Жұмыс жоқ. Жалақы төмен. Жағдай қашан жақсаруы мүмкін?

3079
Adyrna.kz Telegram

Коронавирус қос өкпеден қысып түр. Әлі жағдайдың оңалатын түрі жоқ. Бұл індеттің қашанға дейін созылары белгісіз. Бәрінен бұрын қарапайым халыққа қиын тиіп тұр.

Індет  ұзаққа созылып барады. Егер бұлай кете беретін болса, халықтың тұрмысы ауырлайды.

Қазірдің өзінде жұмыссыз отырған адамдар бар. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов маусым айында 700 мың адамның жұмыссыз қалғанын мәлім етті.

Қалай айтқанда да, бар мәселе коронавирусқа қатысты болып тұр. Егер бұл індет әлі де жалғаса беретін болса, елімізде жұмыссыздардың саны артады. Алдағы екі айда қарапайым халыққа қиын тиеді.  Көптеген мекемелер қызметкерлерін жазғы демалысқа жібере бастады. Демалысқа кеткен адам алған қаржысын үнемдеп, жұмсамаса қиын. Өйткені індет уақытында әртүрлі жағдайлар орын алуы мүмкін. Бағаның да өсуін жоққа шығаруға болмайды.

Оның үстіне қазіргі уақытта Қазақстандағы халықтың бір адамға шаққандағы табысы 59 мыңның шамасында болып тұр. Бұл бүгінгідей қымбатшылық, нарық жағдайында аз. Ресми деректерге жүгінер болсақ, 2020 жылдың алғашқы тоқсанында республика бойынша жұмыссыздардың саны 4,8 пайызды құраған. Алдағы екі айда тіпті көбейеді. Өйткені қаржылық жағдайдың төмендеуіне байланысты көптеген мекемелер жұмысшыларын қысқартып жатыр. Бұл барлық өңірге тән болып отыр.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегіне сенсек, қазіргі уақытта Түркістан және Алматы облысында жұмыссыздардың саны артқан. Сондай-ақ Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қаласында сауда орнының жұмысы тоқтауына қатысты адамдар табыссыз қалды. Үкімет нақты бір іс-қимыл шараларын қабылдамаса болмайды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің сөзіне сенсек, шілде айынан бастап жағдай жақсара бастауы мүмкін. Бірақ жұмыссыздық деңгейі жыл соңына дейін 6,1 пайызға жетеді деген болжам бар. Министрлік «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы жаңа жылға дейін 600 мың адамды жұмысқа орналастыруды көздеп отыр.

Айта кететін бір жайт, төтенше жағдай кезінде бірқатар жерлерде жұмыс тоқтағанымен, тек қана құрылыс саласындағылар қиындық көрген жоқ. Олар   тұрақты жұмыс істеуде. Бүгінгі күнде құрылыс саласында жүргендердің саны -700 мың шамасында. Қазақстанда 8 миллионнан астам адам әртүрлі салада қызмет істейді. Сонымен қатар, 2 миллионнан астам адам өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.

Бірақ індет кезінде және одан кейінгі уақытта бұл деректер өзгеріске ұшырауы мүмкін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін «Ана тілі газетіне берген сұхбатында «Жұмыссыздар саны көп. Бұл – өте күрделі әлеуметтік мәселе. Оны шұғыл шешпесе болмайды», - деп қоғамдағы шындықты атап көрсетті.

Расында жұмыссыздар көбейді. Жалақы төмен. Жағдай қашан жақсаруы мүмкін? Оны дәл қазір ешкім болжап, айта алмайды.

Дегенмен, «үкімет өлтірмейді» деп үкілі үмітпен үйде қарап отыра беруге болмайды. Адам баласы да жағдайын жақсартуы үшін өзіне сеніп, тіршілік етуі қажет боп тұр.

Еркін Қалдан,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер