Бальзактың соңғы махаббаты

405

" Құрметтім, мен күйеуіммен Швейцарияға қарай жолға шығамын. Бұйыртса, алдағы айдың басында Невштальде боламын. Сізбен кездесемін деген асқақ һәм ынтық арман мені ақыры осылай апара жатыр...Асыға күтемін!"- деген қысқаша хатты алысымен қуанышы қойнына сыймаған Бальзак ертерек жол қамына кіріскен. Ақшасы бар болғырдың осындайда қажеттілігі туа қалатыны рас қой, қалтасының тесік екені есіне түскен ол графиня Висконтиге жеделхат жолдаған.
" Аса құрметті графиням, менің жағдайымды сенен артық ешкім білмейді. Менің Швейцарияға жол жүруіме тура келіп тұр. Шұғыл. Соған қаражат керек. Айтпақшы, менің шығармаларымды Русияда да оқып, қызықтап жатқандар бар екенін есіңе сала кетейін дегенім ғой. Өзіңнен қуантарлық жауап күтемін" - Осы сөйлемдерді қолы дірілдеп, қобалжып отырып жазған. Құстай ұшып почта үйінен баспаханаға, одан банкке барған. Қолдыаяққа тоқтамай үйіне келген. Жазушының елпілдеп, есі кетіп жүргенін байқаған Анре, - Оноре де мырза, сізге не болған, түһ, құдды бала болып кеттіңіз ғой - деген таңқалысына сәл жымиып, - Сонау итарқасы қияннан хат жазысып тұрған сүйіктің келе жатса көрер едім...- деп бір әңгіменің ұшын ғана тастай салған. Жазушының оқырмандармен, әйелдермен, бикештермен үзбей хат жазысып тұратынын жақсы білетін Анре, - Алыстан ат терлетіп келе жатқан Ганская ханым емес пе өзі?- деп ол да таңдасын жасыра алмай, сұраулы пішінмен қараған.
- Иә,сол Ганская!
- Мен ол әйелден осындай бір батылдықты күтеп едім- деді Анре, осыдан тоғыз жыл бұрын Ганскаяның өзіне өтініп хат жазғанын есіне түсіріп жатып. Ол хатында Бальзак мырзамен хат алмасып тұруға бір септігін тигізуді өтінген болатын. Екінші хатында жақсылығы үшін зор алғысын білдірген. Міне, сөйткен сол Ганская Еуропаны шарлап, Швейцарияға келе жатыр де. Тоғыз жыл бойы құрмет пен махаббат- сезім дүниесіне толы хаттар жазып, бір көрісуге ынтық болған ғазиз жүрек иесінің бұл келісі ерлікке парапар еді. Әй, бұл сезім, құштарлық дегенді қойсайшы! - Анре сүйікті жазушысының сыртынан сүйсіне қарап тұрып, осы жолы да досына шын көмектескісі келген. Расында солай болды. Ол Бальзактың жолқамын түгел реттеп, графиня Висконтидан келген қомақты ақшаны қайта- қайта санасып, сәт сапар айтып шығарып салған болатын.
Екі күндік жол жазушыны аздап шаршатқан сыңайлы. Ол жол бойында баяғы әдетімен табиғатқа үнсіз көзтастап, әрнені ойлаумен отырса да, ұзақ жыл Евалина Ганскаяның және өзінің оған жазған хаттары жайында үнемі еске алумен болды. Оның зор құрмет пен шынайы ықыласқа толы хаттарынан көп жағдайды аңдаған еді. Үш тілде еркін сөйлеп, жаза алатын білімді, ойлы, өжет, өзі бай келіншектің сонау Русия түкпірінде тұрып жатқанына таңқалатын. Евалинаның хаттарында мұның шығармашылығына, жазушылық қарымына, талантына деген зор құрметпен бірге жүрек түкпірінде шоқтай қоздаған сезім, ынтықтық дүниесі де бар еді. Ол Бальзактан ештемені жасырған жоқ, барын жайып салды. Өзінен жиырма жас үлкен бай көпес поляк Венцеслав Ганскийге күйеуге шыққанын, одан бес бала тапқанын да. Баршылық, тоқшылық өмірін де айтты. Алайда тиіттей мақтанышпен емес. Евалина ханым Париждің газеттерін жаздырып оқитын көрінеді. Сондай бір газеттердің бірінде Бальзак пен графиня Висконтидің арасындағы қарым- қатынасқа қатысты алып- қашпа әңгіме басылған болатын. Өсек десе де болады. Бальзак мұны өсек-аяң, жалақорлардың ісі дейтін. Ганская бір хатында осы " өсек" туралы айта келіп, " Қымбаттым, әрине, мен мұндайға аса сене бермеймін. Сіздің маған адал болу туралы антыңызға сенгенмін, әлі де сенемін, дегенмен де осындай қаңқу сөздердің әйел жүрегіне, нәзік, үркек, секемшіл жүрегіне ауыр тиетінін ұмытпасаңыз екен. Жүрегімізді сақтайық!"- деп аяқтаған. Өтірік сөз не керек, Бальзак та " бұл жала, өтірік әңгіме" деп ақталып хат жазған болатын. Сөйткен Евалина міне, саяхат, сейіл дегенді сылтау етіп, сүйікті жазушысын, алыстан ынтық болған ғашық адамын көруге, бір кеш болса да сөйлесіп, мұғдарласуға бел буып келе жатыр. -Қалай шаттанбассың, қалай қуанбассың! - Бальзак та іштей толқып, жүрегі өрекпіп, осы алғашқы кездесуге ерекше мән беріп, оның алдағы өз өміріне үлкен өзгеріс әкелетініне бек сеніп һәм секемденіп келе жатқан еді.
Жалдаған әдемі пәуеске мұны жасыл желекті орманнан ашық алаңқайға алып шыққаны сол еді, анандайдан көкпеңкөк болып толқып жатқан Невшталь көлі көрінді. Тымық көлдің көрінісі көз тартады. Аспанмен астасып, мөлдіреп жатыр. Таза, тұнық. Тура Евалинаның жанарындай. Бальзак Ганскаяның хатпен бірге жолдаған кербез, көрікті суретін елестеткен болатын . Біздің жазушымыз ақырын мойнын соза қарап, таңырқай отырған қалпы көшірге дауыстап, - "Билла Андре" қонақүйіне! - деген шаттанып. Дәл осы жазда Онеро де Бальзак қырық екіге толған болатын.

( жалғасы бар)

Ерболат Баятұлы

Пікірлер
Редакция таңдауы
Басқа материалдар