Билік пен халықтың іс-әрекетіндегі үндестік маңызды

360

Әлемді шарпыған коронавирус індеті мемлекеттерден уақтылы шаралар қабылдауды, жоғары жауапкершілікті және тәртіпті талап ететінін көріп отырмыз. Бұл тұрғыдан алғанда, еліміз проактивті әрекет етіп, жоспарлы шараларды кезең-кезеңімен іске асыруда.
Елімізде алғашқы коронавирус жұқтыру фактісі 13 наурыз күні тіркелген болатын. Президент Қ. Тоқаев осы індеттің ел аумағына таралуына жол бермеу жөнінде нақты ұйымдастыру шараларын қабылдауды 26 қаңтарда, яғни 48 күн бұрын тапсырған екен.
Берілген тапсырмаға сәйкес Үкіметтің ведомствоаралық комиссиясы құрылып, кешенді шараларды жүзеге асыруда.
Алғашқы шаралардың бірі ретінде індет ошағы саналған Қытайдың Ухань қаласынан азаматтарымыз эвакуацияланды. Жолаушылар үшін әуе, теміржол, автобус тасымалы тоқтады. Індеттен сақтану жолдарын ақпараттық түсіндіру жұмыстары да тұрақты жүргізілді.
Ақпанның ортасында Президент Қ. Тоқаев Мюнхен қауіпсіздік конференциясында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (WHO) Бас директоры Т. Гебрейесуспен кездесу өткізіп, аталған ұйым мен еліміздің арасындағы әріптестік, сонымен қатар коронавирустың таралуына қарсы жұмыстарға қатысты өзекті мәселелерді талқылаған болатын.
Осы арқылы мемлекет өзінің індетпен күреске алдын ала дайындалғанын көрсете білді.
Бәрімізге белгілі 16 наурызда Президент ел аумағында төтенше жағдай жариялап, мемлекет радикалды шараларды қолға алды. Дағдарысқа қарсы шараларға 4,4 трлн. теңге қаражат бөлінді. Әлеуметтік аз қамтылған топтарға, төтенше жағдай уақытында жұмыссыз қалғандарға, шағын және орта бизнеске, эпедимиялық күрестің алдыңғы шебінде жүрген мамандарға қаржылай қолдау көрсетілуде.
Әлемдік тәжірибе билік пен азаматтардың арасында өзара қолдау, түсіністік, бірлесе әрекет ету қажет екенін анық көрсетіп отыр. Статистикалық мәліметтерге қарасақ, індетті ең көп жұқтырған алғашқы он елдің қатарында Еуропаның жеті мемлекеті бар. Коронаривустан орасан зор зардап шеккен ел – Италия, бүгінде онда індеттен қайтыс болғандардың саны 12 мыңға таяп қалды. Италия үкіметі алдын алу шараларын дер кезінде қабылдағанына қарамастан, қоғамда індеттің қаупіне қатысты толыққанды түсінік болмағаны айтылуда. Бүгінде бұл ел толықтай изоляцияланған жабық аумаққа айналды.
Сондықтан, бұл індетпен күресте билік пен азаматтардың әрекеті үндес болуы шарт.

 

Жасұланбек Майлыбай,
эксперт

Пікірлер
Редакция таңдауы