9 мамыр – Жеңіс күні! Мәңгі ұмытылмас күн!

12175
Adyrna.kz Telegram

Естен кетпес ең сұмдық соғыстың болып өткеніне 75 жыл толды. Яғни, Ұлы Жеңіске 75 жыл!

Ұлы Жеңістің ұмытылмайтыны сияқты, соғыс та ұмытылмастай ізін қалдырды. Сол заманында қаншама жанның өмірін қиды, қаншама жан мүгедек халге түсті. Тіпті, аман-есен оралып келгендердің ойларында от оранған күндердің елесі қалды. Мәселен, менің нағашы атам сұм соғыстан көз жанарынан айырылып оралған екен. Сол соғыстың ізі бұл өмірден өткенше жоғалмаған. Сондай-ақ, атам жыл сайын «Жеңіс күніне» арналған парадқа барар кезде сұмдық күндерді, сол күндерде қасында болған жолдастарын еске алып, әр жылғы Жеңіс күнін жеңіске жаңа қол жеткізгендей ерекше сезіммен қарсы алады екен. Анам ол кездері сәби жүрегімен, әкесінің сол бір сезімдеріне аса мән бермеген. Кейін өсе келе әкесінің әсерлі әңгімелерін естіп, Жеңіс күнінінің қаншалықты ерекше күн екендігін түсінген. Енді анам сол әкесінің әңгімесінен ұққанын, сезініп-түсінгенін бүгінде біздерге әңгімелеп отырады. Менің ойымша, бүгінгі жастардың әрқайсысының ата-әжелерінен естелікке қалған «Жеңіс күні» туралы ерешке ұғымдары бар. Ендеше, бүгінгі бейбіт күніміз үшін біз оларға мәңгі қарыздармыз деп ойлаймын.

Жеңіс күні – бұл сан мыңдаған ұрпақ үшін ортақ мереке. Бұл мереке – бейбітшіліктің және қайырымдылықтың мәңгі жасампаздығын дәлелдейтін, Отанын қорғаған жауынгерлер мен офицерлердің айбынын, Жеңісті жақындатқан тыл еңбеккерлерінің мәңгі өшпейтіндігін дәлелдейтін белгі болып қалмақ.

Сол бір сұрапыл жылдары Қазақ халқы өзінің Отанына, жеріне деген перзенттік парыздарын, ұлттық мақтаныштарын дәлелдеді. 

Біздің ата-әжелеріміздің ерліктері мен жанқиярлықтары, олардың өз Отанына деген шексіз сүйіспеншіліктері Қазақстанның бүгінгі ұрпағы үшін мақтан тұтарлық үлгі ғана емес, бұл – бірнеше ұрпақты байланыстыратын қоғамның рухани дамуы мен ұлттық қайта өрлеуінің жоғары адамгершілік негізі деп ойлаймын.

  Жеңіс күні – абырой мен даңқымыздың мерекесі. Табандылық пен ерлік, Отанға деген сүйіспеншілік сұм соғыста Жеңіске жеткізді.

9 мамыр – мереке ғана емес, бұл халықтың батырлығы, бұл жанкештілікпен жеңіске жету жолындағы ерен еңбек. 

Біздің азаматтық парызымыз – бұл күнді мәңгілік есте сақтау, отанды сүю, елдің, жердің адал перзенті болу. 

 

Өзбеков Дәулет Жанболатұлы

Алматы қаласы

 

Пікірлер