«Желкек» – Жүсіпбек пе?!

455

Әйгілі «Қазақ» газетінің 29 қарашадағы №159 санында «Желкең» деген бүркеншек атпен «Баяғы жұт қоянда» деп аталатын өлең жарияланады. Өлең 1998 жылғы «Қазақ» энциклопедиялық жинағына енгізілмеген. Бұл өлеңде «Қоянның»  қаһары нақты көрініс береді. Өлең былайша басталады:

Жаз құриды, күз ызғырды,

Жапалақтап жауды қар.

Боран шықты, босып ықты

Сарыарқада жүрген мал.

Өлеңнің бірінші шумағының өзі қоянның тосын мінезін танытып тұр.  Ауа-райының қолайсыздығынан қазақ шаруасының басты   кәсібі малдың босып ыққаны баяндалады. Соның салдарынан қазақ шаруасын алдағы уақытта бұдан да зор шығындар күтіп тұрғаны сезіледі. Шығынға батқан шаруаның малы ғана емес, жаны да. Ол  мына бір шумақтан айқын көрініс тапқандай:

Із көрінбей, жеті күндей,

Ығын болып лайсаң.

Уа! Қырылды, төбе үйілді

Өлген мал мен үскен жан.

 

Жазғы малдан аз-ақ қалған,

Тоқсан туа қазақта.

Қойекең де қыс бекіне

Шындап салды азапқа.

«Қоянның» салған әлегінен жан қайғы боп отырған қара халықтың осы сәттегі күйін  ақын былайша жеткізеді:

 

Боран қоймай, күн ашылмай,

Халық жігері құм болды.

Жан қайғы боп, малда жай жоқ

Сәуле қайда елге енді?!

«Күннің жаманы кетеді» деген қазақтың «Қоянға» қарсылық көрсетер қауқарының қалмағандығы  қорытынды  мына бір шумағынан көрінеді:

Сонша қаза ортасында

Тек тілегі шаруаның:

«Не қылсаң да, малды алсаң да,

Жазың көрсет Құдайым! [1]

Соғыс кезеңіндегі қоян жылындағы қыс суығы жығылған үстіне жұдырық болып, тосын мінез танытуы халыққа оңай тимегені анық. Бұл өлең қазақ халқының басынан қиын-қыстау заманды өткергенінің айқын дәлелі болуымен де құнды саналады.

«Қазақ» энциклопедиялық жинағының бүркеншек есімдер көрсеткішінде  «Желкек» бүркенші есімі Ж.Аймауытұлына тиесілі екендігі көрсетілген. [2,553]  Әрі бұл өлең қолымызға түскен Ж.Аймауытовтың  2002 жылғы өлеңдер жинағына енген. Кітапқа түсінік жазған ғалым С.Қирабаев осы өлеңге қатысты мынадай пікір айтады: «Баяғы жұт қоянда – Жүсіпбектің алғашқы баспа жүзін көрген өлеңі. 1915 жылы «Қазақ» газетінде (№159, 29-қарашада) басылған, қол қойған – Желкек. Желкек, Желкен, Жанақ деген псевдонимді бұл кезде Жүсіпбек көп пайдаланған. Алғашқы шығармаларын осы атпен жариялаған. Өлеңнің құрылымы, көркемдігі оның алғашқы тәжірибе екенін, төселмеген жас автордың қолынан шыққанын байқатады. Жинаққа «Қазақ» газетінен алынып жіберіліп отыр.»[3,266] Түпнұсқамен салыстырып қарағанда, Ж. Аймауытов жинағындағы өлеңнің мәтіндік текстіндеелеулі өзгерістер орын алғанын байқаймыз. Орын алған өзгерістерді көрсету үшін түпнұсқа мен жинақтағы өлеңдерді қатар беріп отырмыз: (асты сызылған сөздер түнұсқаға сай келмейді).

 

Газетте: Ж. Аймауытов жинағында:
 Жаз құриды, күз ызғырды,

Жапалақтап жауды қар.

Боран шықты, босып ықты

Сарыарқада жүрген мал.

 

Із  көрінбей, жеті күндей,

Ығын болып лайсаң.

Уа! Қырылды, төбе үйілді

Өлген мал мен үскен жан.

 

Жазғы малдан аз-ақ қалған,

Тоқсан туа қазақта.

Қойекең де қыс бекіне

Шындап салды азапқа.

 

Бұрынғыдан енді жаман,

Ақ басқын мен жел қатты.

Әрбір жерде малдар төбе

Төбе болып бұл жатты.

 

Арық малға аш қасқыр да,

Күнде қонақ боп кетті.

Қалған малдан, аш адамнан

Күдер үзер кез жетті.

 

Боран қоймай, күн ашылмай,

Халық жігері құм болды.

Жан қайғы боп, малда жай жоқ

Сәуле қайда елге енді?!

 

Сонша қаза ортасында

Тек тілегі шаруаның:

«Не қылсаң да, малды алсаң да, Жазың көрсет Құдайым![1]

 

 

Жаз құриды, күз азғырды,

Жапалақтап жауды қар.

Боран шықты, босып ақты

Сарыарқада жүрген мал.

 

Әз  көрінбей, шықты күндей,

Ағын болып лайсаң.

Ау құрылды, төбе үйілді

Өлген мал мен өскен жан.

 

Жазғы малдан аз-ақ қалған,

Тоқсан туа қазақта.

Қойекең де қыс бекіне

Шындап салды азапқа.

 

Бұрынғыдан енді жаман,

Ақ басқын мен жел қатты.

Әрбір жерде малдар төбе

Төбе болып бұл жатты.

 

Арық малға аш қасқыр да,

Күнде қонақ боп кетті.

Қалған малдан, аш адамнан

Күдер үзер кез жетті.

 

Боран қоймай, күн ашылмай,

Халық жігері құм болды.

Жан қайғы боп, малда жай жоқ

Сәуле қайда елге енді?!

 

Сонша қазына ортасында

Тек тілегі шаруаның:

«Не қылсаң да, малды алсаң да,

Жазың көрсет Құдайым![3]

 

 

Бірінші шумақтың бірінші тармағы жалпы жыл мезгілдерінің табиғат заңдылығына бағынып, орын ауыстырған көрінісін суреттеп тұр. Өлеңнің түпнұсқадағы «күз ызғырды» деген бірінші тармағын «күз азғырды» деп оқу орынсыз көрінеді. «Азғыр» сөзінің өлеңде қолданылуы жыл мезгіліне тән суреттеуді бере алмаған. Қазақ әдеби тілінің сөздігіне үңілер болсақ,  «ызғыр –үйіре соғу, үру» [4,637] деген мағынаны білдіреді. Сөздікте «ызғыр жел» тіркесі берілген де,  оның мағынасын «үйіре соққан жел» деп түсіндірген. Ендеше табиғаттың күз мезгілінде  үруін, үйіре соғуын заңды құбылыс деп есептеуге болады. Қоян жылының табиғатын суреттеген өлеңде келген күздің «азғыруынан емес» «ызғырынан» немесе  «үйіре соғып,  үруінен» жаздың ақын тілімен айтқанда «құрығанын» байқауға болады. Үшінші тармақта малдың боран шыққанда «босып ағуы» да қисынға келмейді. Бораннан малдың ыққа  қарай босып қашуы өлең мағынасына сай.Түпнұсқадағы «ық» сөзінің беретін мағынасы: «жауын-шашында, қатты боранда малдың (қой мен жылқы) өз орнынан ауа көшуі, ық іздеп кетуі.» [4,640] Демек, түпнұсқадағы «ық» сөзін өзгертпей, сол күйінде оқысақ,  өлең  мағынасының айқындала түсері сөзсіз.

Түпнұсқадағы екінші шумақтың бірінші тармағы «Із көрінбей, жеті күндей» деп басталады. Және бұл тармақ мағына жағынан келесі «Ығын болып лайсаң» деген  тармақпен тығыз байланысты боп келеді. Ал Ж.Аймауытов жинағында сөздердің  арасында байланыс болғанымен, ақын суреттеген өлең мазмұнын аша алмаған. Екінші тармақтағы «ығын» сөзі жинақта «ағын» деп көрсетілген. Егер сөздіктен қарайтын болсақ, түпнұсқадағы «ығын» сөзі «ағынды су» [4,625] мағынасын беретін боп шығады. Үшінші тармақтағы «ау құрылды» тіркесі түпнұсқа бойынша  «Уа! Қырылды» болуға тиіс еді.  Өлеңнің төртінші жолында «өлген мал мен өскен жан» тіркесі  емес,  «үскен жан» тіркесі қолданылуы керек. Сонда шумақ мазмұны  «лайсаң ағынды судан» апта уақыт із (мал-жан) көрінбей, суықта «үскен жан» мен «өлген малдың» қырылып, төбе боп үйілген суретін  көз алдымызға әкеп береді.

Жинаққа енген үшінші, төртінші, бесінші, алтыншы шумақтар түпнұсқаға сай берілген. «Қоянмен» бірге келген жұттың  жұртқа салған салмағы жеңіл болмағаны анық елестейді.

Жетінші шумақтағы  өзгеріс – бірінші жолдағы «қазына» сөзінің берілуінде. Өлең қоян жылындағы жұт туралы болғандықтан, ақын «Сонша қазына ортасында» деп айтқысы келмеген сияқты. Алдыңғы шумақтардағы «үскен жан мен өлген мал» немесе  «әрбір жерде малдар төбе» секілді тармақтарды алатын болсақ, «қаза» сөзінің өлең мәтініне біртабан жақын бола түсері анық. Жинаққа енген «қазына» сөзі түпнұсқаға сай берілмегендіктен  бұл сөз өлең мағынасын аша алмайды деп кесіп айтуға болады.

«Қазақ» энциклопедиялық жинағында Ж.Аймауытұлына тиесілі деп көрсетілген «Желкең» бүркеншек есімі әлі де болса анықтап, зерделей  түсуді талап етеді. Себебі, филология ғылымының кандидаты Нұржан Қуантайұлы «Желкең» бүркенші есіміне қатысты мынадай бір дәлелді пікір ұсынады:  «Ғасыр басындағы қазақ мәтбұғатын жүйелеп, ретке келтіруде аса үлкен еңбек сіңірген белгілі библиограф-ғалым Ү.Сүбханбердина «Қазақ» газетіндегі «Желкек», «Желкең» бүркеншек есімдері Ж.Аймауытұлына тиесілі деп болжам жасаған еді. Дегенмен, «Қазақ» газетінің материалдарын аңдап қарап отырып,  «Желкек» деген бүркеншек есім Жүсіпбектікі емес деген қорытындыға келдік. Желкек – Ресей патшасы заманындағы әкімшілік-территориялық бөлініспен айтар болсақ, Ырғыз уезінің адамы болса керек. «Желкектің» өзі емес екенін Жүсіпбек «Бұ да ұлт театры жайында» деген мақаласында  өзі де аңғартады. Бұнда «Бір жағынан елдегі күйлерді жинап, екінші жақтан,  Желкек айтқандайын, ән-күйге қолайы бар қалқанқұлақ балаларды кансербаторияға жібере беру керек» деген сөйлем бар. Көріп отырғанымыздай, «Желкек» немесе «Желкең» дейтін ат Ж.Аймауытұлынікі емес екені айқындалды.» [5,170-171] Жүсіпбектанушы ғалым Н.Қуантайұлының «Еңбекші қазақ» газеті бетінде жариялаған Жүсіпбектің мақаласын тауып, «Желкек – Жүсіпбек емес» деп ой түюі – ғылымдағы  үлкен жаңалықтың бірі. Себебі Желкектің шын мәнінде кім екендігін айқындауға арналған біздің алғашқы баспалдақ – осы зерттеудің негізінде жатыр. Ол – Жүсіпбектің «Желкек» еместігін білгеніміз.

Жүсіпбектің «Желкек» еместігін білгеннен кейін, «Желкек  Жүсіпбек болмаса, онда кім?» деген заңды сұрақ туындайды. Осы тұста қазақ баспасөзінің тарихын зерттеуші Бейсембай Кенжебаевтің «Бүркеншек аттар» мақаласына үңілмеске шарамыз қалмайды. Себебі осы мақалада «Желкең» бүркенші есімі «Байқаушы» бүркенші есімінің ашылуына себепкер болған Телжан Шонановқа тиесілі [6,12] екендігі көрсетілген. Ғалым Н.Қуантайұлының«Желкек – Ресей патшасы заманындағы әкімшілік-территориялық бөлініспен айтар болсақ, Ырғыз уезінің адамы болса керек» деген   пікірін алға тартсақ, Б.Кенжебаевтың осы көрсетуін әбден дұрыс деп есептеуге болатындай. Өйткені «Байқаушыны» А.Байтұрсынов деп  көрсетіп, сол «Байқаушы» бүркенші есімінің ашылуына  себепкер болған Т.Шонановтың орыс тіліндегі мақаласын қазіргі жазуға түрлендіріп, оны орысшадан қазақшаға еркін аударма жасаған  Б.Байғалиевтің  Ә. Тәкеновпен бірге  анықтаған дерек көздері бойынша  Телжан Шонанұлы 1894 жылы 17 желтоқсанда Торғай облысына қарасты Ырғыз оязы, Аманкөл болысы, 4-ші ауылда (қазір Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы, Ұ.Құлымбетов атындағы кеңшар, Аманкөл ауылы)  дүниеге келген. [7, 4] Осы деректерден басқа, Т.Шонановтың «Ахмет Байтурсынович Байтурсынов в области народного просвещения и литературы» деп аталатын мақаласындағы А.Байтұрсыновтың «Туған тілім» өлеңінің алғашқы бірінші шумағы мен соңғы шумақтың екі жолын орыс тіліне «Родной язык» деп айдар тағып,  аударғанын ескерсек, «Қазақтың» 29 қарашадағы №159 санында «Желкең» бүркенші есімімен  жариялаған «Баяғы жұт қоянда» өлеңін Т.Шонановқа тән деп есептеуіміз бекер болмаса керек.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

 

  1. Субханбердина Ү. Дәуітов С. Сахов Қ.«Қазақ» газеті. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы, 1998. – 560 б.
  2. Желкең. Баяғы жұт қоянда // Қазақ,1915, №159, 29-ноябрь
  3. Аймауытов Ж. Бестомдық шығармалар жинағы.Бірінші том. – Алматы: «Жібек жолы», 2002. – 280 б.
  4. Қазақ әдеби тілінің сөздігі. Он бес томдық. 15-том. Ү - Я / Құраст.: Жаңабекова А. Жанұзақов Т. Әбілқасымов Б. т.б. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2011. –   824 б.
  5. В.Қ.Күзембаева. Қайта оралған қаламгер: (Халқымыздың көрнекті қоғам қайраткері, ғалым, жазушы Жүсіпбек Аймауытұлына арналады) – Алматы: «Орталық ғылыми кітапхана», – 272 б.
  6. Адырбекова Б. Бейсембай Кенжебаев:Бүркеншек аттар// Қазақ әдебиеті, 1994,№41,14-қазан
  7. Тәкенов Ә., Байғалиев Б. Телжан Шонанов // Халық кеңесі. – 1994, №124, 1-қыркүйек

 

 

Әл – Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің Фиология және әлем тілдері факультетінің1 – курс студенті Асанғожа А.

Жетекшісі : Тарих факультетінің профессоры Қозыбақова Ф.

Пікірлер
Редакция таңдауы