріңізді жалғастырып, оттегі аппараттарын сатып алуға үлес қостыңыз. Қаржы қанша уақытта жиналды?
- Дәулет баламның арқасында  Айнұр ханымның қорына ақшаны аударып үлгердім.2800000 теңге негізі қорымда жиналып тұрған ақша еді. Әр қазақ – менің жалғызым! Осы бір қиын кезеңде қордағы ақшамды оттегі аппараттарын сатып алуға аударып, халыққа жәрдемдесуді жөн санадым.Осылайша 10 аппаратты сатып алуға септігімізді тигіздік.
- Қазіргі таңда қайырымдылық жасау қаншалықты трендте деп ойлайсыз?
- Қайырымдылық жасау трендте деп ойламаппын, тіпті ондай ой ешқашан миыма кірмепті.  «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көрерсің» ,- дейді дана халқымыз. Өз басым қайырымдылықпен жан рахаты үшін, адамдарға септігімді тигізіп, оларды қуанту үшін айналысамын.

Әңгімелескен: Диана АСАНОВА,

«Адырна» ұлттық порталы

 

 

Пікірлер