Баспана бағасы тағы да шарықтай ма?

1209

«Қазақстандағы бас мәселе қандай?» дегенде баспана мәселесі деп тақ ете қаларымыз сөзсіз. Себебі жастардың ажырасып, отбасылық ұрыс-керіс, бойдақтар мен тұрмыс құрмаған қыздардың көбеюі, тіптен кезбелер санының артуы тікелей үй-жайға тіреліп тұр. «Жер көлемі бойынша 9 орында тұратын Қазақстан халқы баспана мәселесінен жұмсартып айтқанда зардап шегуде» деген сөзді шетелдіктер естісе, мырс ете қалары сөзсіз. Себебі Америка, Белгия, Германия қала берді Өзбекстанның өзінде  жасыңа, жалақыңа, денсаулығыңа қарағанын қоспағанда, 1-2 пайызбен ғана үй беретін көрінеді. Ол, ол ма? Тіптен соңғы кездері індетке байланысты пайыздық үстемені де төмендеткен. Ал жаңадан үйленген жас отбасыларға мемлекет пәтер құнының 30-35 пайызын субсидия ретінде бөледі.

Ал бізде ше? Сұлтанмахмұт Торайғыровша «Бұрынғы атамыздан сыйға келген, Біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп өкінішке қарай, өлеңдете алмаймыз. Десе де солған жанымызды субсидия беріп суармаса да, қазір «Қолжетімді баспана 2020»,  «Нұрлы жер», «Баспана-хит», «7-20-25», «Бақытты отбасы» секілді бағдарламалардың түр-түрі бар. Бірақ баспана бағасы шарықтап тұр және халықтың әлеуметтік жағдайы да мәз емес.

Халықтың әл-ауқаты не үшін төмен екендігі айтпаса да түсінікті. Алайда баспана бағасы неге шарықтап тұр?

Экономист, сарапшы Досхан Керімбековтың айтуынша, «Доллардың долдануы баспана бағасының өсуіне ықпал етеді. Қазір 400 теңгенің айналасына тұрақтап тұрған көк қағаз, үстіміздегі жылға дейін 460 теңгеге баруы ықтимал» дейді. Демек баспана бағасының аспандауы әлі алда екен.

Екінші себеп, тұрғын үй құрылысын салып, оны сатылымға шығаратын монополистер: «Құрылыс заттарын түгел шетелден тасимыз» дейді.

Мәселен, арматура Россиядан, есік-терезе Түркиядан, ағаш Башқұртстаннан, пластик, сылақтар Қытайдан, профлист Италиядан алынатыны көрінеді. Әрине, «шет елден келген» деген дардай аты болған соң бағалары Ер Төстік секілді күн санап өсе бермек. Оған дәлел, 3 ай бұрын ғана 1200 теңгені құраған цемент  бүгінгі күні 1500 теңге болды да қалды. Ал аудандарда тіптен 2000 теңгеге дейін баратын көрінеді. Әрине, өзіміз де қара жаяу емеспіз. Ара-тұра өндіретін дүниелеріміз бар. Атап айтсақ, Шымкентте арматура, Атырауда бағаналар мен бөренелер, Қарағанды, Теміртауда кірпіш, Өскеменде цемент, Таразда гипс, глад, финиш, родбан секілді материалдар шығады. Алайда, құрылысшылардың айтуынша, "бағалары қол жетімді болғанымен сапалары тым төмен, барлық қажеттіліктерді өтей алмайды" дейді. Сәйкесінше, бәрібір бас сүйейтініміз – шет ел болды да қалды.

Сонда да заңды бір сұрақ туындайтыны сөзсіз. Біреудің есігінде жүргенді ұнатпайтын қазақтың қолынан құрылыс заттарын дұрыстап өндіру келмейді ме? Әлде белгілі бір күштер қолымызды байлап отыр ма екен? Бұған жауапты жоғарыдағылар бере жатар. Десе де баспанаға байланысты түсінігімізді радикалды түрде өзгертіп, жоғары сапалы құрылыс заттарын арзандатып һәм өзімізде шығару мәселесін қолға алуымыз керек секілді.

Айтпақшы, баспанаға байланысты түсінігімізді өзгерткен жөн деген сөзді бекер айтқан жоқпын.

Ресми деректерге сәйкес, халықтың 1 млн 300 мыңы жер кезегінде тұрса, үй кезегінде 540 мың адам тұр екен. 2010 жылдан бері Қазақстанда баспананың бағасы жыл сайын орта есеппен 15% өсіп отырды. Осы деректерді БҰҰ-ы есептей келе, «Дамыған қоғамның әрбір мүшесі өз табысынан қор жинап, 3,5-4,5 жылда пәтер сатып алуға қауқарлы болуы қажет» деген-тұғын. Бірақ біздің қолдан қаржы жинап, пысықайланып үй немесе жер алу, оны салу, бағдарламаларға қатысу келер емес. Иә, өзімізден де бар екен.

Хош, өзімізді «жаман» дегеннен опа таппаспыз. Дегенмен санамызды заманауиландырып, экономика, баспана мәселесіне келгенде сауатты болсақ,  «Үйлі болдық» деп малақайды аспанға ататын күннің таяу арада туатыны сөзсіз. Әйтпегенде Қасым ақын секілді төмендегідей өрім-жырды ғана місе тұтып қаламыз ба,-деп қорқамын.

«Берсең бер, бермесең қой баспанаңды,

Сонда да тастамаспын астанамды.

Өлеңнің отын жағып жылытармын,

Өзімді, әйелімді, жас баламды».

 

Ақгүл АЙДАРБЕКОВА,

«Адырна» ұлттық порталы

(Сурет ашық интернет көзінен алынды)

Пікірлер
Редакция таңдауы