Бүгін қазақ журналистикасының саңлағы, қазақ спорт журналистикасының негізін қалаушы Сейдахмет Бердіқұловтың туған күні. Сейдағаңның есім-сойын спортсүйер қауым жақсы біледі. "Арбаған мені бір сиқыр", "Жұмыр жерде теңбіл доп" кітаптары арқылы оқырман футболға бірге барып келгендей күй кешкенін ағаларымыз талай айтып отыратын. Тұманбай Молдағалиевтің досы Сейдахметке жазған өлеңін ұсынамыз.
Тұманбай Молдағалиев. Футбол келді
Жоқтаушысы, жақтаушысы футболдың,
Білініп тұр бұл шақтары күнде орның.
Сезімі аз семіздікті қаламай,
Сергектікпен серке боп сен күн көрдің.
Сол футболдан жарыс тағы басталды,
Футбол деген бір сөз билеп аспанды.
Естіртпейді басқа сөздің барлығын,
Басқа сөздер мағынасыз бос қалды.
Сен де осы бір теңбіл доп қуалап,
Додаларда доппен бірге домалап,
Өтіп едің ар жағына мұхиттың,
Жұрт ойлады: «Неғып жүр, – деп, – бұл араб?!».
Футбол жайлы жыр жазатын сол араб,
Шеберлердің шексіздігін бағалап.
Отандастың епсізіне күйініп,
Өшіп қалып, жүруші еді жана қап.
Ішкен асын жерге қойған доп десе,
Арамызда сол бір қазақ жоқ, бәсе...
Үндемейді үңірейіп Алматы,
Бір ағайын шығар еді әйтпесе.
Жеткізбейтін арманы көп аңсаған,
Бақытты ғой игілікке жанса жан.
Қазақтардан бір команда құрып ап,
Тренер боп кетсем деуші ең сен соған.
Намыс ұлы, нар намыстың баласы,
Басталды ғой футболшылар додасы.
Ұйқы көрмей жүретін бұл кезіңде,
Неғып үнсіз ұйықтап жатсың, ағасы?!
Ең болмаса осынау бір доданы,
Көріп кетсең, көңілге дем о дағы.
Болмайтынға болар еді кім қарсы,
Алдына сап алып кетсе жол әрі.
Сейдахмет, Секем менің, Сейдешім,
Көп киюші ең футболшының жейдесін.
Айтқандарын ақтарушы ең қазақша,
Пелеменен испанша бір сөйлесіп.
Кетпей қойды көз алдымнан бір алау,
Сезім барда сөнбей желге тұрар-ау!
Алматыда көрінбейсің, Чикаго
Сен келер деп күтінген де шығар-ау!
Секем, Секем... сейілмейтін сенімім,
Бізден алыс кетті-ау алып сені күн.
Ашылмастан қалды-ау сенің аралың,
Басылмастан қалды-ау арай желігің.
Жігіт қанда, үміт барда өлмейсің,
Ажал иттің айтқанына көнбейсің.
Футбол келді, сенің әсем футболың,
Аласұрып неге түрегелмейсің?!
Аспан әне, жұлдызы өшпей, Ай төнген,
Үміт анау семіп барып, қайта өнген.
Сол футболды көру сенің көзіңмен,
Мен байғұсқа бұйырмады, қайтем мен?
Ақынмын ба мен аңызға сенбесем,
Тарылғандай болды-ау бүгін кең көшем.
Футбол деген құдіретті көтеріп,
Жас ғасырмен бірге келесің бе сен?!