«Астана процесінің» маңызы арта түседі

311

Сириядағы жанжал мен дағдарыс күні кешеге дейін өршіп, шиеленіскен сайын шиеленісе түсіп, әлемнің назарын өзіне аударды.

Оған себеп Асад режимінің Идлибтегі түрік әскери конвойы мен медициналық қызметтеріне 27 ақпанда қасақана әуе шабуылын ұйымдастыруы болды. Нәтижесінде 33 түрік жауынгері қаза болды.

Бұл провакациялық шабуылдан соң Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған шұғыл түрде қауіпсіздік кеңесін өткізді, ал, 01.03.2020 жылы Түркияның ұлттық қорғаныс министрі Хулюси Акар «Астана процесі», «Сочи» және «Адана» келісімдеріне сәйкес қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін «Көктем қалқаны» әскери операциясын бастағандарын ресми түрде мәлімдеді.

Аталған әскери операцияның нәтижесінде түріктер өзінің озық әскери технологиясының арқасында Асад режимінің әскери күшін ойсырата күйретіп (3 ұшақ, 8 тікұшақ, 3 ПҰА, 151 танк, онадған әскери техника мен 3138 қарулы бірлік), Асадты (шетелдік әскери күштер мен террорлық топтарымен қоса) саяси тығырыққа тіреп тастады. Осылайша Түркия өзінің тек майдан шебінде емес, келіссөздерде де салмақты ойыншы екенін паш етті.

Нәтижеде өзі бастаған провакацияның нәтижесінде Асад режимі түріктерден оңбай ауыр соққы алып, Ресейсіз күні қараң екенін аңғартты.

Бесінші наурызда Мәскеуде өткен кездесу нәтижесінде Путин мен Ердоған Идлиб бойынша  бірқатар келісімге қол жеткізгенімен, әлі де болса, Сирияда қырғиқабақ аңдысу мен провакациялық қауіптің жоғарғы деңгейде екенін айта кетуіміз керек.

Жалпы Сириядағы, оның ішінде Идлибтегі дағдарыс пен шиеленіс турасында әр орталықтың (Анкара, Мәскеу және Тегеран) өз ұстанымдары бар және мүдделері де әр-алуан. Бірақ соған қарамастан, кешегі Ердоған мен Путин басқа да мәселелермен қатар «Астана процесін» жалғастыратындарын мәлімдеді.

Біздіңше біраз мәселенің түйіні осы «Астана процесі» ұғымының төңірегінде шоғырланған.

Байқасаңыз, Асад әскерлерінің Ресейдің қолдауымен бастаған провакациялық шабуылы, 33 түрік жауынгерінің қазасы, Асадшылардың  есептерінен жаңылып бірнеше күннің ішінде тас-талқан боп шығынға ұшырауы т.б. осы «Астана процесінің» қарсаңында болып отыр.

Сириядағы жанжалды реттеу мәселесі бойынша Қазақстанның миссиясы - «Астана процесінің» 15-раунды биыл да осындай күрделі шарттарда өтпек.

Өз мүдделері тұрғысынан тараптардың «Астана процесіне» үміт артатыны да жасырын емес.

Демек, Женева келіссөздерін толықтыруды көздейтін Қазақстан миссиясының, яғни  «Астана процесінің» Сириядағы жанжалды реттей алатын негізгі платформаның бірі ретінде әрі шиеленіскен қарулы-әскери яки саяси дағдарыс жағдайының өзінде тараптар арасында диалогтың орнатылуын қамтамасыз ете алатын бірден-бір формат ретінде өз маңызын мығымдай түседі.

Бұған Сирия бойынша ұстанымдары бөлек болғанына қарамастан кепілгер елдер де, процеске қатысушы өзге топтар да, БҰҰ секілді халықаралық ұйымдар да мүдделі. Солардың бірі – Түркия.

Осы тұста Сирия мен «Астана процесіндегі» күнтәртібіне қатысты «Түркияның Сирия мен «Астана процесіндегі» миссиясы қандай?» деген сұрақ туындайды. Ал бұл келесі мақаламыздың арнайы тақырыбы болмақ.

 

 

Нұрғали Жүсіпбай, 

"Адырна" ұлттық порталы

 

 

Пікірлер