Билік Жәкішевті тектен текке босатқан жоқ немесе арлан бөрілер ғана ар-намысын жықпайды

9952

Қазақтың біртуар ұлы Жәкішев жайында мен алдында біраз жазбалар жазған едім. Сонда бір жазбама желтоқсандық батыр Құрманғазы ағамыз «Сен Жәкішевке жанашар екеніңді білемін, бірақ сенің жанашырлық посттарың оған зиян алып келуі мүмкін» деп айтқаны есімде қалыпты. Кейіннен ол ағамыздың қандай мақсатта айтқанын түсіндім. Фейсбуктен кетіп қалғаннан кейін оның тас бұғаудан босап шыққаны жайындағы ақпараттарды естіп қатты қуандым.

Сонау Еуропа мен Американың технократтары мойындаған қазақтың осындай алтын асықтай ұлын біздің елдің билігі ел мүддесін жерге ұрып, ойланбай 11 жыл тас түрмеге отырғызып, денсаулығынан айырып тастады. Бірақ сіздер мән беріп қарасаңыздар, әңгіме мүлде басқада болып тұр. Жәкішевтей ұлдарыңыз бұл жүйені толықтай жеңген адам. Бұл опасыз жүйе Жәкішевке өзі істемеген қылмысын мойындата алмады. Аяғында қара күйенің барлығы жүйенің өзінің мойынында қалды. Қасқайып, тікесінен қарап 11 жыл бойы ҰҚК мен ІІБ арнайы тергеу бөлімі мен түрмесіне кезек-кезек ауысып отырған, ары мен намысын сатпай, Көк бөрідей ұлып, көк түркінің рухын бойына жинаған Жәкішевті мынау жүйе денсаулығын алып қойса да, рухын ала алмады. Бөрі мінез деген осы. Көк бөрі мен көк түркінің рухы деген осы. Ар мен намысты жықпау, шындыққа қасқайып қарау деген да осы. Терісін сыпырып алса да рухын сыпырып ала алмайтын рухты адам деп осындай азаматтарды айтады. Жәкішев осы мінезімен ғана тұтас жүйенің қадірсіздерінің бәрін қосып алса да деңгейі биік екенін елге паш етті. Әйтпесе талай жемқорлар түрмеге түсіп, "біреуден" кешірім сұрап, миллиондарын құспай-ақ босап кетіп жатқанын елдің бәрі де көріп, біліп отыр.

ҚазақАтомӨнеркәсібі немесе Жәкішев

Мұхтар Жәкішев ағамыз ҚазақАтомӨнеркәсібі ұлттық компаниясын 1998 жылдан бастап кризис-менеджер ретінде басқарды. ҚазақАтомӨнеркәсібі ұлттық компаниясы 1991 жылдары өте ауыр кризистік жағдайда қалды. Ресей тарапы қазақ уранын ешқандай елдерге экспортқа шығармай, блоктап тастады. 1997 жылы бұл компания ресми ҚАӨ – «ҚазақАтомӨндірісі» ұлттық компаниясы болып қайта тіркеліп жұмысын бастағанда, қарызы да шаш етектен болды. Дәл сол тұста компанияның жалақы қарызы 12 миллион доллар, шетелдік фирмалар мен банктерден 44 миллион доллар, бюджеттерден алған шығындары 20 миллион доллардан асты. Компанияның кризис жылдарында бірнеше кеніштердегі барлау, өндіру, эксплустациялау, геологиялық барлау және бұрғылау жұмыстары тоқтап қалды. 1998 жылдан бастап (Жәкішевтің кризис-менеджер ретінде басқарушы болып келген жылдарында) Еуроатоммен келісім шарттар жасалып, геологиялық барлау жұмыстары басталып кетті. Қазақ ураны сол сәттен бастап сыртқа экспорттала бастады. Аз ғана уақыттың ішінде ұлттық компания өте қарқынды жұмыс жасап, жетістіктерге жетті. 1999 жылы Қазақстан АҚШ та антидемпингті процесте жеңіске жетіп, алғаш рет Қытай мен Оңтүстік Кореяға уранды экспортқа шығарды. 2002 жылы Жәкішевтің кризис-менеджерлік басқару тұсында Қазақстан уран өндіру өнеркәсібі бойынша әлемнің бесінші реитингісіне бір-ақ аттап шықты. Осының бәрі Жәкішевтей алтын асықтай білімді, технолог азаматтың басқарушы мінезінің арқасында іске асты. Ақыр соңында осындай азаматымызды түкке жарамастай етіп, 11 жыл тас түрмеге қамап, денсаулығынан айырып тастады.


Ертеде Шыңғыс хан Самарханды басып алғанда өзінің елін жан алысып, жан берісіп қорғаған бір батырды көзі шалып қалып, батырларына тез арада шайқасты тоқтатуды бұйырады да, әлгі батырды босатып жібереді. Сонда Ұлы Қаған сарбаздарына «Менің осындай он қолбасшым болса, мен әлемді уысыма ұстар едім» деген екен. Осы сияқты біздің де бірінші басшымыздың жанында осындай он ұл болса, олардың күш қуатын (қазіргі тілмен айтқанда миын) елдің мүддесіне қолданса, біз де өркениеті мен ғылымы өрлеген елдермен тереземіз тең болар еді ғой... Өкінішке қарай, олай болмады. Біздікілер көргенсіз, қаскөй, тойымсыз, жемқор болып шықты. Еліне, ұлтына жанашыр алтын асықтай ұлдарды атты, шапты, қамады, сабады. Біз сөзбен айтқанда, біз технократ, өркениетшіл ұлдардың ешбірін қорғап қала алмадық. Біздің қоғамның да кінәсі осы. Макстың жағдайы болса анау, Аронның жағдайы да сол. Қазақ билігінің басына Жәкішевті, Аронды, Макстерді алып келсе, дәл қазіргі уақытта біздің қазақтар «осы күнімізге де шүкір, тыныштық болсын, тұрақтылық болсын» деп төселіп, төсеніш болып отырмас еді. Өзіміз де кінәліміз. Осы айтқаны үшін сөкпеңіздер.
Тіптен билік Жәкішевті тектен текке босатпады деп ойлаймын.
Осыдан біраз бұрын қоғам белсендісі, қазақтың нағыз батыр жігіттерінің бірі Дулат Ағаділдің құпия өлімі қазақ қоғамын дүр сілкіндірді. Қоғам ортасында үлкен резонанс туды. Билік көшеге полициясы мен әскерін шығарып, қорыққаны соншалықты, қылт еткеннің бәрін аңдып, қамаумен болды. Енді келе тұра ориентация алып, қоғамдағы резонансты басу үшін Жәкішевті шығаруға шешім жасады. Ойланып қарасаңыз, бәрі жоспарлы түрде жасалып тұрған сияқты. Дулаттың өлімі қазақтың белсенді азаматтарын қатты ашындырды. Оның соңы Жәкішевтің босап шығуына де себепші болды. Әйтпесе бұлар Жәкішевті босата салатын адамдар емес еді. Алдыңғы сот отырыстарының бәрінде де елдің бәрін жинап алып, үміттерін су сепкендей басып тастап жүрді. Дулаттың өлімі қоғамды дүрліктіріп, бұларда қатты ойландырып тастады. Сол себептен босатты. Бөрі рух келіп бөрі бауырына қорған болды. Дулатты ақтық сапарға шығарып салғанда елмен бірге бәріміз болдық. Сондағы табиғаттың ұлып, ақтүтек боранның соққаны, аспанның күшіне мініп ашынғанын көрсеңіз, кәдімгі бір табиғаттың жоқтауы сияқты. Дулатты ақтық сапарға шығарып салғандағы жолда кетіп бара жатқанда менің жан дүниемде боранды күнде бөрінің жортқаны, Дулаттың да бөрі сияқты Талапкер ауылынан Астанаға жортып келіп, елдің зарын ешкімнен қорықпай айтып жүретіні көз алдымнен өтіп жатты. Уылдаған боран сан мыңдаған адамдарға қатты әсер етті. Бұл да бір бұлқынған рух шығар. Әркім әртүрлі бағытта ойын айтады. Бірақ менің ойым осы. Бастысы Жәкішев ағамыз бостандыққа шығыпты. Денсаулығы жақсарып, алдағы уақытта аттай болып кетуіне тілектеспін! Қалған өмірінде бала-шағасының қызығына бөленсін! Бауырларымыз, жанашырларымыз аман болсын, қарға тамырлы қазағым!

          Бекболат ҚАРЖАН,
          «Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер