Бауыржан МАЙТАЙ: Мен үрей толған үймін..

1468

Менің үйім

Бар болған соң терезе,

Ұқсамайды үйлер молаға.

                                            Ə. Түнияз

Мен үйімде қорқып жатамын,

Қорқып тұрамын.

Еркін болғаныммен,

Бұғауда сияқтымын.

Үйім құлап қалатын секілді,

Қабырғасындағы сызаттар,

Едендегі жарықтар

Аяқ-қолымды байлайтындай көрінеді.

Мені тек үрей билейді.

Жүрісімнен де, өз даусымнан да,

Орнымнан да...

қорқамын...

Таудың басында тұр менің үйім,

Үрейленіп ғұмыр кешудемін.

Атам да сондай ғұмыр кешкен деп естідім,

Оның атасы да дəл солай ғұмыр кешіпті

Оны таста демалған суреттер қайта-қайта сыбырлайды .

Менің үйімде қарлығаш ұя салып,

Бұлбұл сайрап,

Байғұз шақырып,

Құстар самғауда,

Десе де, бəрінің дауысынан үрейлі еркіндікті аңғардым.

***

Үйдің іші

(Өз сөзі)

Менің кеуде тұсымда

бəрінің исі бар:

қалықтаса балдың исі,

удың исі қанатын керіп қатар ұшады.

Тозаңнан түк өсірген төрт қабырғамада

Өрмекші торы,

ондағы кітаптардың

ашылған беттеріндегі

санаңда ой болып қонғысы келетін жазуларды,

адырнасы үзілердей тартылған оқсыз садақ суретін,

кеңістігімнің бəрін,

жіберместей матаған.

Менің қызыл тамақ қарлығаштарым да бар,

оған да,

ыстығы қан ойнаған жүректей ұясына да,

Өрмекші торы ілініп,

ондағы аяғын қылмен байлаған балапандарының шырылы,

құлағыңа құйылады.

Кітаптарым тұншығады,

Жазуларым тұншығады,

Балапандар тұншығады,

Мен үрейлене бастадым,

Мен бəрінен қорықтым,

Өрмекші түгіндей тозаң тынысымды тарылтты,

Өрмекші торы көкірегімді қысты.

Терезем шағылды, есігім ұрланды...

Шағылған терезем – аққан жасым,

Ұрланған есігім – ескі сүйегім,

Табалдырығым тозды,

Маңдайшам майысты,

Мен үрей толған үймін..

***
Үрейлі үй

Бұл үй ғасырлар бойы жел өтінде тұрды,

Ғасырлар бойы есік алдынан керуен көшті.

Керуен көшінде бұл үй аңыз боп айтылды,

Керуен жүгімен бұл үй аңызға толды...

Ғасырлар бойы шығыстан соққан жел,

Маңдайшасын кемірді.

Ғасырлар бойы терістіктен соққан жел

Қабырғасын кемірді .

Ғасырлар бойы соққан жел

Бұл үй жайлы аңызды,

Аңызды жастанған керуен ізін де ұшырып жоғалтты .

Ғасырлар бойы тоқтаусыз соққан жел

бұл үйді үрейге қалдырып,

Әлі соғып тұр.

Қашан тоқтайды,

жолдағыны жұта жорғалаған жылан текті ызғарлы жел.

Қашан үрейсіз өмір сүреді бұл үй?..

Атқа мінген адам

Қобыз үніне қарап жасағандай

даладан мен оны көрдім,

аспаннан аңға құйғытқан қыран дерсің,

жердің бұ шетінен ана шетіне шапқанын.

Ол да мені көрді,

Менің тілімде сөйледі,

Мен өз тілімді түсіне алмай тесіле қарадым.

бұл қылығым саңырау адамның ерін қыбырын баққаны.

Кенет кері бұрылып құйғыта жөнелді шаңдатып,

Түр-түсін көрмедім...

Не дегенін білмедім...

Тек ғана ат тұяғының дүбірі құлағымда қалды.

Оны

ат тұяғы мен желге міне кеткен шаң арасынан тани алмай,

Үңіле қарап өзіме ұқсаттым.

***
ШЕҢБЕР

Көп қабатты үйлер көкке қол созғандай көрінеді...

Ағаштар да тамырынан қашып шыққысы кеп

немесе тамыры ағаштан кеткісі кеп жанталасқандай көрінеді.

Бұл рас, тілсіз түсінер түс іші,

Түсте ғана осылай болар.

Әлде біздің,

өмір – түс,

түсіміз өмір ме?

Не екенін білмейтін шығармыз.

Біз де өзімізден қашып шыққымыз келетіндей,

Әлдебір теңіз жағасындамыз,

Ағысы жоқ, жақындайды,

Толқыны жоқ, тұншықтырады.

"Топан су қаптады, бізді құтқаратын кеме бар,

Нұхтың кемесі" деген әуенге сіңген баяғы дауыстар,

Оған апаратын көп жолдарды да айтады,

Сенеміз, сендіреді,

Ол Нұх кемесі емес екенін сезсек те үміт көзін ашамыз.

Бізде тек үміт қана қалды.

Өзімді түс көріп жатырмын деп сендірем,

Өңім болса мен жынданған шығармын.

Түсіміз – шын өмір,

Өміріміз көрген түс сияқты.

Ешкім де құтқармайды.

***
ҚЫЗЫЛ ӨЗЕН

Есімнен кетпейді, өзен жағасында әкемнің,

Осы өзен басында баласына қанжар қадаған әке туралы,

Бала қанына мына өзен түсін жұттырғанын естігені жайында айтқаны.

Өзенге қорқа қарағаным...

Есімнен кетпейді,

Өзен жағасындағы сол сәттік көрініс.

Толқынға қасқая бағынған өзен жиегі.

Өтіп жатқан уақыт пен егіз өзен өзін-өзі жұтып жорғалап,

Ұсақ толқындар бір-бірін жетелей жағаны қармап,

Қорқа қарасаң үріккен,

Күле қарасаң күлген бейнеге енгені.

Әкеме қарағаным...

***
ЖЕТКІЗУШІ

Шағылған құмыра, сынған жапырақ,

Әлде көбелектің сыңар қанаты,

Оларды бүтін көргім келеді,

Бала кезіңде кемпірқосақтың жартысын іздегенім сияқты.

Әкем әкесінен қалған сынған заттарды қайта жасап,

Шешем әжесінен қалған өнерімен жыртық шекпен жамайтын.

Екеуіне де қызыға алмадым,

Олар үйреніп алуымды жиі айтқан.

Мен оларға тартпадым,

Олардың жамап-жасқап қалдырған дүниесі тозған,

Расы - уақыт уыстап шашып жіберді.

Балаларыма шешем тіккен шекпен және

Әкем жасаған ескі мылтықтың суретін ғана көрсете аламын.

Олар мен мақтауын асырған соң ғана суретке қызыға қарайды.

Соңғы кезде түсімде

әкем мен шешем

ауылдағы көпірден өтпекші боп жүргені...

Көпірге сенбейтіні,

Ренішке толы көздеріне сызылғаннан...

Бірде көпір жоқ сияқты,

Бірде көпір мен боп елестейді.

***
ЖОЛМЕН СӨЙЛЕСУ

Мені іздеп таптың ба?

Мен сені іздеп адастым.

Бабам жүрген жол,

Мен сендемін бе?

Қашан басталдың?

Қайда барасың?

Бағытым қайда өзі?

Мен қайда барамын?

Жиегіңде құмға өнген бас сүйек,

Қаңғырған қаңбағы сияқты даланың.

Мені де дəл солай ,

Етімді сүйегіме өсірмей,

Шаш саусақтарымнан,

Қара жерге қадалар тікен өсіріп,

Желкенді желге ертіп жібергім келе ме?

Қаңбақ қып,

Оралмас уақыт теңізіне батырып.

Онсызда мен уақыт толқыны соққан жағалаумын,

Уақыт мені кеміріп тауысады.

Неге сендегі тым алыс атырапқа тұман ұйып,

Соншама мұнарға тұншыға толқиды.

Ескі құлпытас көрінді,

Жарымын жер жұтқан,

Жазуын жел жыртқан,

Мен оған ұзақ қарадым.

Жол...

Жол,

Сен қайда барасың?

Мен қайда барамын?

Мен сені жоғалтып алғандай сезінем,

Адасып қалғандай сезінем,

Жоғалтықым келмейді десе де.

Мен сені іздеймін адасып,

Сен нені іздейсің?

Бабам қанын төккен жол,

Мен сендемін бе??

***
ӘҢГІМЕ

Достарыммен шарап іштім,

Мас болсаң дүние мөлдіреп көрінеді .

Дүниенің бəрі ой,

Ойдың бəрі сөз.

Біз айғайға бастық дыбысымыз ауаны сындыра

сіңіп кетті.

Қарғалар, қарғалар аспанда ағып жүріп неге

күледі?

Қарқылдап күлгені несі?

Бізді көріп, өмір сүре алмайтынымызға күлкісі

келер,

Көзінен қара тамшы мөлдіреп төгілердей...

...Теледидарға қараймыз,

Иран-парсы қызының жалаңаш биіне қол соғамыз,

Түріктің оранған қызына да.

Бізге осылай бəрі таңсық,

Бəрін қураған құмша сіңірдік,

Бəрі бізді қураған құмша ағызып алып кетті.

Біз ағып кеттік,

Бағытымызды білмейміз,(«ағысқа қара» дейді )

Біз ештемеге сене алмаймыз,

Сенетін ештеме жоқ.

Сенетін кітап,

Дін ,

Ақындардың сөздері  күштілер мүдесінің гүлі боп

өнген,

Оғы боп атылған.

Мүдде бəрін сатады ,

Мүддеге бəрі құл.

Ашса алақанында,

Жұмса жұдырығында.

Бізде бағыт жоқ ,

Бағытымыз тұманнан көрінбейді.

Теңізді сағынғанын айтты бірі:

Із жоқ болса да, бағыт сонда ...

Бірі:

Жолдар бізді адастыруға дайын , жылқылар,

түйелер тастама, - деп ,

Көкке қол жайды.

Қанатын кесіп құс асырайтын көршілер туралы

айтылды,

Бірі қарттық жайлы айта бастағанда,

Шөлдегеніміз еске түсті,

Су ішкіміз келді,

Біз бəріміз өкіндік ,

Бөлмеде таза судың аз қалғанына,

Біз шөлдедік,

Бізде бағыт жоқ,

Бізде су жоқ.

***
Ертоқым

Өзен жағасында

Арғы жағаға өте алмай қалған қайықтың кебін киіп

тозған ертоқым қалыпты,

сыңар үзеңгіні құшаққа басып .

Оның қандай бір тақымға тақ болып ,

қайсы бір арғымаққа жарасып қонғанын сездім.

Оны бір жанның жүрегіндей аялап,

жаңбыр мен желге тигізбей қорғағанын сездім.

Ал енді қадірсіз күйінде

арғымақ үстінде болса таулардан асатын ертоқым

өзеннің ар жағына өте алмай тозған .

Мен оған ұзақ қарап,

алдыңғы қасына бас сүйеп сыбырладым:

"Кешір, біздің арғымағымыз жоғалған" деп.

Мұрныма жылқының исі келді

***

Neopoema

Жолаушы, мына жолда күрескен іздер,

Кімнен қалғанын білмейсің,

Кімдікі екенін де дәл солай.

Олар бұрын асқақ таулардың да арқасын қажаған,

Қажаған да жара салған,

Жараға біздер жол деп ат қойдық.

(Жол деп атадық.)

* * *

Біздің айналамызда бірін бірі жасырған іздер,

Ауа дерсің бізді торлаған,

Сонымен тыныстап отырғандаймыз.

Аспанды жапқан,

Бізді де жасырады.

* * *

Иә, сенің анаңның да ізі қалған,

"Неге әке емес" дегеніңді де білем.

Өкініш мазағынан ол да өшкен,

Басқа бірі өшірген.

Ізді із жасырады.

Анамызды сағынамыз,

Оның бейнесі тек бақытты сәттер болып жүрегімізді жылытады.

Оның ізін жүрегімізден іздейміз.

* * *

Іздерге құммен гүлдер қол созған,

Қан да, тер де жауған.

Жаңбырдай сорғалап,

Бұлттай ұйыған.

Оған кінәлі Құдай емес,

Оған кінәлі Уақыт емес,

Оған кінәлі сайтан емес.

* * *

Оған мүсіркей қарайсың,

Ізге емес, анаңа емес,

Жаңбыр шайған тас мүсін шалға,

Ол із үстінде отырған болар,

Оның да орнына із түсер.

Мүсін артында қараңғы із тығылады,

Алды жарық, із көлеңкелері тербелген.

* * *

Гүл ұстаған қызды көргеніңді еске ал,

Жалғыз гүл оның басқан ізіне дейін бақытты көрсететін.

Қайта кезіккенде,

Сол іздің көрінбеуі сағыныш оятады,

Сенің ғана еншің емес,

жоғалтқанымыз сағыныштың есігін жиі қағады,

Көкірегіміздегі жүрек сияқты.

Жетелеп кетуді күтеді.

* * *

Менің далам –

Бірін бірі кескілеген,

қарақотырланған ескі жарлардың мекені.

Тұлпардың шабысы,

Дәруіштің күбірі,

Құдайдың аяны кезген.

Таң атқанда қара,

Кеш батқанда қара,

Бәрібір олар сағынышқа боялып жатады,

Тамырдай жүрегіңді орайды.

Жолдар, жолдар, сені басып өту –

Жүректі сағынышпен орайтының,

Бізді шақыратының ауыр.

* * *

Олар мәңгі осылай күреседі,

Бірін бірі өлтіреді,

Оған кінәлі Уақыт емес,

Оған кінәлі Құдай емес.

Оған кінәлі сайтан емес.

 

***

КИЕ

Сен маған қасқырды атпа дейсің,

Біз ұмытқамыз итті теппеу керегін,

Малды басқа ұрмау керегін,

Ұмытқалы қашан,

Əкеміз айтқанда,

Шешеміз айтқанда,

Еске аламыз бəрін.

Тіпті, біз сендер салып берген жолдарды ұмыт

қалдырып,

Жоғалтып алғанбыз,

Топыраққа сіңген,

Желге ұшқан.

Сосын гүл боп өскен олар,

Сол гүл дестесін қуып жол іздейміз,

Гүлдер солған,

Гүлдер сарғайған,

Өйткені біз кешіктік.

Енді біз аңсаймыз оны,

Ауыруханада жатқандай,

Бірақ табалмаймыз

Гүлге сіңген,

Желге ұшқан,

Бізде топыраққа сіңеміз,

Желге ұшамыз,

Сол жоғалған жолдардай.

Бауыржан МАЙТАЙ

Пікірлер
Редакция таңдауы