Белгілі ақын Аманхан Әлімұлы өмірден озды

614

Белгілі ақын, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, журналист Аманхан Әлімұлы 68 жасында қайтыс болды.

Аманхан Әлімұлы 1952 жылы Түркістан облысы, Отырар ауданы, Қожатоғай ауылында дүниеге келген. Қазақ ұлттық университетін (1980), М.Горький атындағы бүкілодақтық Әдебиет институтының жоғарғы курсын (1993) бітірген. "Қазақ әдебиеті", "Түркістан", "Заң" газеттерінде қызмет істеген. 2012-2020 жылдар аралығында "Ақиқат" журналының бас редакторы қызметін атқарған. 2020 жылдың қаңтарынан бері "Ақиқат" журналының шолушысы.

"Адырна" ұлттық порталының ұжымы ақынның жақындарына, бар қазаққа қабырғасы қайысып көңіл айтады. Бақұл болыңыз, жаны жайсаң жақсы аға...

Есей Жеңісұлы:

2016 жылы ұлы сапарда бірге болып едік. Таңды таңға ұрып әңгіме айтып, талай қызық естеліктерді сапырып, біздің сапарымыз мәнді өтуіне сіз себепші болып едіңіз-ау... Бір әңгімені айтқаныңызды ұмытып, қайта термелей бастағаныңызда: "Көке-ау, мұндай сапарда қасыңдағы адам да сынақ болады деуші еді..." - деп әзілдесек, мұртыңыздан жымиып, еш көңіліңізге алмай, артымыздан томпаңдап еріп жүре беретінсіз. Қасымыздағы мешіттің имамы Зияхан деген молда сізді ерекше жақын тартып, қасына отырғызып, құрмет білдіргенде: "Көке, сіздің местный жігіт екеніңізді біліп отыр", - деп тағы қалжыңдағанбыз.
Жайсаң ағам-ай, сол сапардан кейін атымызды тура атамай, кездескен, қоңырауласқан жерде "Қажыеке" деп тұратын едіңіз. Кетіп қалғаныңыз қалай? Өмірге құштарлық деген сізде орасан еді ғой...
Мынау - пайғамбарымызға алғаш уәқи түскен Нұр тауына өрлеп бара жатқан сәтіміз. Күн 52 градус шыжып тұрса да заңғар таудың басына көтеріліп, тіпті бізді де жігерлендіріп едіңіз.
Иманды болыңыз! Ел тағдырына елеңдеген, қаламымен қайрат көрсеткен қажырлы ер едіңіз. Пайғамбар шапағатына бөленіңіз, иманыңыз саламат болсын, Қажыеке!..

Қуандық Шамахайұлы:

-Қақа, "Ақиқаттың" келесі санына бір сүйекті мақала керек боп тұр. Өзіңізден күтемін! - деп даусы саңқылдап тұратын Аманхан аға бақилық болды деген суық хабарды естіп, сенерімді де, сенбесімді де білмей отырмын. Бір өлеңінде "күзде өлемін" деп жазғаны бар еді. Оншақты жас үлкендігі болса да сан рет сөйлескенде маған "сіз" деп қана сызылып тұрушы еді. Өмірде бетпе бет жүздеспеген екенбіз. Оны Тәңір бізге жазбаған екен. Үнемі телефон арқылы тілдестік. Оның өзінде жасым кіші болып мен өзім телефон соғуды да білмеппін ғой. Ылғи ағам өзі хабарласады. Жарық көрген әңгімелерімді, мақалаларымды оқығанын айтып, әрдайым жылы лебізін білдіріп тұрушы еді. Білімі телегей теңіз, әдеби талғамы қандай биік еді десейші. Ұзақ уақыт сөйлесіп рухани байып, бір серпіліп қалушы едім, амал нешік, енді, Аманхан аға Сіз шынымен жоқсыз дегенде ойлаудың өзі қандай өкінішті. Алланың өлшеп берген ғұмыр жасы осы-ақ болған екен, оған шара бар ма. Неше жерден білімді, дарынды жұртқа танымал, сыйлы болсаңыз да бәзбіреулер секілді мерейтой тойлап, шығармашылық кездесу өткізіп бос ырду-дырдуға әуестенбеген жансыз. Артыңызда сөзіңіз қалды, ойлы терең жазбаларыңыз көңілге медеу. Бақұл болыңыз, аға!

 

Руслан Ербота:

Аманхан Әлімұлы дегенде...

2000 жылдардың басында саяси әлде, әлеуметтік тақырыптағы бір мақалама «Жүз жылдық жалғыздық» романы туралы өз пікірімді бір-екі сөзбен кіріктіріп жібергем.
Ертесі күні ақын Аманхан Әлімұлы телефон соғып, жарты сағаттай сөйлесті. Сырттай ғана танитын, бұрын жүздесіп көрмеген Аманхан Әлімұлы сол күннен ағамдай боп, әдебиетке, поэзияға, прозаға түк қатысы жоқ мына мені қайда жүрсем де сырттай қадағалап жүрді.

«Жас Алашта» жүргенімде «Руслан, қарашы Қарқаралыдан мықты ақын шығыпты». Немесе «Атыраудан мықты ақын келе жатыр, өлеңін қарашы» деп телефон соғып тұрды.
-Аға, одан да досыңыз Есенғалидің өлеңін алдырып берсеңізші,¬- деймін мен.
-Әй, оны қайтесің, төрт дүниесі түгел оның, мына жастарды қарашы, қандай мықты!- деп өзі танымайтын жастардың жазғанына сүйсініп отырушы еді.
Бір күні замандастарының поэзиясы туралы сыни мақаласын жіберді.
-Редактор ретінде айтсам, өзіңіз де біліп отырсыз, бұ мақалаңыз аса керек. Бірақ, ертең құрдастарыңыз қарымтасын қайтарса қалай?-дедім.
-Қарама, оны да бас.
-Басуым баса берем ғой, бірақ, маған ренжисіз ғой?
- Көңіліме қарама, мен сені білемін,- деді күліп.

Газетке мақаласы шығып, ол біраз талқыланды. Астана жақтан әлгі мақаланың кейіпкеріне айналған ақын ағамыз көпке созбай, қарсы мақала жазды. Үтір-нүктесін өзгертпей оны да жарияладық.
Ертесі күні Аманхан ағам телефон шалды. Ақталдым:
-Аға, мені «кіші Шерхандай көремін» деп айтты. Әдетте мақтанбаушы едім, соған мақтанып, мына мақаланы қалай басып жібергенімді білмей қаптым,-дедім қулыққа салып.

Аманхан аға ағынан жарылып ұзақ күлді.
«Газеттегі ең сүйкімсіз жұмыс –редактордың жұмысы. Білемін. Көңілімді көтердің» деп телефонын қойды.

Кейінірек қателеспесем, «Алдымдағы ағаларым» атты мақаласын жіберді.
-Ренжімеңіз, баса алмаймын. Редакцияның ішкі талабы бойынша, әлеуметтік желіге, сайттарға жарияланған дүниені көшіріп баспаймыз. Фейсбуктегі әр посты, сайттағы кезекті мақаланы көшіріп басып отырсақ, несіне газет болғанымыз? Оқырманды алдағымыз келмейді. Ренжімеңіз. Осы шарт үшін өзіңіз де көріп жүрсіз, біраз ақын, біраз жазушы бізді жау көріп жүр. Дардай ақын, дарынды жазушы сайтқа немесе әлемжеліге жазғанын газетке ала жүгіруге неге ұялмайды, осы? - деп бастырмалай басымды ала қаштым.
-Мұның дұрыс ұстаным. Қолдаймын. Кіші Шерхандай бол. Еш ренішім жоқ, - деп Аманхан ағам аңқылдап қалды. Онысына мен күлдім.
Көп кешікпей, ішкі шартты бұзып, өз сөзімізге өзіміз саналы түрде қарсы шығып, Аманхан ағаның ағаларына қатысты мақаласын жарияладық.
Телефон соқты.
-Көрдің бе, менің ағаларым қандай болған! - деп, біраз әңгімесін айтты.
-Біздің ағамыз - өзіңізсіз. Бізде жағасыз емеспіз,-деп қоштасқан едім.

Енді міне, бізде жағасыз қалдық...

Төлемырза Темірбекұлы:

Сені де еске алатын аз да болса жақсы бар...

Қайран, Аманхан көкем-ай!.. Бір-ақ сәтте сағынышқа айналып кетеріңді кім білген. Қайғыра жүрегім ауырып айтпағым: «Өткені-ай, бәрі өткені-ай, өмірдің жаз бен көктемі-ай... Сары ала қаздар саңқылдап, сары ала күздің жеткені-ай... Біреуге өзім ынтызар, біреулер маған өкпелі-ай. Өткінші мынау өмірде, өтпелі, бәрі өтпелі-ай...» ға саяды Аманхан көке. Бұл фәниде пенденің әлсіз жері де, осы өмірдің өтерін білмеуінде.

Марқұм өзіңнің замандасың Есенқұл ақын:
«...Мына біздей бәрі бір
Қалмайды жерде ащы бал.
Өйткені мына дүниеде-
Сізді де еске алатын,
Бізді де еске алатын,
Азда болса жақсы бар.»- дейді.

Сізді еске алатын жақсылар көөөөөп көке!

Қаламдасың, замандасың Қазыбек Исаның:
«Жүрдім-жүрдім жүрдімде,
Кетіп қалдым бір күнде.
Немкеттілеу ағайын,
Неге кеттім білдің бе?!» дегеніндей кеттің де қалдың ғой...

Міне енді соңыңда сағыныш қалды, арман қалды, қатарың қалды, жан жарың, ұлдарың мен қыздарың қалды. Ақ жарма әділ сөзді, кең маңдай жүзді, балтаңдай жырлы, батыр мінезді Аманхан көке-ау неге асықтың... Алдыңда алынбаған, асуларың көп емес пе еді...

Иә, ағайын көкейде бір-ақ сұрақ: «...Немкеттілеу ағайын неге кеттім білдің бе», - деп ақын Аманханның кетіп қалғаны...

Менің тынышымды алған осы жалғыз-ақ сұрақ, арамыздан неге кетті екен...

Кеткендердің қайтпайтынын ойлап менің де өзіңе тілерім, Алла иманыңды беріп, алдың жарық болып, Жаратқан Ием отбасыңа, ұрпақтарыңа ұзақ, бақытты ғұмыр берсін! Әумин!

Нәзия Жоямерген:

МЫНА КӨКТЕМ

Үзілген тамшы болып ерте көктем, Жақтауын тереземнің шертеді еппен. Барады сылқ-сылқ күліп бала бұлақ, Жып-жылы алтынкүрек еркелеткен.

Қысты ақжем дегендей бір аһ ұр түзде, Түсіріп жіберді Алла ақырғы ізге. 
Қаздар төмен, тырналар биік ұшып, Лек-легімен оралып жатыр бізге.

Біз дегенім жылы жақ – Қазақстан,
Құстар көкте қанатын жаза ұшқан.
Күн дөңгелеп құлады ұясына,
Аумай қызған бүйірі таза мыстан.

Ауыр-ауыр ойларға баттым да ескі,
Өтіп қыстан аман-сау қатқыл десті, Жаңбыр менен сүт исі аңқып тұрған,
Көк шалғынға көміліп жаттым кешкі.

Тастай бір бүр бетіне қына тепкен, Қағылмайды араға сына тектен. Құлақтанып алыста Ай да туды,
Жайлы тиді-ау, сеземін, мына көктем.

Amankhan Alimuly

Бақұл болыңыз, абзал ағам... Мәңгілік мекендегі мәңгілік көктемді Жәннаттан жазғай Аллам. Ауыр күн. Ауыр қаза...

 

Оразбек Сапархан:

Біреуге ерте, біреуге кеш (біз үшін) әділет сағаты Аманхан ағамызға да келген екен... Алды жарық болғай...

"Алтын қалам (2014)" тәуелсіз әдеби байқауына жіберіліп, Әдебиет порталында жабық жағдайда жарияланған "Алғашқы қар" өлеңіме "Айналасы жұп-жұмыр жақсы өлең. Лирикалық көңіл-күйдің әдімі көрінісі. Аяқталуы қандай тамаша. Ең бастысы лирикалық кейіпкердің шыншылдығы, шынайылығы, өзі тілге тиек етіп отырған ақ қардай тазалығы. Өлеңде автордың шығармашылық мені бар, бұл – стиль деген сөз. Яғни, ақынның өзіндік лирикалық мінезі қалыптасқан" деп ақжарма лебізін арнап еді.

Кейіннен Алматыда жолықтық. Өзімді онша танымаса да өлеңім есінде екен. Біраз пікірлесіп, кеңесін тыңдадым. Үш бірдей кітабын сыйлап, ақжарма тілегін білдіріп, жаманның өтіп кеткен өміріндей бір сәттер болып еді... Аңқылдақ, бірінші (әрі соңғы) кездесіп отырсақ та өзінің інісіндей, баласындай бауырмалдық танытып еді...

ФБ әлемінде жастардың әдебиеттегі аяқалысы туралы жиі жазып, жанашырлығын, ағалық қасиетін сақтап отыратыны бәріміздің есімізде қалды...

"Жақсыда жаттық жоқ" деген осы болар

Құрбанәлі Амангелдіұлы:

Amankhan Alimuly аға жайлы
Аманхан Әлімұлының дүниеден қайтқаны жайлы суық хабар қабырғамды қайыстырды. Ол кісімен тек әлеуметтік желіде ғана таныс едік. Бірде менің бір-екі шимайымды осы фб бетінен көріп, ұнатқан болуы керек маған "жазған- сызғандарыңды жібер" деді. Өзі ішінен іріктеп бір-екеуін өз парақшасына жариялады. Кейін 3-4 "өлеңімді" "Үркер" журналына жарыққа шығартып берді. Ол уақыт менің жұмыс іздеп жүрген кезім еді. Соны естіген ол Жамбылдағы бірқатар жерге қоңырау шалып, мені жұмысқа алуымды сұраған екен. Аманхан ағамен өмірімде кездеспегенмін. Сөйте тұра маған жанашыр болып, көмек қолын созды. Оған Умит Битенова әпкем куә. Сол кезде: "Апыр-ау, өмірінде бір рет бетпе-бет көрмеген адамға осынша мейірімділік танытуға болады екен ғой" деп таңғалғанмын. Кейін мессенджер арқылы хат жазысып тұрдық. Бірде: "Қайда да, қашан да аман бол! Енді, біздің "Ақиқат", "Ана тілі" газеттеріне мақала жаз. Тынбай еңбектен. Журналистика, журналистік тынымсыз ізденіс, жазумен келеді" деп ағалық ақыл-кеңесін айтқаны бар еді. Алматыға жолым түссе ең алдымен өзіңізге сәлем беруге барармын деп жүр едім. Ол күнге жеткізбепті Жаратқан. Бұл жалғаннан сіз де көшіпсіз ғой. Жаныңыз жаннаттың төрінде болсын, аға! Өзіңіз жайлы өткен шақта естелік айту (естелік деуге де келмес) тым ауыр екен. Сіздей кең жүректі адамдар жұмақтың кең төріне ғана лайықты. Бақұл болыңыз аға!

Дайындаған: Жасұлан Наурызәлі,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы