Төтенше жағдай, билікке сенім және доктор Фаучи

2095
Adyrna.kz Telegram

Америкалық танымал Edelman PR агенттігі жыл сайын әлемнің 27 елінде 33 000 адам қатысатын Эдельман сенім барометрі (Edelman Trust Barometer) деген зерттеу жүргізеді. Зерттеуде азаматтардың мемлекеттік билікке, бизнеске, медиаға және үкіметтік емес ұйымдарға сенім деңгейі қарастырылады. Осы зерттеудің 2019 жылғы қорытындысына қарасақ, әлем бойынша адамдар бизнес (56%) пен үкіметтік емес ұйымдарға (57%) қарағанда үкімет(48%) пен медиаға (47%) аз сенім артады.

Қазақстан бұл зерттеуде қамтылмайды. Алайда бұл зерттеусіз-ақ Қазақстанда билік пен мемлекеттік БАҚ-қа деген сенімнің төмен деңгейде екенін бәріміз жақсы білеміз. Қазіргідей төтенше жағдай кезінде билікке сенімсіздік танытуымыздың себебі де жоқ емес. Өйткені билік осы уақытқа дейін талай рет азаматтық қоғамның немқұрайлығы мен үнсіздігін тиімді пайдаланып келді.

Десе де осы жолы биліктің коронавирустың кең тарамауы үшін “әлеуметтік оқшаулану” (social distancing) туралы ескертуін барынша “серьезно” қабылдауымыз керек. Себебі біздің билік ғана емес, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен әлемдегі демократиялық елдердің үкіметі коронавирусты тоқтату үшін әлеуметтік оқшаулану мен карантинді ең тиімді тәсіл ретінде қарастырып отыр. Қытай мен Оңтүстік Корея осы тәсілдер арқылы вирусты ауыздықтады. Оның үстіне өз болашағын уайымдап, басы қатып жүрген біздің қазіргі билікке “ЧП”-ның үстіне “ЧП” қажет емес.

“Саясаткер Антрактида да саясаткер” деген ойдың да болуы заңды. Ондай кезде ғылымға және ар-ожданы мен өз ісіне адал нағыз мамандарға сенеміз. Қазақстандық дәрігерлерге сенбесек, әлемдік деңгейдегі ең абыройлы дәрігерлердің бірі доктор Энтони Фаучиге(суреттегі кісі)сенбеске амал жоқ.

Ол – жай вирусолог-дәрігер емес. Фаучи – АҚШ-тың алты бірдей президентімен қызметтес болған, саяси конъюнктура сындыра алмайтын дәрігер. Мәселен, өткенде брифингтің бірінде Д.Трамп азаматтардың саяси қолдауынан айырылып қалмас үшін жақын арада АҚШ үкіметі вакцина ойлап табады деп мәлімдеген кезде дәл сол жерде доктор Фаучи вакцинаны жасау үшін 1-1,5 жыл уақыт кететін айтып, президенттің сөзін жоққа шығарды.

Қазір АҚШ-та да жағдай мәз емес. Елде төтенше жағдай жарияланды. Мамандардың айтуынша, оған елдегі денсаулық сақтау саласындағы нюанстар мен Трамп әкімшілігінің коронавирусқа жеңіл-желпі қарауы себеп болды. Жағдай одан әрі ушықпауы үшін Трамп бастаған шенеуніктер қазір доктор Фаучи секілді ғалымдарға құлақ асып жатыр. Сондай-ақ доктор Фаучи де коронавирустың таралуын тоқтату үшін әлеуметтік оқшаулануды дұрыс тәсіл деп есептейді және АҚШ пен Еуропа арасындағы әуе рейстерін тоқтату туралы шешімді де дұрыс деп санайды.

Одан бөлек доктор Фаучи ВИЧ/СПИД, туберкулез, Зика және Эбола қаупінен адамзатты аман алып қалуға үлесін қосып келе жатқан білікті мамандардың бірі. Осындай ерен еңбегі үшін доктор Фаучи АҚШ президентінің Presidential Medal of Freedom марапатын алған. Freedom медалі – Қазақстанда мейрамдар қарсаңында екінің бірі алатын орден/медаль емес.

Коронавирус адамды “нұротаншыл”, “ДВК”-шыл, либерал, консерватор немесе “беспартийный”/“аполитичный” деп бөлмейді. Бұл демократия үшін және өз елімізде өзімізді толық азамат сезіну үшін бейбіт саяси күрестен бас тартуымыз керек деген сөз емес. Төтенше жағдай – денсаулығымызға мән беруге, жақындарымызға көңіл бөлуге, Конституцияны қайта оқуға, азаматтың құқықтарымен бірге міндеттері қатар жүретінін сезінуге, өзіміздің және өзге адамдардың өміріне жауапкершілік таныта алатынымызды дәлелдеуге мүмкіндік.

Фото ашық интернет көзінен алынды.

Шалқар Нұрсейіттің Фейсбук парақшасынан

Пікірлер