Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары дүниеден озды

1690

Қосман Қайыртайұлы Айтмұхаметовтың 57 жасында мезгілсіз қайтыс болғандығы туралы өз Facebook парақшасында өңір әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов жазды.

Түркістан облысы әкімінің қоғамдық қабылдауының Facebook парақшасына облыс әкімі Өмірзақ Шүкеев өзінің бірінші орынбасарының қазасы туралы жүрек тебірентер жұбату сөзін жазды. 

«Бұл қаралы хабар мен үшін өте ауыр болды. Өзімнің әріптес бауырым, бірінші орынбасарым Қосман Қайыртайұлы Айтмұхамбетовтің қазасы туралы, суыт хабарды естгенде төбемнен жай түскендей күйде болғанымды жасыра алмаймын. Жүрек қан жылап тұр. Қазақстан еліне белгілі азамат, құрметті әріптесім Қосман Қайыртайұлының дүниеден өтуін ауыр күйзеліспен қабылдадым. Қимастық сезімімді жеткізу қиынға соғуда... Саналы ғұмырын еліміздің өркендеуіне арнаған асыл азамат еді. Біз екеуміз сонау ел астанасы – Астанаға қазіргі Нұр – Сұлтан қаласына көшкен сәттен бастап етене танысып, қала басшылығында жүрген жылдары сенімді серіктерімнің, адастырмас ақылдастарымның бірі бола білді.

Мемлекет және қоғам қайраткері, абзал азамат Қосман Айтмұхамбетов әрбір істің көзін таба білетін білікті де талапшыл басшы еді. Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары кезінде Түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістанның жаңаша кейіпке енуінн, Арыс қаласындағы жарылыстан туындаған төтенше жағдайдың зардабын жоюға атсалысып, сондағы үйлердің соңғы шатыры жабылғанша барын салып құрылыстың басында жүрді. Мақтаарал ауданындағы су тасқынының салдарын жою шараларына да өлшеусіз үлес қосқан Қосман Қайыртайұлының мезгілсіз өмірден өту бәріміздің де жанымызды күйзелтіп кетті.

Саналы ғұмырын ұлт қызметіне, мемлекет ісіне арнаған азаматтың өмір жолы, өнегесі кейінгі ұрпаққа өшпес үлгі болып қала берері анық.

«Жақсының аты өлмейді» дейді халқымыз. Мемлекеттік істе өз өрнегі, қайталанбас қолтаңбасы бар азаматтың өмірден өтуіне байланысты марқұмның отбасына, туған – туыстарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын.Марқұмның жатқан жері жайлы, иманы саламат болсын. Асыл азаматтың бейнесі жадымызда ұзақ сақталады» - делінген облыс әкімінің сөзінде.

Пікірлер
Редакция таңдауы