Серікжан Мурасилов: «Ғашықтық оқыту» басталды

1455

Бүгінгі сатира

Шала кәрістер, шала америкалықтар болмаса шала сығандар дегенді естігеніңіз бар ма? Жоқ.Жоқ.Жоқ. Шала деген тек бізге ғана тән қасіретті қасиет. Сонау замандағы сөзді сорпаша сапырған Абайлар, Махамбеттер, Шәкәрімдерде болмаған қасіретті қасиет бүгінгі шала қазақтардың қанына коронавирустай дендеген. Сол шала қазақтардың қасіретті қасиетінің арқасында сөздік қорымыз қи қосылған топырақша тыңайды. Ал да қажетіңе қарай сандала бер.
Шала қазақ бикештің атын онша білмейді екем, әйтеуір өзінен сөзі хит боп жатыр.
«Ғашықтық оқыту» жүйесі деп қалды.Теледидардың дауысын 100-ге апарып, құлағымды тіге қойдым. « Және дие, егер дие, карантин жалғасқан кездие, және дие» дей берді. Аузым төрт бұрыш аңырайып қаппын. Сөз саптасы сиярдың аяқ тастасындай ішке-сыртқа, ішке-сыртқа екен. Қасқырды көрген қойдай қатып, шала қазақты шапалақ ұрмай тыңдадым. «Және дие, 5-ши сәуір дие каникул аяқталған кездие оқушылар «ғашықтық оқуға» ауысады»– дейді. Қақиып қалдым. Қозғалсам қазақ тіліме коронавирус жұғатындай. Қазақ тілінің қарғысы тиемесін деп ыстық шәйді жұтып жібердім. Кеңірдегім күйіп, тілім тырысты да қалды. Қайран ана тілім-ай! От тисе де, шоқ тисе де «Қашықтық оқытуды» тәуір-ақ айтып тұр. Тілім тыртық болса болсын, шала қазақ болмасам болды деп, тәу еттім Жаратқанға.

                                                   БҮГІНГІ МОДАДА...
–Бүгінгі модада – маска,– деді әйелі.
– О, несі ей, қалжыңының түрін,– деп жақтырмады күйеуі.
– Өтірік па? Қарасаңшы теледидарды. Бәрі бетперде тағынған – деді әйелі.
– Жетіскеннен тағып жүр дейсің ба? Коронавирус жұқпасын деп та, – деді күйеуі.
– Иә, иә, сол індет болмаса масканың әдемілігін де, қадірін де түсінбеуіші едік. «Иттің боғы дәрі болса дарияның ар жағында» деген осы да, – деді әйелі.
Айнаның алдында бетімен емес, маскасымен алысқан бикеш, күйеуіне күлімдей қарап қойды.
– Қарашы, шашымды төбеме түйсем, медбикеге ұқсаймын. Ал беліме жіберсем «Қарғыс атқыр» фильміндегі албастыға айналып кетем.
– Сонда да сүйкімдісің, – деді күйеуі.
– Рас па?
–Рас,– деді күйеуі еркелеткен боп ернін шошайтып.
– «Әдемілік әлемді құтқарады»,– деді бір иығын жалаңаштап,– әйелі.
– Оны айтқан Достоевский оттапты, – деді күйеуі.
– Қазір көшеге кеуде, бөксеңді жалаңаштап шығу қызық емес. Бетіңде бетпердең болмаса, – деді әйелі.
Қызыл кофтасына қызыл, жасылға-жасыл, күлгінге-күлгін жарасатын бетпердені кезек ауыстырған әйелі айна алдында «таптым» деді.
–Нені,– деді, күйеуі.
– Сөмке орнына не ұстап жүруді,– деді әйелі.
– Мені ма?– деді күйеуі еркелегендей ернін шошайтып.
– Жындысың ба? Сені ертіп жүру мода емес. Қазір мода – масканы тағып, қолыңа бір букет арша алып жүру,– деді әйелі мұрнын тыржитып.

Серікжан Мурасилов

Пікірлер
Редакция таңдауы