"Мәскеу кет", "Путин ұры". Хабаровскіде халық көшеге шықты (видео)

5546
Adyrna.kz Telegram

 " Мәскеу, кет!" Хабаровск көшелерінде ондаған мың адам митингке шықты деп хабарлайды "Адырна" Би-Би-Си-дің орыс қызметіне сілтеме жасап.

Сенбі күні таңертең Хабаровскінің орталығында  губернатор Сергей Фургалды кәсіпкерлерді өлтіруді ұйымдастырды деген айыппен қамауға алынуы аймақ тарихындағы ең ірі наразылық шарасына ұласты.

DVHAB.RU мәліметі бойынша, қала орталығында 5-35 мың адам болды. "Хабаровск өлкесі Бүгін" газеті митингіге қатысушылардың саны 60 мыңға жуық адам қатысқан «Өлмес полктың» санынан көп болды деп болжайды.

Фургалдың баспасөз хатшысы Надежда Томченко РБК-ға берген сұхбатында 20 мыңға жуық адам жиналған деп есептейді.

Хабаровск  Ішкі істер басқармасы  рұқсат етілмеген шеруге қатысушылар жайлы анағұрлым төмен мәлімет берді. Бөлімнің мәліметі бойынша, акцияға 10-нан 12 мыңға дейін адам қатысқан. Полиция наразылықты ұйымдастырушы «Фургалдың командасы» деп санайды. Томченконың айтуынша, бұл мүлде олай емес: «митингтің ұйымдастырушысы немесе жетекшісі болған жоқ, ал ол туралы ақпарат әлеуметтік желілерге тарап кетті. Халық өз еркімен көшеге шықты».

Хабаровскіден бөлек, облыстың басқа қалаларында Фургалды қолдау акциясы өтті. Амур Комсомольскіде мыңнан астам адам рұқсат етілмеген митингіге қатысты. Николаевскіде автокөліктер Фургалды қолдау үшін флеш-моб өткізіп,  «Я / Мы Фургал» деген сөзді машинамен жазды. Мұндай ұрандар былтыр "Медузаның" журналисті Иван Голунов ұсталғаннан кейін  танымал болды.


Билік шерудің алдын алуға тырысты, бірақ бұл әрекеттерінен түк шықпады. Қатысушылар Фургалды қолдап,  Путинге қарсы ұрандар айтты
Билік Хабаровскідегі митингіге бір күн бұрын дайындала бастады. Фургалды қолдап көшеге шығуға шақыратын хабарламалар әлеуметтік желілерде және үйлердің подьездерінде жарнамалар арқылы таратылды. Нәтижесінде Ленин атындағы орталық  алаңға қоршаулар қойылды. Шенеуніктер дезинфекцияны коронавирустық инфекцияның алдын-алуға байланысты деп ақталуға тырысты.

Бұл наразылық білдірушілерді тоқтата алмады, түске қарай орталыққа көптеген адамдар жиналды, бұл өз кезегінде көліктердің қозғалысын қиындатты. Митинг шеруге шыққан адамдар қаланың орталық көшелерімен жүріп өтті, қоршауға қарамастан Пушкин алаңына дейін жете алды. Наразылық митингісіне тек Хабаровск тұрғындары ғана емес,  облыстың басқа қалалары мен аудандарынан да адамдар келді.

Қатысушылар провинциядағы Ковид-19 жағдайының көбеюі туралы хабардан қорыққан жоқ. Олардың көпшілігі медициналық маска таққан. Наразылық білдірушілер «Фургалды үйіне қайтарыңдар», « Фургалға бостандық», «Ол ұрыларға ұрлауға жол бермеді» деп жазылған плакаттар алып жүрді.

Шеруден кейін наразылық білдірушілер орталық алаңды толтырды. Наразылық білдірушілердің бір бөлігі Хабаровск өлкесінің әкімшілік ғимаратына кіруге тырысты.

Ғимарат алдын полиция күзетіп тұрды. Жиналғандар: «Путин отставкаға кет!» және «Путин ұры» деп ұрандатты.

Қатысушылар билік өкілдерінің  шығып, жауап беруін талап етті. Біраз уақыттан кейін Фургалдың баспасөз хатшысы Надежда Томченко әкімшіліктің алдына жиналғандардың алдына шықты. Ол наразылық білдірушілерге көрсеткен қолдауы үшін алғысын білдіріп, әкімдік те болып жатқан оқиғадан «бейхабар қалды» деді.

Тағы бір шенеунік құқықтар заң аясында қорғалуы керек деді, бірақ жиналғандар оның сөздерін тыңдамастан «Ұят!» деп айқайлап, аузын аштырмады. Наразылық білдірушілердің көпшілігінің ашу-ызасын келтіргені жаппай митинг коронавирустың таралу қаупін көбейтеді деген сөз болды.

Наразылық білдірушілер Фургалды қорғауға арналған петицияға қол қойып, бейбіт тарау туралы ұсынысқа қарсы шығып, «Путин отставкаға кет!» деп тағы да айғайлады. Митингтегі бастаманы жастар қолына алды.

Фургалдың сот ісін Мәскеуде емес, Хабаровскіде  жүргізу жөнінде талап қойылды. Алексей Навальныйдың штаб үйлестірушісі болған Алексей Ворсин сөз сөйлеп, оның сөзі әлеуметтік желілерде таратылды.

Полиция митингіні бақылап қана тұрды, ешқандай қамаулар болған жоқ. Осы үшін тәртіп сақшыларына наразылық білдірушілер алғыс айтып, полиция да Фургалды қолдайды деп айқайлады.

Митинг басталғаннан төрт сағат өткен соң, наразылық білдірушілер петицияға қол қоюға келісті. Мыңдаған адам қол қою үшін кезекке тұрды. Осыдан кейін демонстранттар тарай бастады.

Фургал екі жыл бұрын Хабаровск өлкесінің губернаторы қызметіне кіріскен. Ол аймақтағы  халыққа жақын, беделді адам болып есептеледі. Осы өлкеде  рейтинг бойынша ол Путиннен жоғары тұр.

"Адырна"ұлттық порталы

Пікірлер