Ги де Мопассан және әйелдер

478

Әйел тақырыбы әлмисақтан әдемі, нәзік һәм қиын, талқысы мол тақырып. Жұмырбасты пендеде әйел затымен әуейі болмағаны некен саяқ. Басқасын айтпағанда суық ақылдың иесі, данышпан Сократтың өзі көңіл көтеруге кетәрі болмаған екен. Үйдегі көкдолысынан зәрезеп болған философ оған да уақыт тапқан көрінеді. Көңілдесі болған деседі. Білгіштер жазып кетіпті.

Расында әйелзатына деген көзқарас пен ұстаным қай қоғамда да төмендемеген. Мына бір мәселенің басы ашық біріншісі - әйелге деген қатынасты ашық қоғамға қарай бейімдесе, екіншісі әйелді көптің көзінен тығып ұстауды, өз ләззатының қажеттілігі ретінде қарайтын өзімшілдік, қатаң талап. Тегінен әйелді көңіл көтерудің, сауық- сайранның құралы деген түсінік анау заманнан, бүгінге дейін жалғасып келеді. Оған салтанатты сарайлардағы гаремдер, геталар, гейшалар және батыстағы жезөкшелер үйі дәлел.


Қош, сонымен әйелдің сиқырына арбалмаған, махаббатына тұтқын болмаған еркек жоқ дедік. Солардың зәу басында ақындар, жазушылар, композиторлар мен суретшілер тұр. Бұл - заңды да сияқты. Шығармашылық тұлғаның табынатыны - сұлулық. Сұлулық ең әуелі әйел болмысында. Әйелсіз бір сәт өмір сүре алмаған, соған бар сезім шабытын арнағандардың қатары ұшықиырсыз. Біз білетіндердің біразы мыналар: Рафаэль, Микеланджело, Леонардо да Винчи, Петрарка, Боккаччо, Мольер, Байрон, Шелли, Расин, Вольтер, Бальзак, Гете, Гайдн, Шопен т.б
Міне осы тізімінің белортасынан орын алатын бір ұлы суреткер бар, ол- Ги де Мопассан деген есіммен әлемге танымал болған француз жазушысы. Моппасан не бәрі 43 жыл ғана өмір сүрген. Ол өзі туралы" Мен әдебиетке метеор болып келіп, найзағай болып кетемін"- деген екен. Құдай құлағына сыбырлаған сәуегейлік дейсіз бе?! Расында солай болды.
Ол " Томпышымен"( Пышка) мойындатып, " Өмірімен"( Жизнь) әлемге танытты. Өзін. Шығармашылық зертханасындағы басты тақырып - әйелдер болды. Оны " әйелді әйелден артық білуші"- деп дәріптеді. Өмірі заңды некеге тұрмай, яки үйленбей кеткен жазушының өмірі, оның жүріс- тұрысы, ұстанымы, қарым- қатынасы туралы неше алуан әңгіме күллі Еуропаны толассыз шарлап кеткен болатын. Жұмбақтай көрген. Мопассанның " Заңды некедегі сүйіс деген не тәйірі, ол ұрланған ашыналық сүйістің қасында түкке де тұрмайды"- деуі жазушының жұбайлық некеде болмағандығынан шығар дейсің. Гәп сонда ғана ма? Күні кешеге дейін Мопассанға қатысты 217650 деген цифрдың құпиясы беймәлім болып келген. Франсуа деген білгіштің айтуынша, бұл цифр жазушының қысқа ғұмырында әуейі болған бикештерінің саны екен. Сұмдық! Санаға сыймайтын рекордтық көрсеткіш. Мүмкін бұл өтірік те шығар. Мопассанның "Джон жуандығы" француздың кейбір мадмуазелдерін шошытқан. Өшпенділік туғызған. Әйтпегенде Париждегі ескерткішінде Мопассаннның аяқастына әйел бейнесін қашар ма еді. Түсініксіз. Рухани ұстазы Флобер секілді ол да іріген, шіріген буржуазиялық қоғамды өлердей жек көрген. Оның афоризмдерін әлем жұртшылығы жатқа біледі десе де болады.

"Өмір биік тау секілді, оның шыңына шыққанша бақыттысың. Асықпай жүресің. Ал, шыңына шыққасын саған құлдилау керек. Ол жол өте тез. Алдыңда өлім ғана тұр"- депті әйгілі жазушы.
" Әр адам кітап секілді, әріптері бірдей, бірақ мазмұны әр қалай" - деген сөзіне қалай иланбассың.
" Махаббат та өлім секілді күшті, алайда ол шыныдай шытынағыш". Бұл да Мопассанның сөзі.
Махаббат туралы тағы былай деген екен, " Расында махаббат ең ұлы сезім, бірақ та біз одан көп нәрсені талап етіп, күлпаршасын шығарамыз".
Әлде кімдер " махаббатта тұрақсыз", " опасыз", " қатынқұмар найсап" деген тілдегісі келіп тұратыны сияқты, ұлы жазушының өмір, махаббат туралы нәзік, ойлы тіркестерін, " Томпыш" повесі мен " Өмір" романын оқыған адам ол ойынан өзгеріп, ақтап алғысы келіп тұратыны қалай? Өзгеріп сала бересің. " Өмір" романындағы көктемгі көбелектей ұшып жүретін, жаны да, тұрқы да нәзік, ақ періште көңілімен күллі әлемді құшақтағысы келіп, адалдық, махаббат деген қасиетті, ұлы сезімдерге қылаудай кір жұқтырғысы келмеген, ақыры сұм, аяр, алдамшы өмірден тұттай болып тоналған Жаннаның бейнесі - ақ, адал, әлсіз, қамқор әйелзатына қойылған ең таңғажайып ескерткіш болып қалды. Ал, жазушының өзі ұнатқан, қызығын бөліскен жезөкшелер үйінен шыққан Томпыш ше? Ол - азған, шіріген қоғамның құрбаны болған сорлы һәм өжет, қамқорсыз һәм мейірімді Томпыш ел басына күн туғанда бір күймеде отырған тоқмейіл, тоғышар, тоңмойын, тәкаббар, боқшылықтың қиына белшесінен батқан анау пасық Бревиль мен Корнюденің өзінен асып түседі. Несімен? Нендей жағдайды басынан өткеріп жүрсе де бойындағы мейірім мен махаббатты жоғалтпағанымен артық еді - ол. Ұлы жазушы "жезөкше" деп танылған Томпышын әлем оқырмандарының алдында мәңгілікке осылай ақтап алды. Браво, Мопассан!
Әңгіме Томпыштан шығып отыр ғой, білгіштердің жазуына қарағанда Мопассан толықша келген бәденді бикештерді ұнатқан екен. Ол үшін 90/60/ 90 деген сымбаттылық өлшемі нольге тең болған. Айтпақшы, қазіргі фотомоделдердің топтамасында топ жарып тұрған Эйшел Грем, Мопассаның талғамындағы сұлу екеніне дауым жоқ. Әй, Мопассан- ай! Сен туралы әлі талайлар айтады. Жазады. Бәрібір де мен сені жақсы көремін. Маған жақынсың. Өйткені сен өмірге де, өлшемге де сыймаған ұлы суреткерсің ғой!

Ерболат Баятұлы

Пікірлер
Редакция таңдауы
Басқа материалдар