"Кең болсаң, кем болмайсың..."

515

Есімде, бала кезден үйден қонақ үзілмейтін. Ауылда етене жақын тұратын көршілер бір-бірімен үйінде жоқ нәрсені сұрасып, тығыз байланыста болатын. Үйге зат сұрап келетін балалардың қолын Анам ешқашан бос қайтарған емес. Сұрап келгенінен бөлек, қолдарын кәмпитке толтырып жіберетін. Балалық болар, кейде іштарлықпен тәтті беріп жатқан кезде жақтырмай қарап тұратынмын. Бойжете келе бұл үрдісті мен де санама сіңіріп алдым. Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетіні рас. Ес кіргенде Анамнан соншама уыстап кәмпит берердей олар не істеді деп сұрайтынмын. Сонда Анамның айтатыны: "Қызым, кең болсаң, кем болмайсың. Қырықтың бірі – Қыдыр. Үйге келген қонақты құр қол қайтармау – салтымызда бар. Қонақ разы болады. Берген дүниеңді алып кеткеннен кедейленіп қалмайсың, керісінше, үйдегі ырыс, береке көбейе түседі. Кең болсаң, кем болмайсың"...

Рас... Біз ежелден кеңдікті, қонақжайлықты сүйер халық едік қой. Бізге не болды? "Ұлттың жаманы болмайды, адамның жаманы болады" деуші еді... Өзге ұлтқа құшақ жая "қорған" болғанымызбен, өз жұртымызға келгенде неге қаттылығымыз ұстап қалды? Осындай қиын-қыстау кезде аранымыз ашылып, бір-бірімізді қанаудан топ жарып жатқанымыз қай сасқанымыз, бауырлар?! Бетін аулақ қылсын, аштық келді ме?! Неге мұнша тексіздікке жол беріп жатырмыз? Өлім келсе де, арын сақтар батырлардың ұрпағы едік қой. Осыған күйінем. Доғарайықшы тойымсыздықты. Тектілігіміз үшін...

Жансая Сман,

"Адырна" ұлтық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы