Кибер құлдық...

699

CYBER ҚҰЛДЫҚ...

Сәуегей емеспін. Десем де, ой түбіне жиі шомып, апшыны қуырған мына аждаһа заман жайлы тынымсыз ойлай берсең, сəуе көретінің рас па деймін..

Меніңше, 2030 жылы əлемде киберқұлдық дəуірі орнайды.
Адамзат санасын жасанды интелект билейтін болады. Бұл заман киберпанк дəуірі деп аталуы мүмкін.

Əуелі бұл дəуір Қытайда орнайды. Қытай тоталитарлық мемлекет болғандықтан, сонымен қатар түрлі технологияларды күрт, жедел игеріп жатқандықтан бұл заманға тез бой ұсынады.

2020 жылдан бастап Алматы мен Астана қаларында "Сергек" камераларының қойылуы - қазақ үшін киберотаршылдықтың басталғанының белгісі...

Сонымен 2030 жылға дейін жер бетінде киберпанк дəуірі орнап, киберқұлдық заманы салтанат құрады. Адамзат, бейнелеп айтқанда, баяғы көне грек мифтеріндегі Циклоп диюдің жалғыз көзіндей бір терезенің көзінен басқарылатын болады.

Цифрлық технология сізді ұрмай-соқпай жатқызып тұрғызады. Оған қарсы "лə" дей алмайсыз. Қарапайым кісілік қатынастарды қажетсініп, кеуделерін өткен замандарға деген сағыныш сазы билеген кибер құлдар кəдімгі адами еркіндікті аңсайтын болады.

Рухани құндылықтарға, əсіресе ұлттық құндылықтарға мысқалдай орын қалмайды. Адамзат баласы жаппай торығушылыққа ұшырайды, өмір сүрудің мəні қалмайды, осылайша жер планетасында Ұлы депрессия басталады. Бұл 2030 жылдардан ары қарай...

2040 жылы киберқұлдыққа қарсы жер-жерде стихиялық көтерілістер басталмақ. Алайда бұл көтерілістер кезіндегі патша өкіметіне яки большевиктік режимге қарсы шыққан қазақтардың көтерілісі сияқты жылдам жеңіліс табады. Көтеріліс көсемдері сотсыз, тергеусіз, үйінде отырып беймəлім жағдайда қаза табады. Ажалдың қайдан келгенін ешкім білмейді.

Осы уақытқа дейін ешқандай технология меңгермеген қазаққа бұл заман оңай тимейді. Қазақ өшін тағы да өлеңнен алады... Қазақ əдебиетіне неозарзаман деген ағым келеді. Қазіргі Дəурен Берікқажы, Дəулеткерей Кəпұлы, Алмас Темірбай, Қайрат Асқаров секілді ақындар неозарзаман ағымының көрнекті өкілдері болуы бек мүмкін...

...Əжелер немересіне баяғыда 2020 жылы сенің əкең туғанда атаң марқұм ту бие сойып той жасаған еді деп əңгіме айтатын болады. Немересі болса ол сөзді миына орнатылған нейрокомпьютерлік интерфейс жүйесі арқылы қолма-қол эсперанто тіліне аударып түсініп отырады. Бірақ ту биесі құрғыр эсперантоға аударылмайды... Немере сұрап қоймайды, кəрі əже түсіндіре алмай əлек...

2050 жылдары Андромеда галактикасынан ұшып келген бөгдеғаламшарлықтар тосын шаралар қолданып, жүгенсіз кеткен адамзат баласын жөнге салады.
Өйткені адамзат əу баста солардың жобасы болатын. XXI ғасырда жоғарғы технологияларды игеруге санасы жеткен адам баласы олардың ырқынан шығып бара жатқан-ды...

Ерлан Төлеутай

Пікірлер
Редакция таңдауы