Қазақстандағы депозит қарапайым халыққа емес, банкке ғана тиімді...

945

Бұл ретте «Барометр» талдау орталығының экономист-сарапшысы Дәурен Арынның айтуынша, халықтың депозитке салған салымы болар-болмас өсім беріп жатқаны жасырын емес.

«Қазір Қазақстанда доллармен депозит ашсаңыз 4,5 пайыз үстеме қосылады. Теңгемен 14,5 пайыз. Бұл жылдық үстеме. Депозит ашу үшін қалтаңызда 15 мың теңге қаржы болу керек. Сол 15 мың теңгеңізді бір жыл алмай депозитте  сақтасаңыз үстіне 1500 теңге қосылады. Қазір әлемдік тәжірибенің өзі депозитті «тиімді қаржы операциясы» деп бағалап отырған жоқ. Қазақстанның кез келген банкіне депозитке үлкен сомада қаражат салсаңыз, бір жылда оған 10 пайыз ғана қосылады. 1 млн теңге қаржы салсаңыз оның үстіне 90 мың теңдегей ғана үстеме қосылады. Ал доллар депозиттердің жылдық үстемесі 4,5 – ақ пайыз(!). Айына қосылатын үстеме тіпті мардымсыз. Сондықтан бұл арада өз басым «халықтың салымын  жинаудың жаңаша тетіктерін енгізу керек» деген пікірді қолдаймын. Олай етпесек қазір доллардың құны көтеріліп, теңгенің құнсызданып кеткен тұсында халықтың жинақтаған ақшасы да қоса құнсызданып жатыр. Ендеше халықтың адал еңбекпен тапқан қаржысының құнсызданбауы үшін бұл арада жаңалықтар енгізу керек»,-дейді экономист-сарапшы Дәурен Арын.

Экономика ғылымының докторы, профессор Жаңабай Алдабергеновтың айтуынша, қазір нарықты әбден зерттеп біліп алған халық қаржы жинамайды. Олар құнды қағаз жинайды. Бұл ретте маман АҚШ пен Қытай халқын мысал етіп отыр.

«АҚШ халқы Қытайдың тұрғындары қаржы жинамайды. Себебі олар әлемдік экономиканың қыр-сырын жақсы түсініп алған. Сондай-ақ ол елдерде қарапайым халықтың қаржысын түрлі әдіспен сақтауға мүмкіндіктер көп. Бұл ердерде қарапайым халық құнды қағаздар нарығына емін-еркін кіре алады. Бұл жағынан олар әбден сауатты. Алтын құймаларды да сатып алуға мүмкіндік бар. Қор биржасы жөнінде де сауаттары мол. Ал бізде қолында қаржысы бар халық  тек депозиттер нарығын ғана біледі. Көрген-білгені банк. Бірден ойланбастан банкке барып депозит ашырады да қаржысын сонда салады. Ал ол депозиттердің артынша келесі біреуге қымбат пайызға несиеге берілетінін халық біле бермейді. Бізде теңгедей депозиттің жылдық сыйақысы  теңгемен 10  пайыз болса, несиенің үстемесі 24-28 пайыз. Ал айырмашылық бар ма бар?! Осыдан-ақ Қазақстандағы депозиттің халыққа тиімсіз екенін аңғаруға болады емес пе? Сақтап көбейтіп бер деп банкке салсаң пайызы аз. Несие алсаң пайыз көп. Қазір біздегі банктер депозиттердегі қаржыны осылай үстемені орынсыз қосып несиеге беру  арқылы пайда тауып отыр. Мұны ашып айту керек»,-дейді ғалым Жаңабай Алдабергенов.

Бұл ретте маман Украинада депозиттік жылдық сыйақы  20 пайызды құрайтынын, несие үстемесі 8-9 пайызды құрайтынын алға тартып отыр. «Тым болмаса осындай әдістерді ұстанса халықтың қалтасына сәл де болса пайда түсер еді. Бірақ шындап келгенде бізде депозит сыйақысы төмен. Тіпті теңгемен жылдық депозит сыйақысын 6-7 пайыздан асырмайтын банктер де бар»,-деді маман.

Жалпы, мамандардың байыптауынша, қазаққа болашақта қор нарығының заңдылықтарын меңгеру маңызды бола түспек. Нарықты бақылай білу, экономикалық ахуалға да сараптама жасауға көмектеседі. Мамандар қор нарығының заңдылықтарын білмеушілік қай мезетте болсын үрей туғызатынын алға тартады. Мәселен, біреу бір нәрсе депті деп дереу ойға шому: қаражат қай валютада сақталған немесе ол дұрыс инвестицияланған ба, тек бұл ғана емес, сондай-ақ жаңалықтарды жіберместен тыңдау, теңге мен доллар бағамын қадағалау, ең соңында көршінің айтқанына қатысты валюта сатып алуға жүгіру. Мұндай жайттар  біздің өмірімізде күнделікті кездесіп келеді. Сондықтан халық акционерлікке бейімделу үшін алдымен заңдылықты білуге талпынғаны жөн.

«Негізінде, қор жинап қою, акционерлікке бейімделу сіздің бай не кедей болуыңызға қарамайды. Бүгінгі заман ағымы, уақыт тынысы қазақ баласына «қаржы қауіпсіздігі» деген терминді  тереңірек зерттеуді талап етеді. Сіз осы тұрғыдан жассыз ба, әлде қарттықтың ауылына дендеп ендіңіз бе, оған қарамауыңыз керек. Ең бастысы, қалтаңыз қаржыдан бос тұрмасын. Ендеше қор нарығына қатысты заңдылықтарды білу қаржылық сауатымызды аша түседі. Мұны үнемі жадымызда ұстауға айтуға тиіспіз»,-дейді ғалым Жаңабай Алдабергенов.

Қарлығаш Зарыққанқызы, 

"Адырна" ұлттық порталы 

 

 

 

Пікірлер
Редакция таңдауы