Ауруханаларда мынадай оттегі баллондарын қолданып жатқанын көріп біз тас ғасырында өмір сүріп жатырмыз ба деп ойлайды екенсің. Құдайым-ау, біз ХХІ ғасырдамыз ғой! Жасанды интеллект дәуірінде өмір сүріп жатырмыз ғой!
Біз ЭКСПО өткізген ел емеспіз бе?!? 2003 жылдан бері триллиондаған қаражат бөлінген ҮИИДМБ – үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламасының медицинаға қатысы жоқ па?!? Атышулы технопарктер денсаулық сақтау ісіне түк те үлес қоспаған ба? Сол технопарктер мен бизнес-инкубаторларға барып қаржы сұрап жүрген өнертапқыштардың идеяларын неге пайдаланбаймыз? Сұрақ көп, қысқасы, ал адамдар аурухана мен үйлерінде бір жұтым ауа сыйлайтын аппараттарға зар боп жатыр.
Шет елдер жасанды интеллектіні медицинада қолдануға кірісіп кеткелі қашан. Қазіргі технологиялар заманында адамның денсаулығын үйде отырып-ақ онлайн-режимде анықтайтын құрылғылар ойлап табылған. Алыс шетелді қоя тұрып, мына көрші Ресейдің Госдумасына Бауманка ғалымдары пациенттерді онлайн-осмотр жасауға рұқсат беретін заңнаманы ұсыныпты. Демек, мұндай құрылғы бар және ол қазіргідей індет пен төтенше жағдайлар кезінде таптырмас құрал! Олар науқастың күретамырына дәрі енгізетін (капельница) ақылды құрылғы да шығарыпты, оны кез келген адам қолдана алады екен.
Ауруханада медбикелер жетіспей жатқан біздің жағдайда мұндай құрал-жабдықтар қаншама адамды ажалдан құтқарар еді десеңші! Денсаулық сақтау министрлігі ТЖ жариялана салысымен елдегі медицинаның деңгейін біле тұра неге құрал-жабдықтар алуды қарастырмады екен?
Жарнама мен пиарға кеткен қайран миллиондар-ай...
Елдер ақылды капельницалар шығарып жатыр, ал біз мектепте оқушыларға укол салуды үйретпекпіз...