Зиябек Ермұқанұлына қара күйе жағудағы мақсат қандай?

6056
Adyrna.kz Telegram

Өзін «Алматылық тарихшы Марат Туғанбаев» деп атаған «сарапшы» 2020 жылдың 18-сәуірінде TAISOIGAN.KZ сайтына «Пайда ма, әлде зиян ба?» деген атаумен мақала жариялады.

Мақаласын «Өзі білмейтін тақырыпқа неге әуестеніп жүр деген мақсатпен, Қабылдинов Зиябектің 2019 жылы шығарған «Из истории казахско-российских отношений. XVIII век. Сборник документов / Составитель Сирик В.А. – Алматы: Литера – М, 2019. – 522 с.» құжатты жинағын кітапханадан тауып алып мұқият парақтап қарап шықтық» деген сөзбен бастаған. Шын мәнінде де солай ма? Қабылдинов Зиябек өзі білмейтін тақырыппен әуестеніп жүр ме?

Бұл сауалға жауап беру үшін т.ғ.д., профессор Қабылдинов Зиябек Ермұқанұлының ұзақ жылдық зерттеу аясына назар аударғанымыз жөн. Зиябек Ермұқанұлы 1997 және 2003 жылдары Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінде, қазіргі Абай атындағы ҚазҰПУ-да екі диссертациясын қорғады. Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесі «Казахи Западной Сибири во второй половине XIX – начале XX веков (исторический аспект)» («ХІХ ғ. екінші жартысы – ХХ ғ. басындағы Батыс Сібір қазақтары (тарихи аспекті)») атты диссертациясын және тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесі «Казахи внутренних губерний Российской империи во второй половине XVIII – начале XX вв.» (XVIII ғ. екінші жартысы – ХХ ғ. басындағы Ресей империясының ішкі губернияларының қазақтары) атты диссертациясын қорғағаны үшін берілді. Бұл мәліметтерді Қазақстан Республикасының ұлттық ғылыми порталы NAUKA.KZ сайтынан табуға болады.

Сонымен қатар, ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы қадағалау және аттестациялау комитеті Қабылдинов Зиябек Ермұқанұлының жоғарыда аталғын тақырыптар аясында жүргізген нәтижелі ғылыми зерттеу жұмыстарын жоғары бағалап, 2009 жылы оған тарих мамандығы бойынша профессор ғылыми атағын берді.

Келтіріп отырған мәліметтер В.А. Сириктің құрастыруымен жарық көрген «Из истории казахско-российских отношений. XVIII век» атты құжаттар жинағының тақырыбы З.Е. Қабылдиновтың ғылыми зерттеу шеңберіне кіретінін көрсетіп отыр.

Демек, «Алматылық тарихшы Марат Туғанбаев» есімді автор TAISOIGAN.KZ сайтына жариялап отырған мақаласын жала жабудан бастап, оқырмандарына қате, теріс, шындыққа жанаспайтын пікір қалыптастырумен жалғастырып отыр.

«Пайда ма, әлде зиян ба?» мақаласының авторы – «сарапшы мырза» TAISOIGAN.KZ сайтының оқырмандарына саналы түрде жалған мәлімет таратқанымен қатар, 17 түрлі сын айтқан. Сын-пікірлерін шартты түрде 2 топқа жіктеуге болады. Бір бөлгі – «Из истории казахско-российских отношений. XVIII век» құжаттар жинағын, екінші бір бөлігі – т.ғ.д., профессор Қабылдинов Зиябек Ермұқанұлы бастаған Қазақ елінің белді тарихшы ғалымдары мен жас ізденіші мамандарды қаралауға арналған. Айтылған сын-пікірлері қаншалықты орынды екен?

Сын-пікірлердің алғашқы тобын қарастырып көрейік. «Алматылық тарихшы Марат Туғанбаев» мырза біріншіден, «Тарих институтының 1961, 1964 жылдары шығарған екі томдық «Қазақ-орыс қатынастарының» заңды жалғасы ретінде үшінші томы болуы керек еді» деген сын тартып отыр. Тарихи білімі жоқ немесе жалпы алғанда, тарихтан хабары жоқ кісілер бұл пікірмен әбден келісуі де мүмкін.

Кеңестік идеология бойынша тарих, әдебиет, театр, киномотография және т.б. салаларда жарық көріп жатқан кез келген туынды таптық көзқараста жазылып, қатаң партиялық цензураға ұшырап отырды.

Сонда, «сарапшы мырза» ойлануы керек. Тарих институтының 1961 және 1964 жылдары шығарған екі томдық «Қазақ-орыс қатынастары» құжаттар жинағы – ХХ ғасырдағы кеңестік тарихшы ғалымдардың құрастырған мұрасы, коммунистік партия идеологиясы тұрғысынан пайымдалған еңбек. Есесіне, кіріспесінде Қазақстанның Ресейге «өз еркімен қосылғаны» – прогрессивтік тарихи маңызы бар әрекет ретінде дәріптелген. Олай болса, ХХІ ғасырда ҚР БҒМ Ғылым комитетіне қарасты Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты ұжымы ғалымдарының тарихи тұрғыдан зерделеп жариялаған «Из истории казахско-российских отношений. XVIII век» құжаттар жинағы ХХ ғасырдың 60-жж. жазылған кеңес еңбектерінің жалғасы бола ала ма? Жалғасы болуы керек пе?

Кеңестік идеология жағдайында жазылған таптық көзқарастағы еңбектер Тәуелсіз Қазақ елінде, «Алматылық тарихшы Марат Туғанбаев» мырза айтқандай, «заңды жалғасын» табуы керек пе? Олай болса, Елбасының бастамасымен 2004 жылдан бастап «Мәдени мұра» бағдарламасы, 2013 жылдан бастап «Халық – тарих толқынында» бағдарламасы және 2017 жылдан бастап «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар бекер ме?

Көріп отырғанымыздай, бұның барлығы риторикалық сауалдар. Себебі, ұлттық сана қалыптастыру жағдайында барлық тарихи зерттеулер ұлттық тарихи сана тұрғысынан жазылуы керек. «Из истории казахско-российских отношений. XVIII век» – ұлттық бағытта жазылған құжаттар жинағы.

Құжаттар жинағы «Ұлы дала тарихы мен мәдениеті» ғылыми жобасының аясында іске асырылып, екі ғылыми мекеменің – Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен РФ Омбы облысының мемлекеттік тарихи архивінің ынтымақтастығының нәтижесі болып табылады.

«Пайда ма, әлде зиян ба?» мақаласының авторы екінші сын ретінде құжаттар жинағында: «кейбір адам аттары мен түсінбеген атаулардың мағынасын қалай берілді екен деп комментарийды қарасам ондай дүние берілмеген» деп ашынып жазуда. «Сарапшы мырзаның» айтып отырғаны екі мәселе. Біріншісі – кейбір адам аттарының мағынасы және екіншісі – түсінбеген атаулардың мағынасы. Өз басымыз әлемдік тәжірибені ескерсек те, құжаттар жинағында адам аттарының мағынасы берілетінін естімеппіз де, көрмеппіз де. Екінші мәселесінде «түсінбеген атаулар мағынасы» деп нені меңзеп отыр? Жер-су атауларының мағынасы ма? Көнерген сөздердің мағынасы ма? Ол да түсініксіз, мардымсыз. Есесіне, аты аталған құжаттар жинағы филологиялық еңбек – түсіндірме сөздігі емес.

Дегенмен де, құжаттар жинағында 439-464 беттер аралығында «Есімдер көрсеткіші», 465-475 беттер аралығында «Географиялық атаулардың көрсеткіші» және 476-477 беттер аралығында «Көнерген сөздер мен сөз тіркестерінің көрсеткіші» әліппелік ретпен берілген.

«Алматылық тарихшы Марат Туғанбаев» үшінші сын-пікірінде «құжаттар жинағын тарихшы емес филолог құрастырып отыр» деген жалған ақпаратын ұсынып отыр. «Из истории казахско-российских отношений. XVIII век» құжаттар жинағының құрастырушысы – В.А. Сирик. Расында да, Виталий Александрович бакалавриатта алған білімі бойынша тарихшы емес, бірақ филолог та емес. Ол Павлодар университетін тәмәмдаған экономист.

Ендігі кезекте, Виталий Сириктің екінші жоғары білімі, магистр академиялық дәрежесіне назар аударайық. Ол 2020 жылдың наурыз айында Ф.М. Достоевский атындағы РФ Омбы мемлекеттік университетінің тарих факультетінде оқуын аяқтап, «Культура повседневности казахской кочевой элиты Среднего жуза. Вторая половина XVIII века» («Орта жүз қазақтары көшпенді элитасының күнделікті өмір мәдениеті. XVIII ғасырдың екінші жартысы») тақырыбында диссертациясын қорғап, үздік диплом иегері атанды.

«Сарапшы мырзаның» төртіншіден тартқан міні: «... хронологиялық тәртіп сақталынбаған. Мысалы, 17, 19, 20, 27 және т.б. документтерде бір ізділік жоқ». Бұл да шындыққа жанаспайды. Себебі, құжаттар жинағында 1745-1778 жылдар аралығындағы ұсынылған құжаттар келесі хронологиялық тізбекпен берілген:

 

Р/с Құжаттың датасы Құжат номері
1 1745 ж №1
2 1747 ж. №2-№3
3 1748 ж. №4-№14
4 1754 ж. №15-№35
5 1758 ж. №36-№45
6 1759 ж. №46-№56
7 1760 ж. №57
8 1763 ж. №58
9 1765 ж. №59-№66
10 1770 ж. №67-№68
11 1771 ж. №69-№169
12 1772 ж. №170-№177, №179-№180, №192
13 1773 ж. №178, №182-№191, №193-№230, №233
14 1774 ж. №231-№232, №234-252, №259
15 1775 ж. №253-№258, №260-№304
16 1777 ж. №181, №305-№324, №335
17 1778 ж. №325-№334, №336-№363

 

Жоғарыда келтірілген кестеден барлығы 363 құжаттың ішінен алтауының, атап айтсақ, №178, №181, №192, №233, №259 және №335 құжаттарының реті бұзылғанын көреміз. Бұл толықтай құрастырушыдан кеткен кішігірім кемшілік. Проценттік көрсеткішпен есептегенде, шамамен құжаттардың 98,35 проценті хронологиялық бірізділікпен жазылған. Сондықтан, құжаттар жинағындағы 1 проценттен шамалы ғана асқан кемшілік үшін барлық еңбекке қасақана күйе жағу орынсыз деп білеміз.

Бесіншіден, «Рецензенттер Қазақ хандығының тарихын білмейтін мамандар» деген екен. Бұл «сарапшы мырзаның» не сасқаны? «Алматылық тарихшы Марат Туғанбаев» еліміздің кез келген белді тарихшы ғалымына негізсіз айып тағудан сескенбейді екен.

«Из истории казахско-российских отношений. XVIII век» құжаттар жинағына рецензент болған қазақстандық ғалымдар – т.ғ.д., профессор Абдиров М.Ж., т.ғ.д., профессор Мамытова С.Н. және Ресей Федерациясының т.ғ.д., профессор Сорокин Ю.А.

Назарымызды отандық тарихшы рецензенттерге аударайық. Абдиров Мұрат Жеткергенұлы – т.ғ.д. ғылыми дәрежесін алу мақсатында 1998 жылы «Военно-казачья колонизация Казахстана (конец XVI-начало XX в.): опыт историко-эволюционного анализа» («Қазақстанды әскери-казактік отарлау (XVI ғ. соңы – XX ғ. басы): тарихи-эволюциялық талдау тәжірибесі») диссертациясын қорғады. Сонымен қатар, Мұрат Жеткергенұлы «Хан Кучум: известный и неизвестный», «Завоевание Казахстана царской Россией (из истории военно-казачьей колонизации края в конце XVI – начале XX веков)», «История казачества Казахстана» атты монографияларының авторы болып табылады.

Мамытова Сәуле Нәсенқызы т.ғ.к. ғылыми дәрежесін алу мақсатында 2004 жылы «История развития предпринимательства в Прииртышье во второй половине XIX – начале ХХ века» және т.ғ.д. ғылыми дәрежесін алу мақсатында 2010 жылы «Историография генезиса рынка и предпринимательства в Казахстане во второй половине XIX – начале XX веков» атты диссертацияларын қорғады.

Көріп отырғанымыздай, құжаттар жинағының отандық рецензенттері Қазақ хандығының тарихын өздерінің зерттеу объектісіне айналдырған мамандар. Қазақ-орыс қатынастарын зерттеуде маңызды үлесін қосып жүрген ғалымдар.

Сыншы автор «алтыншыдан, кез келген құжаттың түпнұсқасы Москва немесе Санкт-Петербургте сақталса, көшірмесі Омбыда немесе керісінше болуы тиіс. Бұл жинақта дұрыс көрсетілмеген» дейді. «Из истории казахско-российских отношений. XVIII век» құжаттар жинағын қолына алған кез-келген оқырман айтылып отырған сынның жалғандығына көз жеткізе алады. Себебі, барлық 363 құжаттың соңында оның толық сілтемесі, яғни архив атауы, қордың, тізімдеменің, істің және парақтың номерлері толық көрсетілген. Қай құжаттың түпнұсқасы (№1-№13, №15, №17-№19, №26-№27, №30, №34-№37, №39-№46, №48-№51, №53-№56, №58-№60, №63-№64, №66-№111, №113-№116, №118-№124, №126-131, №133-№173, №175-№323, №325-№331, №333-№334, №339-№346, №348-№363), қай құжаттың көшірмесі (№16, №20-№25, №28-№29, №31-№33, №38, №47, №52, №57, №61-№62, №65, №112, №117, №125, №132, №324, №332, №335-№338, №347) пайдаланғаны туралы ақпарат берілген, тек бір ғана құжат (№174) бойынша, белгілі бір себептермен, бұндай мәлімет жазылмаған. Проценттік көрсеткішпен санағанда, 99,7 проценттен аса құжаттарда түпнұсқасы не көшірмесі пайдаланылғандығы туралы ақпарат берілген. Бұл кезекті сынның негізсіз екендегін дәлелдейді.

«Сарпшы мырза» жетінші сын-пікірінде т.ғ.д., профессор Қабылдинов Зиябек Ермұқанұлын тақырыпқа қатысты өзіне дейінгі зерттеушілердің еңбектерін қарамады деп айыптап, мақаласында «тың дерек тапқандай жаһанға жар салып, Омбыдағы жабық қорды мен аштым деуден тынбауда» деген популистік қауесет таратты. Архивте ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысқан кез-келген зерттеуші, тарихшы архив құжаттарымен жұмыс істеу тәртібімен және ережесімен таныс. Осы ереже бойынша әрбір зерттеуші қолына алған іспен таныспас бұрын, сол істің бетінде тұрған «құжаттарды пайдалану парағын» толдырады. «Құжаттарды пайдалану парағында» зерттеуші өзінің аты-жөнін, істің пайдаланған күнін, пайдаланған парақ номерлерін, құжаттарды қандай мақсатта пайдаланып отырғанын (монография, диссертация немесе басқа да ғылыми жұмыс жазу мақсатында) құжаттарды қандай сипатта пайдаланғанын (көшіріп алу, көшірме немесе сканерленген нұсқасын жасау) көрсетеді және қолтаңбасын қалдырады. Зерттеуші аталып отырған «құжаттарды пайдалану парағының» негізінде бұл істің оған дейін зерттеушілердің пайдаланғандығы немесе пайдаланбағандығына, ішіндегі мәліметтердің ғылыми айналымға тартылғандығы немесе тартылмағандығына көз жеткізе алады.

Сондықтан, құжаттар жинағында аз зерттелген және осыған дейін ғылыми айналымға енбеген архив құжаттары басылды деген ақпаратқа күмән келтіру орынсыз. Себебі, осы жинақта Қазақстан мен Ресейдің екі ғылыми мекемесінің, біріншісі – Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының, екіншісі – Омбы облысының тарихи архивінің бірлескен археографиялық жұмыстарының нәтижесінде анықталған архив құжаттары жарияланып отыр. Қазақстанның немесе Ресейдің бірде-бір ғылыми мекемесі өз беделіне, репутациясына нұқсан келтіруге ниеттенбейтінін де екергеніміз абзал.

«Алматылық тарихшы Марат Туғанбаевтың» пікірінше, «оныншыдан, құжаттар жинағын жүйелеп жинауға кемінде екі-үш жыл уақыт кетеді. Ал Қабылдинов үшін жинақ шығару ермекке айналғандай». Осы мәселені талқыламас бұрын, «сарапшы мырзаның» «Пайда ма, әлде зиян ба?» мақаласында «Қазақ-орыс қатынастары» тақырыбы аясында 1961 және 1964 жылдары екі томдық құжаттар жинағының басылып шыққанын мысал ретінде келтіргеніне назар аударайық. 1961 жылы жарық көрген 1-томға 276 архив құжаты енгізілген болса, 1964 жылы баспадан шыққан екінші жинаққа 359 архив құжаты енген. Көріп отырғанымыздай, ХХ ғасырдың 60-жж. жарияланған, бұл екі жинақтың уақыт арасы шамамен 3 жылдай ғана.

Енді бүгінгі күнге оралайық. Біз ХХІ ғасырдың Төртінші өндірістік революция жағдайында өмір сүріп жатырмыз. Ғылым да, Әлем де алға басып келе жатыр. Өткен ғасырдың 60 жылдарымен салыстырғанда техникалық мүмкіндіктеріміз әлдеқайда жоғары.

Расында да, қазіргі күні, 50-60 жыл бұрынғыдай, құжаттар жинағын жүйелеуге кемінде екі-үш жыл уақыт кете ме?

«Пайда ма, әлде зиян ба?» мақаласында көрсетілген екінші топтағы сын-ескертулер Қабылдинов Зиябек Ермұқанұлының жеке басына, атқарып жүрген басшылық пен ғылыми қызметіне бағытталған. Бірақ, олардың барлығы негізсіз жала жабу болып табылады.

Мысалы, Зиябек Қабылдиновтың 2019 жылдың 23-маусымда өзінің ресми facebook парақшасына жариялаған постына назар аударайық. Бұл жерде Зиябек Ермұқанұлы Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры қызметіне тағайындалғанына 2 жыл толғанына орай, ұжым болып атқарған қызметіне есеп берген. Қаржылық, материалдық және моральдік-психологиялық жағдайы аса ауыр, мүшкіл деңгейге жеткен ТЭИ өз беделін қайтара бастағанын және 27 жыл бойы жасалмаған ішкі мемлекеттік аудиттің өткізілгенін атап өтті.

Институт директоры ұжымның бірлескен жұмысының және Ғылым комитеті мен ҚР БҒМ-нің белсенді қолдауының арқасында төмендегі жетістіктерді тізіп берді:

1) ТЭИ-ның қаржыландыруы 19 есе өсті;

2) Тәуелсіздік алғаннан бері алғаш рет 6 жас қызметкер баспана алды;

3) Институттан өте алшақ тұратын 10 қызметкер қоғамдық көлікте жүру үшін ай сайын жол жүру билеттерін алып отыратын болды;

4) жұмысқа 19 ғылым кандидаттары мен докторлары және философия докторлары қабылданды;

5) ТЭИ сайты 6 тілде қызмет көрсететін болды;

6) 69 отандық және шетел ҒЗИ-мен, архивтермен, ЖОО-мен және музейлермен ынтымақтастық туралы келісім-шарттар жасалды;

7) саны 10-нан аса еңбектер жарияланды;

8) ТЭИ ғалымдары География және Ақпараттық технологиялар интституттарымен бірлесе отырып, әлем бойынша ерекше «Қазақстан Халықтары» атты ғылыми-тарихи Интерактивті картасын жасады, Археология институтымен бірлесіп, «Қазақстанның киелі географиясы» кітабын 2 тілде басып шығарды;

9) 2018 жылдың нәтижесі бойынша Елбасы – Алғашқы президент қоры ТЭИ-ның Жас ғалымдар кеңесін республика бойынша үздік деп таныды;

10) ТЭИ-ның Ардагерлер кеңесі қалпына келтірілді;

11) Институттың Қамқоршылық кеңесі ұйымдастырылды;

12) ТЭИ этнология мамандығы бойынша магистрлер мен философия докорларын дайындау үшін алғаш рет лицензия алды;

13) ТЭИ 3 мемориалдық кабинет жабдықтады.

Жоғарыда атап өткен жетістіктерге қоса, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы ТЭИ директоры т.ғ.д., профессор З.Е. Қабылдиновтың 2019 жылғы қорытынды есебінен келесі деректерді келтіруге болады:

  1. бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру бойынша 2 жоба, гранттық қаржыландыру бойынша 6 жоба және 3 мемлекеттік тапсырма орындалып жатыр;
  2. 5 монография, 3 құжаттар жинағы, 3 оқулық пен оқу құралы, Scopus пен WOS компанияларының халықаралық деректер қорында индекстелетін, импакт-факторы нольден жоғары баспаларында 11 ғылыми мақала, РИНЦ деректер қорына кіретін шетел баспасында 21 ғылыми мақала, ҚР БҒМ БҒСБК ұсынған ғылыми журналында 43 мақала, конференциялар жинақтарында 92 мақала және басқа да баспаларда 41 мақала, сонымен қатар, БАҚ мен сайттарда 178 баяндама жарық көрді;
  3. т.ғ.д., профессор А.У. Тоқтабайдың жетекшілігімен Өзбекстанға (Науаи, Бұхара, Ташкент облыстарына), т.ғ.д., профессор С.Е. Ажигалидің жетекшілігімен Қарағанды облысына, Б.К. Смагулов пен Г.У. Орынбаеваның жетекшілігімен Түркістан, Ақмола, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарына этнографо-этноархеологиялық экспедициялар ұйымдастырылды;
  4. Архив-2025 бағдарламасы аясында РФ, Украина, Венгрия және Польша мелекеттерінің қалалары бойынша, ТЭИ-ның 31 қызметкерінің қатысуымен, 11 археографиялық экспедиция өтті;
  5. 2019 жылы ТЭИ 8 халықаралық және 12 республикалық конференция, 13 дөңгелек үстел, 5 әдістемелік семинар, 5 презентация мен көрме, сонымен қатар, шетелдік ғалымдармен 5 кездесу өткізді;
  6. Институт қызметкерлері 2017 жылы – 4, 2018 жылы – 10 және 2019 жылы – 15 мемлекеттік награда (марапат) мен сыйлықақы алды;
  7. 18 қызметкер жалдамалы баспанаға өтініш берді.

«Алматылық тарихшы Марат Туғанбаев» т.ғ.д., профессор З.Е. Қабылдиновтың қазақ тарихы ғылымын дамыту жолында жасап жатқан әр әрекетін, кез-келген ғылыми еңбегін өзіне қарсы қаншалықты пайдалану ниеті болса да, онысы іске аспайды. Себебі, ақиқатты бұрмалау оңай шаруа емес.

Сонымен қатар, З.Е. Қабылдиновтың қарамағында қызмет етіп жүрген ғалымдарға, Мысалы, тарих мамандығы бойынша философия докторы (Ph.D.) М. Қозыбаеваға да топырақ шашылды. Мақала авторы он жетінші сын-пікірінде былай деген: «... М. Қозыбаева биылғы жас ғалымдар арасындағы байқауда тағы да жоба жетекшісі ретінде бір жобаны жеңіп алды. Ең қызығы, тағы да өзі айналыспаған кезең бойынша ұсынылған жоба. Тақырып келгенімен, кезең келмейді». Қызық екен, ғалымның өзінің зерттеу тақырыбының хронологиялық шеңберін кеңейткені де кемшілікке айналып, қылмыс болғаны ма?!

Ең сорақысы, «сарапшы мырза» ғылыми дәрежесі жоқ, ғылыми жолын енді ғана бастап келе жатқан жас ізденушілерге де күйе жағудан тайынбаған.

Нақты айтар болсақ, «Алматылық тарихшы Марат Туғанбаев» тоғызыншы сын-пікірінде былай деген: «Қазақ хандығы жобасы бойынша докторант Ф. Лебайды Ресейдің Барнаул қаласынан қазақ хандығына қатысты құжат іздетіп жібергені Қабылдиновтың мәселеден мүлдем хабары жоқ екендігін тағы айғақтай түседі». Оқырман қауымға жалған ақпарат таратып отырған «сарапшы мырза» есімі аталған докторанттың Ресей Федерациясының Барнаул қаласына барғандағын дұрыс көрсеткенімен, оның іс-сапарының мақсатын бұрмалап жіберген. Себебі, ол Барнаул қаласына «Ұлы Дала тарихы мен мәдениеті» жобасы аясындағы зерттеу тақырыбына байланысты ғылыми-зерттеу жүргізу мақсатында барған. Күмән тудыратын хэйтерлер де болуы мүмкін. Мұндай күдік тудырған ойларды жас ізденуші ғалым Ф. Лебаев Барнаул қаласындағы РФ Алтай өлкелік мемлекеттік архивінен (ГААК) әкелген архив материалдарымен және құнды тарихи карталармен сейілте алады.

Қорыта келгенде, 2020 жылғы сәуір айының 18-жұлдызында «Алматылық тарихшы Марат Туғанбаевтың» TAISOIGAN.KZ сайтына жариялаған «Пайда ма, әлде зиян ба?» мақаласына жан-жақты талдау жасау керек. Оның сын-пікірлеріне шынайы баға беру керек. Әсіресе, тиісті органдар «сарапшы мырзаның» және TAISOIGAN.KZ сайты иелерінің әрекеттеріне «Жала жабу» және «Көрінеу жалған ақпарат тарату», яғни Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 130 және 274 баптары шеңберінде баға беру керек деп ойлаймыз.

«Алматылық тарихшы Марат Туғанбаев» мырзаға айтпағымыз, әлемді жайлаған пандемия кезінде үйде жатып домалақ арыз жазып, біреудің еңбегін жоққа шығарып, қаралап күнәға батқанша, ел бірлігін сақтап «тәж» аталатан тажалға қарсы тұруға шақыратын, елдің еңсесін көтеретін бір мақала жазсаңыз, өзіңіз «Пайда ма, әлде зиян ба?» деп жазғаныңыздың пайдасы және жақсы амалы болар еді.

Мұндай домалақ арыздар азаматтығымыз бен елдігімізге сын. Елдік пен ел бірлігін ойлайық. Қасиетті рамазан айында адамзат баласына қайырлы жақсы амалдарды жасау парыз. Өзінің еңбегімен елге танылған т.ғ.д., профессор Қабылдинов Зиябек Ермұқанұлы сияқты елжанды, отаншыл әріптесімізді жалақорлардан қорғап, араша түсу біздің азаматтық парызымыз.

 

 

ТОРҒАЙ-ТОБЫЛ ТАРИХШЫЛАРЫ

Пікірлер