Италияның кебін кимеу үшін, бүгінгі жүріс-тұрысымызды жөндейік

188

Бұл - Италия. Адамдар супермаркетке кезекте тұр. Бұл суретте тек вирустан сақтану ғана емес, сонымен бірге жауапкершілік, саналылық пен тәртіп деген ұғымдарды анық көруге болады.

Бір-біріне 3 метр қашықтықта тұру арқылы вирус жұқтыруды азайтады. Яғни вирус жұқтырмаса, онда ол отбасына, достарына, туыстарына да жұқтырмайды деген сөз. Бұл жақындарына деген сүйіспеншілік деп аталады.

Бұл тәртіпке бағыну. Тәртіпке қаншалықты тез бағынып, қаншалықты тез шара қабылдаса, соншалықты тез бұл індетті ауыздықтайды. Демек әр адамның әрекеті маңызды және әр адам бұл індетті жеңудегі пазлдың бір бөлшегі. Соны ұғынған. Санасымен түсінген.

Біздің қоғамға осы қасиеттер жетпей тұр. Жауапкершілік, тәртіп пен саналылық жағын айтамын. "Үйде отырып іш пысты, достарыма барып келейін" деген сөз, пандемия сәтіде саналы адамның сөзі емес. "Вирус деген жоқ, Түркиядағы таныстарым, Египеттегі достарым айтты. Кеше ғана шетелден келдім, маска тағып жүрген адам жоқ" деген сөз homosapiensтің аузынан шығуы мүмкін бе?! Менің ойымша жоқ. "Ой, Құдай сақтасын", "Басқа салғанды көреміз" деп жүре беру, блокпосттарды бұзып өтуге тырысу, карантиннен қашу ХХІ ғасырдың адамына тән әрекеттер емес сияқты көрінеді.

Үйде отыру қиын ба? Бар болғаны үйде отыру. Қауырт шаруа, күрделі жұмыс күтіп тұрмаса, далаға шыға берудің қажеті жоқ. Таза ауа жұту үшін адам аз уақытта күніне бір сәт бір сағат далада серуенде. Бір ай. Бар болғаны бір ғана ай. Сосын бұрынғы өмір ритміне қайтып ораламыз. Карантин ережесін сақтасақ, карантин тез бітеді, өйткені вирус тез ауыздықталады. Осыны түсіну қиын емес қой.

Италияның кебін кимеу үшін, бүгінгі жүріс-тұрысымызды жөндейік. Бәріміз. Сіз, мен, ол. Індет қылжақтық пен қыңырлықты, қателікті кешірмейді. Біздің бүгінгі әрекетіміз - отбасымыз бен жақындарымыздың амандығының бір кепілі екенін ұғынайық. Қоғам, отбасы, мемлекет, ұлт алдындағы ЖАУАПКЕРШІЛІКТІ сезінейік.

Асхат Қасенғали

Пікірлер