Қашықтан оқыту қалай болып жатыр?

2714

Цифрлық білім беру ресурстарын пайдалану — заман талабы екені айқын. Тіптен өзге елдермен салыстырғанда Қазақстан электронды оқыту жүйесін пайдалануда әлдеқайда қалық. Алайда коронавирус білімгерлер мен оқытушыларды амалсыздан қашықтан оқыту жүйесіне көшіргеніне бүгін 7-күн.

Үш күнде адам тозаққа да үйренеді дейтінбіз. Ал жеті күнде қашықтан оқытуды меңгере алдық па?

Мәселенің мәнісін анықтау үшін оқытушылар мен білімгерлерге сауал тастаған едік.

 

- Сүлеймен Демирел университетінің профессоры Береке Жұмақаева:

Бізде қашықтан оқытуда moodle, klassroom, wipex секілді түрлі бағдарламалар білім үдерісінде бұрыннан бар. Қазір де пайдаланудамыз. Барлық материалдарды жүктеп қойғанмын. Білім алушыларыма 25-наурызға дейін тапсырмаларды орындауды тапсырған едім. Олар мейрамнан кейін жібереміз деп отыр. Берілген уақытқа дейін тапсырмаларды студенттер орындамаса бағдарлама өзі бағалап тастайды. Қашықтан оқыту жағдайында шәкірттеріме білім, түсіну деңгейіндегі тапсырмаларды беретінмін. Олар плагиаттық жұмыстардан аулақ болсын деген ниетпен, енді қолдану деңгейіндегі тапсырмаларды берудемін. Қолдану деңгейінің бір артықшылығы, берілген шығарманы білімгер оқып шығып, мысалын, өзінің түйген ойын жазады. Яғни шығармашылық тұрғыда дамиды. Қашықтан оқытудың тиімсіз жақтары жоқ десем артық айтқаным шығар. Бұдан гөрі 2 сағат лекция оқып қайтқан жақсы. Мейрамда бағдарламаға материалдарды жүктеумен әуре болып қалдым. Содан кейін вебинар қосу жағдайын реттеу керек. Және түрлі әдістерді қолдану онлайн түрде көрсету қиындық туғызады. Мың жерден техникалық жағынан жабдықталсақ та, аудиториядағы адамның тікелей қарым-қатынасын түгелдей алмастыра алмайды. Сондықтан коронавирустың беті қайтып, бұрынғы қалыпты оқу үдерісіне тез көшсек екен деп тілеймін.

 

- Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің оқытушысы, профессор Найманбаев Қажымұқан:

Әуелі біз «қашықТЫҚтан оқыту» деп қате айтылып жүрген сөзден арылуымыз керек. Қазақта қашықтықтан деген сөз болмаған, қашықтан деген жөн. Одан кейін карантин 15 сәуірге дейін емес, одан ары жалғасқан жағдайда бізге электронды оқытуға толықтай көшуге тура келеді. Сондықтан төмендегі сауалдардың жауабын мемлекет беру керек.

  • Үйде бірнеше бала, бір мезгілде қашықтан оқитын болса компьютер, ноутбукты қалай пайдаланады?
  • Компьютер, ноутбугы немесе ауылда желі мүлдем ұстамайтын білімгерлер қайтпек? Олар білімнен мақұрым қала ма?
  • Техниканың жілігін шағып, сорпасын ішпеген жасы үлкен ұстаздарда қашықтан оқытуда қиындықтар туындауы заңдылық қой. Оларға көмек берілмей ме? Арнайы семинар сабақ жүрмей ме?
  • Біздегі осындай төтенше жағдайға мұғалімдерді неге дайындамаған?
  • Төтенше жағдайда барлығы білетін желіні (ватсап, фейсбук, телеграм) неге пайдаланбаймыз осы? Білімгерлерге мүлдем таңсық бағдарламаларды "аз уақытта игере қал" дегеніміз қай сасқанымыз?

 

- Ауыл мұғалімі Гүлжаһан Исаева: Ай сайын қазақтелекомды қолданып, ақшасын уақытында төлеп отырамыз. Бірақ қызметі қанағаттандырмайды. Үйде отырып, сабақ өту қиямет қайым.

 

- Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің 4-курс студенті (білімгерлерге зияны тиіп кетер деген оймен, есім-сойын жарияламадық) :

Бізге қазір практика уақыты еді. Іс-тәжірибеден өтуді, жалпы мектепте уақытша болса да мұғалім болып жүруді жақсы көремін. Бірақ коронавирус салдарынан практикам мүлдем тоқтап қалды. Тіптен онлайн режимде де жоқ. Сонда практикада жүргендер қайтпек?

 

- Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің 3-курс студенті:

Бізге қашықтан оқыту мүлдем ұнамайды. Берілген тапсырмаларды жіберу көп уақытты алады, жүйкені жейді. Кеше "Абайтанудың" семинар сабағынан тапсырма жібергенмін. Алайда оны лекциясына да жіберу керек екен. Оны білмей қалғандықтан база жабылып қалды. Мен бағасыз қалдым. Ол, ол ма? Оқытушы сұрақ қойса дауысы еміс-еміс естіледі. Ал ауылдарында ғаламтор тартылмаған топтастарымның жағдайын айтпай-ақ қояйын.

 

- Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 1-курс магистранты:

Қашықтан оқыту деген сөз-немқұрайлылық деген сөздің баламасы секілді. Онлайн түрде білім аламын деген білімгер бірінші мұғалімді алдайды, екінші өзің алдайды. Барып, мұғалімнің аузынан дәріс естіп қайтқанға не жетсін?! Сөздің шыны керек, студенттер  бұны оқу емес демалыс деп қабылдап жүр.

Ал тиімді жағы жолға ақша құртпау ғана деп ойлаймын.

 

Ақгүл АЙДАРБЕКОВА,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы