Министр: 42 500 теңге үшін соттамаймыз

4246
Adyrna.kz Telegram

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Facebook-тегі өзінің парақшасында 42 500 теңге әлеуметтік төлемді заңды жолмен алғандарды сотқа сүйремейтінін мәлімдеді, - деп хабарлайды "Адырна".

Жұрттың арасындағы қауесетке министр былай деп жауап берді:

"42500 теңге алған үшін соттайды екен туралы.

Біраз заңгерлер алаяқтық үшін қылмыстық жауапкершілік бар екені туралы мақала, не посттар жазуда. Оны 42500 теңгеге қатыстырып келтіруде.

Заңгерлер болғансоң заңды бізден артық біледі ғой. Олардікі дұрыс та шығар, бірақ бұл тек алаяқтарға қатысты.

Сіз ондай емессіз ғой. Сіз ешкімді алдаған жоқсыз.

Мен брифингтерімде, жазбаларымда айтқандай, өздеріңіз үшін - “мен жұмыс, тіршілік жасап (ресми, бейресми), ақша тауып жүр едім, енді төтенше жағдайға қатысты сол табыстан айырылдым” деп шештіңіздер ма? Кейін, мен ескерткендей, өтініш бергенде порталда төмендегі жазбаны тағы да оқып, растап, сөйтіп барып өтінішті жібердіңіз ба? Ондай болса - Сіз айттыңыз, біз сендік. Сіз алдаған жоқсыз. Біз тағайындадық, төледік.
Сол үшін кінәлайды деп еш уайымдамаңыздар.
Дәл мен айтқандай жасаған болсаңыздар, біздің тарапымыздан үйді аралап ешкім тексермейді.

Бұл қайдан шыққан әңгіме дейсіздер ғой.

Соңғы брифингте, бір жүрналист маған - мен жұмыс істеп, тұрақты жалақы алып жүрген адам 42500 теңге алғанын білемін, оны қалай өткізіп алдыңыз, деп сұрады.
Мен оған, біз өтініш беру тәртібін, халықтың сұрауы, талабы бойынша барынша қарапайымдаттық, жұмысберуші өтінішінде қызметкерлерімді ақысыз демалысқа жібердім деп көрсетті, біз оған сендік. Ал олай болмаса, жұмыс беруші жауап береді, оны біз кейін тексеріп аламыз деп жауап қайтардым.
Брифингті көргендер растайтын шығар. Жалпы дұрыс емес пе?
Артынша екінші сұраққа, өтініш берген халықты, үйлерін аралап тексермейміз дедім. “Сіз айттыңыз, біз сендік. 42500 алдыңыз ба, жаратыңыз” дедім.
Солай болады.

Сондықтан, осы жағдайда, өзіңіз үшін тағыда шешіп алыңыз - мен 42500 теңгені алдап алдым ба, жоқ па деп. Әрине жоқ.
Олай болса Сіз ешқандай жауапкершілікке ешқашан тартылмаймыз.
Халық 42500-ге өтініштерін еріккеннен беріп отырған жоқ. Төтенше жағдай болмаса да басым халықтың табысы аз. Жалақы төмен, зейнетақы, жәрдемақы көп емес. Сондықтан біз қарапайым таза халықты артынша тексеріп жатпаймыз.

Аман болыңыздар, өзіңізді, жақындарыңызды мына індеттен сақтаңыздар!".

Осылайша ел ішіндегі алып қашпа әңгімеге Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі нүкте қойды.

Пікірлер