Атырау облысының әкімі Достық үйінде болды

43

Алғаш рет Достық үйіне ат басын тіреген облыс әкімі Махамбет Жолдасқалиұлы этномәдени бірлестік өкілдерімен кездесті.

Этномәдени ұйымдардың тарихи жәдігерлерімен жабдықталған бөлмелерін аралап, әр ұлттың тарихы, салт-дәстүрімен танысты. Облыс әкімі кездесу барысында бірлік пен береке, татулық жолында қызмет атқарып жүген Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысын талқылап, ҚХА-ның 25 жылдығына орай биылғы өткізілетін шараларға тоқталды. Биылғы Еріктілер жылында қоғамдық жұмыстарға белсенділік танытып, қайырымдылық шараларды жүзеге асырып жүрген этномәдени бірлестік басшыларына, белсенді жастарға алғысын білдірді.

Бірлестік басшылары Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған мерекелік шараларға өзіндік үлестерін қосатындығын айтты. «Былина» этномәдени бірлестік жетекшісі Андрей Кораблев биыл 9 мамыр күні өтетін «Мәңгілік даңқ» шеруі жолын ұзартуды, яғни Владимирский көшесі бойымен Жеңіс саябағына дейін жүргізуге ұсыныс білдірді.

Қордай мәселесі де сөз етіліп, ұлт өкілдері өз пікірлерімен бөлісті. «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Зелимхан Зубариев: «Мыңдаған жетім-жесірге, жүздеген ұлтқа пана болған қазақ жеріндегі бұл жағдай бізді қынжылтты. Қордай жағдайы Атырауда орын алмайтындығына сенемін. Біздер ұйым басшылары да елдегі тыныштық пен татулықтың сақталуына көп жұмыстар атқаратын боламыз» деді.

Кездесу соңында облыс әкімі Махамбет Жолдасқалиұлы Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысына сәттілік тілеп, өз тарапынан үлкен қолдау танытатындығын жеткізді.

Пікірлер