«Абай-175»: Қызылордада республикалық рухани-патриоттық байқау өтті

623
«Үркер» шығармашылық өнер орталығы Абайдың 175 жылдығына арналған «Мәңгілік ел алыбы» атты республикалық рухани-патриоттық байқау өткізді. Қызылорда қаласында өткен байқауға хореография жанры бойынша «Әлшекей» өнер мектебінің «Еркеназ» би тобы қатысып, жүлдемен оралды, - деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
"Үркер" шығармашылық ұйымының ұйытқы болуымен өткен өнер бәсекесіне елдің талантты өнерпаздары қатысып, өнерін ортаға салды. «Әлшекей» өнер мектебінің биші өнерпаздары қатарында Гүлшара Жанұзақ, Іңкәрімай Сатыбалды, Әнел Нүрпейіс, Адия Алиханова, Арина Файзулина, Аруназ Оспанова, Аруна Шаменова, Арайлым Орынбасарова, Дильназ Тұрсынбай және Салтанат Бейбіт есімді таланттар бар.

Би үйірмесінің жетекшісі Ажар Қабланованың айтуынша, жалпы байқауға Алматы, Шиелі, Түркістан, Шымкент, Қызылорда қаласынан 400-ге жуық өнерпаз бақ сынаған.

«Байқауға елдің түкпір-түкпірінен кіл мықты ұжымдар қатысты. Хореография аталымы бойынша 30-дан аса ұжым өнер көрсетті. Жаңақорған ауданының атынан қатысқан «Әлшекей» өнер мектебінің биші қыздары «Ұлттық би» аталымы бойынша «Тарантелла» биін билеп, екінші орын алды. Жарысқа қатысуға қолдау көрсеткен өнер мектебінің басшысына және ұжымына, ата-аналарға алғыс білдіремін», – дейді би үйірмесінің жетекшісі.

Байқаудың қорытындысы бойынша Ажар Айхынбекқызы «Үздік жетекші» атанды.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы