Шымкент қаласы аумағындағы блок бекеттерде тұрған қызметкерлерге үш мезгіл ыстық тамақ жеткізілуде.
Мұндағы полицейлер мен әскерилерге және медицина мамандарына жергілікті кәсіпкерлер мен еріктілер қолдау білдіріп, ас-ауқат жеткізіп, тегін таратуда. Қала аумағында карантитнге жабылған аумақтарда кезекшіліктегі азаматтарға ас апарған еріктілер:
– Төтенше жағдайдың жауапкершілігін жақсы түсінеміз. Сондықтан шектеулерді сақтап, бір-бірімізді қолдап, бірлесе еңбек еткенде ғана дертті ауыздықтай аламыз, дейді.
Бүгінде қала аумағында 669 қызметкер жұмылдырылған 18 блок бекет тәулік бойы жұмыс істеп тұр. 3 ауысыммен қызмет ететін посттарға 237 полиция қызметкері, 168 қарулы күштер, 60 Ұлттық ұлан сарбаздар мен 204 медицина маманы бар.
Санитарлық нормалар бойынша жұмыс істейтін мамандар тұратын аумақ жиі-жиі залалсыздандырылып, бейне камералармен және әуеден бақылайтын дрондармен қамтылған.
Бекеттерде транзиттік көліктер мен олардың жүргізушілерін тексеру қатаң бақылауға алынған.