Мұнай құнының құлдырауы: Қазақты қандай қауіп күтуде?

852

Жыл сайынғы дәстүр бойынша теңгенің құлдырайтынына етіміз үйреніп қалған. Ал бұл жолы қазаққа қауіп пен қорқынышты қатар ұялатқан, 1991 жылғы Парсы шығанағындағы сұрапыл соғыстан кейін болмаған құлдырау басқа түсті. Неге десеңіз, мереке қарсаңында 382,05 теңге болған доллар бағамы, 9-наурыз күні Нұр-Сұлтанда 395 теңгеден, Шымкентте 397 теңгеден, Алматыда 398 теңгеден сатылуда. Әрине, бұның соңы мұнай бағасының 30%-ға құлдырауына әкеп соқтырған. Өткен айда 57 долларды құраған мұнай бағасы, қазір Brent маркасында 31,5 доллар, WTI маркасында 30,30 долларға түсті де қалды. Бұндай күрт өзгерісті Goldman Sachs сарапшылары «мұнай бағасына қатысты Ресей мен ОПЕК арасындағы келіссөздің сәтсіз болуынан» дейді. Дегенмен қазақтың қара алтынының құнының төмендеуі Ресей мен ОПЕК саясатына тікелей байланысты болса, мұнайға басы байланған қазақ үшін қауіп емес пе деген шартты сұрақ туады. Бұған экономист Гүлдана Сермаханова «Мұнай бағасының түсуі Қазақстан үшін жағымсыз жаңалық. Себебі, Қазақстан экономикасын осы арқылы әртараптандырып, елдің жағдайын көтеріп отыратын. Біздің экономикамыздың жартысынан көбін осы мұнай қамтамасыз етуде. Демек бюджетте қысқартулар болып, мұнай экспорты азаяды, нарыққа әсер етіп, азық-түзік қымбаттауы мүмкін. Бұл қазақ үшін экономикалық қысым болып есептеледі. Алайда, сұраныс пен ұсыныс теңелетін болса, баға қайта көтерілуі әбден мүмкін» деп жауап берді.

Ал қоғам белсендісі, мұнайшы, инженер-технолог Бекболат Қаржан: "Біздегі экономикалық хал ахуалға келетін болсақ, бұл біз сияқты ғылымы мен білімі тоқырауға ұшырап, медициналық жағдайы қарапайым науқастарға араша түсе алмайтын елді шайқалтып жібереді. Сондықтан экономикамыз тек қана шикізатты сатумен ғана өзін өзі әрең ұстап отыр. Біздегі мемлекеттік бюджет те шикізаттық ресурстарға байланған. Ол болмаса, бюджет те жоқ. Шетелдік инвесторлармен бөліскеннен қалған үлесінің халыққа бұйыратыны қанша мөлшерде екенін сіз де білмейсіз. Оның үстіне әлемдің биржадағы мұнай бағасының төмендеуін қосыңыз. Бұл біздің елге өте ауыр әлеуметтік ауыртпалықты алып келуі мүмкін. Есесіне, біз енді басқа секторларды дамытуымыз керек. Өздігімізден әрекетке көшетін боламыз. Біздің елде мұнай өңдеу өнеркәсібіндегі қаражаттан 30 жылдың ішінде тым болмаса бір мұнай өңдеу зауыты да салынған жоқ. Мұнайды фракцияларға бөліп, жекеленген компоненттерді өзімізді өңдей алмадық. Мұнай өңдеу зауыттарын өзіміздің елімізде салу шетелдік инвесторларға да тиімсіз болды. Олар ұтылғысы келмеді. Ұзын сонар етіп айта бересің ғой. Отандық ғылым жоқ" десе,  аты-жөнін беруден үзілді-кесілді бастартқан базар саудагері: «жалақы көтерілді, мұнай бағасы түсті, бензин, азық-түлік қымбаттады, доллар өсті. Демек баланс сақталып тұр. Бұған таңқалмаймын. Бірақ бір өкініштісі бұның соңы ұнның қымбаттауына әкеп соқтыруы мүмкін. Бір қап ұн 11-12 мың теңгеге дейін жетіп қалар. Доллардың өскенін саудагерлер де пайдаланып азық-түлік, киім-кешекке тиын қосуды бастап кетті» дейді.

Иә, мұнай бағасының құлдырағаны нарыққа әсер етпей қоймайды. Дегенмен бұл құлдырау тек нарықпен шектеліп қалса, құдайымызды үйіретін секілдіміз. Неге десеңіз, қара алтын қымбаттаған сайын жалақы мен зейнетақыға аз болса да жұғын боларлықтай тиын-тебен  қосылатын. Осы жолы бәрі керісінше. 2020 жылғы Республикалық бюджет кодексінде бекітіліп қойған жәрдемақы, зейнетақы, барлық саладағы мемлекет қызметкерлерінің еңбекақылары туралы заңға жақын күндері толықтырулар мен өзгертулер енгізілмесе игі еді деуден басқа амал жоқ...

 

Ақгүл АЙДАРБЕКОВА,

"Адырна" ұлттық порталы

Фото: ашық дереккөздерден

Пікірлер