ҚАЙРАТ ЖОЛДЫБАЙҰЛЫ: Биліктің ақпараттық жұмысы ақсап тұр

4485
Adyrna.kz Telegram

Соңғы уақытта коронавирустың бар екендігіне сенбейтін жұрт қатары көбейе түскен сияқты. Олардың сенбеуінің көптеген себептері бар. Соның бірі, ауру жұқтырған адамдардың аз болуына байланысты таныс адамдардың кездеспеуі немесе аттарының жария етілмеуі болса, екіншісі бастапқыда коронавирус жұқтырған, бірақ, симптомы әлі біліне қоймаған адамдар көптеп ауруханаларға жатқызылды. "Олар ауру болмасақ та қамап қойды, терезеден секіреміз, қашып шығамын” деп видео түсіріп, елдің арасына таратып жіберді. Уатсабыма ауылдас кісілердің осы тектес бірнеше аудио жазбалары да келді. Осындай вирус видеолар көбейе берген соң, халық арасында күмән көбейе түсті.
Бұл ретте бізбен салыстырғанда Өзбекстан оңтайлы шешім қабылдаған сияқты. Олар коронавируспен ауырып, жағдайы күрделі боп жатқан адамдарды видеоға түсіріп, елдің арасына таратып жіберді. Бойын үрей билеген ел үйлерінен шықпай қойыпты. Нәтижесінде ауруды жұқтырушылардың саны да азайған.
Кеше Ақорданың баспасөз хатшысы Берік Уәли бұл вирусты жұқтырғанын әлеуметтік парақшасында жариялаған болатын. Бірақ постың астына жазылған “Өтірік спектакль қойып отырсыңдар", "Коронавирусқа бөлінген ақшаны ақтап жатсыңдар ма?", "Кеше Песков ауырып еді, енді Берік Уәли. Ауруды да Мәскеуге қарап анықтайды" деген сияқты пікірлерден қарапайым халық қана емес, оқыған, көзі ашық деген кейбір азаматтардың өзі аурудан саяси астар іздеп, оның бар екендігіне күмәнмен қарайтынын байқауға болады. Берік Уәлидің ауру жұқтырғаны рас. Оның ата-анасы да жұқтырғаны анықталып отыр.
Билік ақпараттық ағарту бойынша жеткіліксіз жұмыс жасап отырғанын мойындауы керек. Сондықтан ең әуелі халықтың вирусқа қатысты күмәнін сейілту бағытында ағарту жұмыстарын шұғыл қолға алулары тиіс.

Пікірлер