Оюмен ой айтқан елміз

7268
Adyrna.kz Telegram

Қазақ ұлттық ою-өрнегінің бірнеше ондаған  ғасырлық тарихы бар, атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып, үнемі қолданыста дамып келе жатқан өнер түрінің бірі, осы – ою-өрнек саласы.

Біздің жыл санауымыздан бұрынғы V-ІІІ ғасырлар аралығында Алтай өңірінен, Қара теңіз төскейіне дейінгі сайын даланы қоныстанған түркі халықтарының түп ата­лары – байырғы сақтар әлемдегі мәдени өмірде өнердің өшпес асыл мұраларын қалдырған.
Аталмыш өнер кезеңіне академик Әлкей Марғұлан «Аңдабы мәнер» деп ат берген. Есік обасынан, Шығыс Қазақстан­нан қазылып алынған «Алтын адам» киімі осы аңдабы мәнерінде жасалған өрнек. Міне, қазақ халқының ою-өрнек өнері, осылайша, түркі жосығымен, ол жосық ежелгі сақтар өнері зергерлік әшекейлер­мен тікелей сабақтасып отырады.
Халқымыз молшылықты – дарияға, теңізге, бәйтерекке теңесе, батырды – арыстанға, қыран бүркітке теңеді. Сұлуды – ай мен күнге, хош иісті гүлге, құралайдың лағына, аққудың көркіне, бота мен тұрым­тайдың көзіне, сұқсырдың мойнына, алмаға, қарақатқа теңеді. Әсемдікті аң-құстан, өсімдіктен, табиғаттан іздеді. Сол сұлулықты ою-өрнекке түсірді, дамытты. Оның нақты айғағын «Алтын адам» киім­деріндегі алтын ою-өрнек, әшекейден көруге болады.
Қазақ халқының тұрмысында ағаштан жасалған заттар өте көлемді. Жазы, қысы пайдалануға келетін «ағаш уықты, киіз туырлықты» киіз үй киіз бен ағаштың өте күрделі үйлесімінен тұрады. Тігуге, жинауға, алып жүруге де өте қолайлы осы мүлікте ою-өрнек қолданылмайтын бөлшек жоқтың қасы. Киіз үйдің керегесі мен түндігінен басқа бөлшектеріне: сықыр­лауық ашпалы есікке, есік сыртын­дағы киіз жаппаға, туырлықтың жиегіне, ша­ңырақтың жағалай жиегі мен шабақтарына, уықтың төменгі жалпақ иініне, бақанға, адалбақанға, желбауға, басқұрға, дөдегеге, кереге сыртынан ұсталатын шиге, жалпақ құрларға, жалпақ туырлықтың түндігінің бауларына тоқылып оюлар салынады, шашақтар байланады.
Киіз үй ішіндегі жиһаздар: кілем, теке­мет, сырмақ, алаша, тұскиіз, жүкжапқыш, шымылдық, орамал, сүлгі, дастарқан, кірсалғыш, кесеқап, шабадан, кебежеқап, қоржын, торсық, саба, күбі, асадал, кебеже, сандық, қолсандық, жүкаяқ, ағаш төсек, ағаш аяқ, ожау, ағаш қасық, табақ, астау, тегене, самаурын, шәйнек, кесе, сапар кесеге оюлар түседі. Ер-тұрман: қамшы, жүген, ер, ноқта, тұсамыс, кісе, шыбырт­қыға, масақаққыш сабына, домбыра, қо­быз, сырнайға, басқа да үй жиһаз, мүлікте­ріне шебердің талғамына орай әртүрлі ою-өрнектер салынып келді. Ою-өрнекті жақсы сапалы жасау үшін алдымен пайда­ла­натын материалды дұрыс таңдай білу қажет, оның ою ырғағымен мөлшерін, яғни оюдың заттың бетіне түсуі мен орналасуын нақты жобалау қажет. Оймастан бұрын тақырып таңдай білу керек. Оюдың жақсы шығуы оюшының ой ұшқырлығы мен оны ретін келтіріп үйлестіре білуінде. Ою-өрнек­тің қандай түрі болса да, ол адам ойының жемісі. 
Ою-өрнек бір-бірімен қабысып, жымдасып, ескен арқандай бірігіп тұруы керек. Ара-жігі бадырайып үйлеспей ол­пы-солпы болса, онда ою өзінің сәнін, сұлулығын, үйлесімін, тіпті мазмұнын жоғалтуы мүмкін.
Қазақ ою-өрнегі қошқармүйіз түрінен бастау алатындықтан қандай ою түрін жасағанда да осы – ою түрі басты көрініс табуы қажет. Басы қошқармүйізден бастау алған өрнек дами келе неше алуан түрге еніп, аражігі әртүрлі өрнектермен толыға келе үлкен күрделі ою түрі шығады. Ою атасы қошқармүйіз бастаған өрнек түрлері бір-біріне үйлесе сән бере келе бірігіп, жымдасып, байланыс пен сәндік тауып жасалатын ою түрін әрлендіре түседі. Табиғаттағы әсем гүл шоғырындай ою-өрнек те өз шеберін тапса жарасып, құлпы­рып, көз тартып, көзге қуаныш, көңілге жы­лылық ортаға әсемдік, сұлулық шашып тұра­ры анық. Ата-бабаларымыз осындай өнер түрін өзінің шырқау шыңына жеткізе білген. 
Қай затқа қандай ою-өрнек салуды, оны қалай орналастыруды, қандай заттан қандай түр жасау қажеттілігін толық мен­герген. Соның бір айғағы өткен ғасыр­лардағы бір сәукеленің жасалу құнының 500 биеге бағалануы. Болмаса киіз үйдің керегесі мен уығына сом күміс қақтап, алтын жалату өнерге деген сұраныстан туса керек. Әр заттың өзіне лайық ою түрлері болған, олар ойылған, қашалған, зерлен­ген, күмістелген, жалатылған, тігілген, өрілген, бедерленген болып келеді.
Жалпы, ою-өрнек – қазақ мәде­ниетінің шежіресі. Ата-бабадан қалған мәдени мұра. Іске берілген, жұмыс­қа төселген, оюларды жатқа жасайтын, өз бетімен жаңа түрлі оюлар жасаушы адамды «оюшы» деп атаған. Оюшылар оюды қиып, құйып, илеп, батырып, кептеп, сызып, шекетулеп, нүктелеп, бедерлеп жасаған. Әр оюшының өз ортасына қарай ою үлгіле­рі болған. Мысалы, «Орта жүздін үлгісі», «Керей үлгісі», «Арғын үлгісі», «Торғай үлгісі» т.б.
Ою-өрнек – дәлдік, есеп, теңдік, теңеу, үйлесім, жарасым, сәндік, көркемдік, сәйкестік, тазалық, нәзіктік, сүйкімділік, парасаттылық, жылылық, сұлулық, ойлылық, ақылдылық, зеректік, көңіл күйдің жақсылығы, шуақты шақ, арайлы кезең, жарқын әлем, көңілге шабыт, шаттық ұялатады, көңілді ашады, шабыт береді, ептілікке, іскерлікке, шебер­лікке, икемділікке, дәлдікке баулиды, тәр­бие­лейді. Өнерге деген махаббат, сұлулыққа деген ғашықтық, құштарлық жинағы. Ою ойған адамның жүрегі жылы, нәзік болады.
Ою ойған адам әр саладан хабары бар шебер болуы қажет. Ағаш шеберлері ағаш тамырынан, байланған шор бездерінен ойып, әр айшықты оюларды ойып салған, ағаш аяқ, тостаған, қымыз ожаулар жаса­ған. Күміспен қаптап, асыл тастармен өрнек­теген. Семіз жас малдың қайнатыл­маған сүйегі оюға, өрнектеуге ыңғайлы. Түйе, жылқы сүйегі сапалы, қара кемік бол­майды. Арқармүйізіне өңез жабыс­пайды, маса қонбайды, мүйіз ожау күнге қызбайды, қымызға салқын леп береді. Мүйізді қыздырады не қайнатады. Тарақ тісін шығару үшін тақтайға мүйізді қоса қысып тіледі. Арқар, бұғы, таутеке мүйіз­дерін түрлі сүйектерді ағаш қобдишаларға, шақшаларға, мылтық құндақтарына, пышақ саптарына, домбыра беттеріне және қазақы ерлерге алуан түрлі күрделі әшекей ою-өрнектер салған.
Ағаштан шеберлер қысқы және жазғы үй, қос дөңгелекті, әшекейлі, оюлы күйме­лер, күміспен оюланған шаналар жасаған.
Қазақтың ою-өрнектерін зергерлік бұйымдар жасаған шеберлер кең түрде қолданған. Олар алтын, күміс, алуан түрлі асыл тастармен безеп ер, жүген, үзең­гі, таралғы, құйысқан сияқты ер-тұрман­дарын және сақина, білезік, алқа, шолпы, кемер белбеу, түйреуіш, сәнді сәукеле жасады.
Сәндік бұйымдар ойылып, шекетулер­мен әрленіп отырған. Зергерлер ою-өрнек­ті өрнектеу, бедерлеу, торлау, оюлау, құймалау, сызу, жону, өру, нүктелеу ар­қылы жасаған. Зергерлер күміс бұйым­дарды асыл тастардан, лағыл, сапфир, зүбіржат, гауһар, ақық, агат, інжу, маржан, жақұттан көз қондыру арқылы өрнектеп келтірген. Көз қондырылған зат көз тиуден сақтайды деп ұғынған. Көз қондырумен қатар сақина, жүзік, белдікке «жапы­рақша», «сабақша», «өркен», «қауыз», «қош­қармүйіз» кейде бүркіттің, ай жұлдыз­дардың, күннің кескіңдері салынған. 
Халқымыз бүркіт, қаршыға, үкі құстарын киелі санаған. Олардың тыр­нағын күміске отырғызып, тұмар ретінде тағып жүрген. Үкінің қауырсынын, балақ жүнін жас балалар киіміне, тақиясына қадаған, бесікке байлаған, домбыраның құлағына таққан. Кей жерлерде бәле-жаладан сақтайды деп бесікке жыланның басын, кірпікшешеннің терісін, ортасы тесік тоқаш нан байлау дәстүрі де бар. 
Нәзік күміс сымнан оюлап, өрімдеу әдісі кең қолданылған. Күміс сымды созу арқылы қажет деңгейге дейін жіңішкерт­кен. Сымға тартылған күмісті ойылған жерге балғамен ұру арқылы батырған.
Бұл турасында халықта «сымға тартқан күмістей» деген сөз бар. Тұрмыстағы ою-өрнектің барлық түрлері қошқармүйіз оюынан бастау алады. «Қошқармүйіз» ою-өрнегі – байлық пен молшылықтың нышаны. «Қошқармүйіз» бен «Арқармүйіз» оюларының қазақ қолөнерінде қолдан­байтын жері жоқ. Қошқармүйіз оюымен қатар әр заттың көлемі, сәнділік пайдалану деңгейіне қарай әр алуан жапырақ тектес бітпес оюлар салынады. Бұл өрнектер «иірім», «шиыршық», «иық», «үшкіл», «түйе табан», «қос ирек», «қазтабан», «құсмұрын», «сыңар өкше», «айшық гүл», «жұлдыз гүл» т.б. аттармен аталады.
Ою-өрнек салудың тағы бір түрі киіз басуда киізден жасалған заттарда өте кең қолданылады. Әлі басылып болмаған дымқыл шикі киізге бір түсті (көбіне ақ киізге қызыл түсті) жүннен алуан түрлі оюлар түсіріледі. Бұл – киіз «текемет» деп аталады. Ауыл тұрмысында жиі қолданыста болатын денсаулыққа жағымды, пайдалы төсеніш. Түрлі түсті киіздерді өзара ою­ластыру немесе шүберекпен ою бастырып сыру, кестелеу жолымен тұскиіздер, сырмақтар, аяққаптар, кебеже қаптар, сандық қаптар, уық қаптар, кереге қаптар, тепкішектер, ат жабу, түйе жабу, ат киіздер, тоқымдар т.б. сәнді бұйымдар жасалады.
Қазақ халқының ерте заманнан тұрмыста үнемі қолданылып, дамып келе жатқан қол өнерінің аса бір күрделі әсем және құнарлы түрінің бірі кесте тігу. Ертеде киіз үйдің үзік туырлығын алтын жіппен кестелеген. Алтын жіпке маржан қосқан. Кестелеудің ішіндегі күрделісі тұскиізді, тұс кестені, жүкжапқышты кестелеу. Бұған үш түрлі кестелеу қолданылады: тұтас матаны әр түсті жіппен шымқай кестелеу, әртүрлі матаны оюластырып кестелеу, матаны бөлек кестелеп, киіз бетіне оюлап жапсыру. Күрделі ою-өрнекті кесте жасау үшін шебер ою-өрнек түрін өте сәнді үйлестіре білуі қажет. Ұсынылған оюлар ішінде шеберлер қажетіне жарайтын неше алуан түрлері бар.
Кестенің алуан үлгілерін, жобаларын ою-өрнектің күрделі үлгілерін қазақтың қыз-келіншектері қолдан жасап тұрмысқа енгізді. Ою-өрнекпен нақышталған кесте­лер алуан атқа ие. Кестенің түрі көп: біз кесте, баспа кесте, шекпе кесте, ашамай кес­те, ойма кесте, сырма кесте, бастырма кес­те, қапсырма кесте, ілме кесте тағы басқалар.
Кестелер көбіне барқыт, қыжым қалың маталарға, орамал, сүлгіге, дастарқанға, тұс­киізге, жүкжапқышқа, белдемшеге, сәукеле жиектеріне, бала киімдеріне түседі. Әсем кестелер сандыққапқа, әйел көйлек­терінің жаға-жеңдеріне, әйел бешпент­терінің жаға-жеңіне, өңіріне, омырауына, кимешек жағаға, киіз үйдің дөдегесіне, киім жапқышқа, шымылдық, жастыққап, көрпе жағасы, кәмшат бөрік, тақия, сәу­келелерге, зер тақияларға, ер адамдар­дың жеңіл қаптал шапанының жағалығының өң бойына, жең аузына жіңішке ғана оюмен кесте салынады.
Кестеге меруерт моншақ, асыл тастар, күміс, алтын жіптер, алтын айшық қолда­нылады. Оқа тағылып, жиегі зерлі оюмен кестеленеді. Орамалды ою-өрнекпен кес­те­леп, моншақтап арнаулы жасап сыйлау – махаббатын оюмен өрнектеп білдіру жастар арасында кең тараған.
Қазақы тұрмыста терінің қолдану ау­қымы өте кең. Өте шебер өрімшілер таспадан қылыш, найза өтпейтін «Қат­тауық» тонды да, су ақпайтын торсықты да өрген. Осындай су ақпайтын торсықты әкемнің інісі, қол өнер шебері, зергер, ұста Сейтқасым Жамбылұлы өрген екен. Бүгінде жеке құралдары болмаса, торсық сақталмаған. Теріден көнек, қазмойын (домалақ кеуделі ұзын мойын ыдыс), құман тәрізді жанторсық, былғары тоқым, тебінгі жасалып оған батырмалы ою-өрнек түседі. Мұндай өрнектер былғарыны батырып сызу жолымен жасалады. Сондай-ақ қайыстан жүген, ноқта, тартпа, божы, қамшы, шыбыртқы, құйысқан, тұсамыс т.б. ат құралдар жасалады. Бұл заттарда да реті мен сәніне қарай батырып сызу, өру, жез доғалар тағу, өрнек салу қолданылады.
Қолөнер шеберлері ою-өрнекті әр заттың өзіне лайықтап, жарасымын, үйлесімін, сәнін тауып жасаған. Жасаған затпен ою-өрнек бір-бірімен өте сәнді қабысып, шынайы көркемдік беріп отырған. Ою-өрнек түрлері өте нәзік түрде түскен. Пайдалану орнын шатастырмай нақ тауып, орын-орнына қоя білген. Қазіргі уақыттағыдай баскиімге салатын оюды балаққа, балаққа салатын оюды жағаға салмаған. Жарасымын, пайдалану орнын тапқан ою-өрнек алғаш қарағаннан көңілге қуаныш, жүрекке жылылық, сәндікке құмарлық беріп, өзіне тартқан, көздің жауын алған.
Осындай әсемдікті таңдай білген хас шебер оюшы зергерлеріміз осы ою-өрнекке бояу түрлерін пайдалануды да жете меңгерген. Халқымыздың ою-өр­нектерінде басым түс ақ пен қара болып келеді. Бұл ою-өрнектің ең шешімін тапқан жарасымды түрі болып есептелінеді. Ақ пен қара түс бір-бірін айқын ашып, қандай затқа пайдаланса да анадайдан көздің жауын алып, сән беріп тұрады. Асқан ше­берлер былғарыны ақ күміспен әше­кейлеп тұскиіз жасаған. Бұл түсті халқымыз ең жоғары бағалаған, қастерлеген. Әрбір түстің өз мән-мағынасы бар.
Мысалы, көк түс – аспан әлемін мез­гейді. Көктүспен жасалған затты киелі санап, аяқастына төсемеген. Көк түс көк тәңіріні, аспанды меңзейді деген көнеден келе жатқан ұғым бар. Қызыл түс – оттың, күннің символы, ақ түс – ақиқаттың, қуа­ныштың, бақыттың, пәктіктің белгісі, сары түс – ақыл парасаттың, мұңның сим­волы, қара түс – жердің символы, жасыл түс – жастықтың, көктемнің, жасыл әлем символы. Әрине, әр шебер, оюшы түр мен түсті өз талғамына, ойлау жүйесіне, наным-сеніміне қарай іріктеуі мүмкін.
Қазақ халқының әр отбасында ою-өрнекпен безендіріліп тігілген бір киер деген киімі болғаны белгілі. Ұлттық киім түрлерінде негізгі түс қара барқыт, көк пүліш болып келеді де, сары, қызыл жіп­тер­мен өрнектеледі. Бұл киімді кез келген уақытта емес, салтанатты, ерекше мереке­лерде киген. Табиғатпен үнемі бірге өскен халқымыз әсемдікті үйлесімді табиғаттан іздеген. Мысалы, қыз балалар тақиясына тағатын тағым үкі жүнінен (балақ) жасалса, жағаға салатын ою-өрнек өсімдік әле­мінен, гүл, жапырақ, бұтақ түрлерінен алынған.
Ер адамдар тақия, бөрік, айыр қалпақ, жалбағай, тымақ, шапан, бешпент, қаусырма, тон ішік, сеңсең, жабағы күпі, түйе жүн шапан, шалбар, етік мәсі киіп, кісе, шақша, жалпақ белбеу, қамшы, жел­пуіш, қанжар, қылыш, садақ, найза, қал­қан, қорамса, домбыра, қобыз, сы­бызғы, сырнай ұстаған, қолына үлкен жүзік сал­ған. Әсіресе, баскиім қазақ ғұрпында кө­ріктілікті, сәнділікті, баршылықты біл­діретін қасиетті киім саналған. Қазақтың «дос басқа, дұшпан аяққа қарайды» деуі осыдан шықса керек 
Ал әйелдердің тұрмыстық заттары, әшекей бұйымдары өте күрделі, әрі кең көлемде қолданыста болған. Әйелдер орамал, белбеу, қамзол, кәмшат бешпент, түлкі ішік, бөрік, сәукеле, шапан, киме­шек, кебіс, мәсі, тақия, көкірекше кисе, сақина, жүзік, шолпы, сырға, шашбау, бас жүзік, бойтұмар, білезік, қапсырма белбеу т.б. сәндік бұйымдар пайдаланған. Ерлер­де, әйелдерде әр алуан қымбат бұлғын ішік, жанат ішік, түлкі ішік, қасқыр ішік, күзен ішік киген. Іші сыртын шұға, мауы­ты, барқыт, атылас, көкберен, манат, қыр­мызы, торғын сияқты бағалы маталармен тыс­таған. Етегіне алтын – күміс зер ұста­ған, маржан тізген, әдіптеген, оқалаған. 
Қыздар өңір таққан, биіктігі екі сүйем сәукеле киген, сыртында екі қабат мата, бірі – белге, бірі – жерге жеткен. Қыз киімде­рінің кеуделері тар, қынамалы, омырауы мен жаға жеңдері кестелі, көйлектері қос етекті, баскиімдері үкілі, моншақты, аяқ­киімі биік өкшелі, жеңіл, қай киімі болса да алтын, күміс, меруерт моншақтармен әшекейленеді. Қыздар көбіне құндыз бөрік, қатипа тақия киіп, шолпы таққан. Қыздар төсін жасыру үшін кеудесін көкірекшемен қатты тартып тастаған. Келіншектер бір құрсақ көтергенше қыз киімін кие берген. Құрсақ көтергендері үкі тақпады, бөрік, тақия кимеді. Келіншек шаршы орамал, торғын шәлі тартты кең көйлек киді. Бір киер көйлекті әртүрлі шыттар, қырмызы, манат, қамқа, барқыт, пүліш, шұға, атылас т.б. тыстық маталардан тіккен. 
Қазақ жылқыны – Қамбар ата, түйені – Ойсыл қара, сиырды – Зеңгі баба, қойды – Шопан ата деп құрметтеген. Көк, құла, боз жылқылар киелі саналған.
Ою-өрнекте сәйгүлік жылқы суреттері­нің кездесуі, арқар, қошқар, марал, бұғы мүйіздері мен арыстан, жолбарыс, қыран, аққу құстарының бейнеленуі, осы таби­ғатпен етене араласқан өмірдің өз өрнегі екені даусыз. Аққуды киелі, қыранды батыр, жолбарысты жүректі деп кие тұтқан. Ертеде өткен батырларымыз айшықты туға бөрінің басын салып, оюмен көмкерген. Бөрідей батыл болуды ұстанған. Батыр­ларда мол әшекейлі дулыға киген. Оны темірмен шынжыр тормен қаптаған. Бұларды «жыға» деп атаған. Дулығаның ішінен құндыз не ботаның пұшпақ терісінен істелген іштік бөрік киген. Оны «қырпу» дейді. «Қырпуын тауып ұр» дегенде найза, не қылыш даритын жұмсақ жерін тауып «ұр» деген мағынада айтылған. Абылай Шарышты осы әдіспен өлтірген. 
Әрбір ру-тайпаларда жазу болмаған кездерде ою-өрнек, таңбасы, ұраны, болған. Таңбадағы белгілі бір сызбалар, не доғалап көрсетілген белгілер ою-өрнек түрінің құрамдас бір бөлігі іспетті. Яғни оюдың «сызба түрі» деп атаса болар. Ою-өрнектің тұрмыста пайдалану ауқымы өте кең. Оюдың жекеленген тармақтарынан бастап үш түп, төрт түп, бес түп, алты, жеті, сегіз, тоғыз т.б. тармақтарынан әрі қарай өрбіп, кеңейе беретін күрделі оюларда біздің ұлттық дәстүрімізде тұрмыста үнемі қолданыс тауып келген. Айшығы мол, жасалуы күрделі, өте нәзік оюлар ертеректе хандардың салтанат сарайларын, үйлердің ішін, күрделі діни кесенелерді безендірген. Оған мысал Қожа Ахмет Йассауи кесене­сіндегі, Айша Бибі мазарындағы, Қырым хандығы сарайындағы, Испаниядағы мұсылман мешіттеріндегі, Қасиетті Мекке Мәдинадағы мешіт іштеріндегі оюларды айтуға болады. Қарасақ көз тоймайтын, жасалу күрделілігіне ақылың жетпейтін неше кереметтер болған біздің киелі жерде. Ал мұсылманша жазуларды қарап отыр­саңыз, шетсіз, шексіз бір-бірімен астасқан, үйлесім тапқан, артық-кемі жоқ жымдас­қан ою-өрнектен жасалған алтын шынжыр іспетті.
Ою-өрнек ғасырдан-ғасырға, ұрпақ­тан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан қазақ халқының мәдени мұрасының ажырамас бір бөлігі. Халқымызда жазу болмағанда ою-өрнек болды. Сол ою-өрнек арқылы халқымыз өз тыныс-тіршілігін, мәде­ниетін, өнерін, мәдени құндылықтарын, жоғары деңгейде дамыған тұрмыстық қажеттіліктерді ұрпақтан-ұрпаққа жеткі­зіп, дамытып отырды. Келешек ұрпақ мақ­саты – осы киелі өнерді әрі қарай да­мыта отырып, көздің қарашығындай сақтау.
Осы салада отыз жылдан аса уақыттан бері ұлттық ою-өрнекті дамытумен айна­лысып келе жатқан менің басты мақсатым – мүмкіндігінше ұлттық нақыштағы ою-өрнекті зерттей отырып, нәзік те күрделі өнердің сырын ашу, жасалу жолдары мен оны тұрмыста пайдалану реттерін өнерпаз жастарға ұсыну.
Оюларды уақыт талабына сай сұрыптай отырып, ұлттық негізде қазақ халқының өнер туындысы деп бағалауға тұрарлық, шетелдерге ұлттық мақтаныш, ұлттық мұра белгісі ретінде ұсына алатын, бүгінде шығарылып жатқан мән-мағынасы, маз­мұны, сапасы жоқ бұйымдармен бәсекеге түсетін ұлттық тұрмыстық өнім ретінде ою­лаған қазақы кілем, сырмақ, тұскиіз, үй жиһаздары, үстел, орындықтар, ұлттық өрнекпен безендірілген салтанат сарай­ларын, неке сарайларын, мұражайларды, жастар сарайын, мешіт, медреселерді, мектепті, балалар бақшасын, демалыс орындарын неге салмасқа? Кез келген мәдени орында ұлттық нақыштағы ою-өрнек сәндік безендірулер болса, көрермен көзіне жылылық ұялатып, өнерге деген құлшынысын ашары анық. Жақсы жасалған ою-өрнектер үнемі үйлесім тауып бір-бірімен сіңісіп, шытырман айшық жасап үлкен күрделі оюға ұласады. Шебер оюшы бір ғана қошқармүйізді дамыту арқылы мыңдаған ою шығаруы анық. Оюлардың түріне, зергерлік бұйымға шектеу жасауға болмайды, оның даму аясы адам ақыл ойының кеңдігімен, іскерлі­гімен, тапқырлығымен даму керек. Әрине, бай мұраны зерттеп қанықпай, жаңа туын­ды жасау, оюлардың бастапқы атауларын толық меңгермей уақыт талабына сай жаңа ою-өрнек жасау өте қиын да күрделі – іс. Уақыт өте шебердің ой-өріс кеңдігіне сай ою түрлері мен атауларының өзгеруі заңды­лық. Бұл жаңа талғам талабы. Оюдың бас­ты шарты: симметрия, тепе-теңдік, дәлме-дәлдік, тұп-туралық, біркелкілік, сәйкес­тік, үйлесім, сәнділік, көзге әсем көріну, көңілге жылы тиюі. Ал өрнектер ою заңына бағына бермейді, еркін жүйемен жасалады, симметрия, тепе-теңдік сақта­майды. 
Қазақ халқының ғасырлар бойы қалып­тасқан дәстүрлі киім түрлері өзгеріске ұшырады. Ұлттың киімінің бояуын, түсін өзгерткенмен түрін, пішімін (модасын) өзгерту дұрыс емес. Бұл біздің қазақ ұлтына тән ерекшеліктегі ою-өрнек, кие – қасиет. Осы киіммен, осы оюлармен халқымыз тари­хи дәуір өткізген, досы да, қасы да таны­ған. Түрін де, түсін де өзгертпей ғажа­й­ып киімдер жасаған. Ғасырдан-ғасырға дамыған ою-өрнек тілімен шеберлер ойын да, көңіл күйін де, уақыт жағдайларын да жеткізе білген. Жасалған ою-өрнектерге түгелдей ат беру мүмкін емес. Әр шебер өзі жасаған ою-өрнегінің қандай ою түріне ұқсайтынын, қандай ат лайық екендігін және ою-өрнекті қай затқа қалай пайдалану керектігін сол оюшы шеберден артық ешкім білмейді, әр оюшы өз талғамы, өз көзқарасымен дәлелдейді. 
Әрбір күрделі оюдың өсімдік тамыры іспеттес түбі, түбірі, діңі, тамыры болады. Бұл – менің өз ұғымым. Түбінен бастап, өрбіп жайылып, ерекшеленеді, бір-бірі­мен астасады, сәнді шеңбер жасай отырып «табақ» тектес күрделі ою құрайды. «Табақ» ою түрі – жиегіне су жүргізіп ішіне алуан түрлі ою салу. «Табақ» өрнегі мал-мүлік, бөлек үй, от болған ошақ, орданың белгісі деп есептелінген. Ұсынылған ою түрлерінде осы түр басым орын алады. Пайдалану ауқымы да кең. Кейбір оюлар басын жаңа жарып келе жатқан гүлге ұқсайды. Қазақ халқының тұрмысындағы көп қолданы­латын оюдың атасы қошқар мүйіз өрнек­тері сан алуан. Өте ұсақ түрлері зергерлік, кестелік, сүйек, мүйіз сияқты нәзік істерде қолда­нылса, ірі түрлері сырмақ, кілем, текемет, тұскиіз, алаша, сәулет өнеріне, тұрмыстық заттарға кең қолданылады. 
Мемлекеттік деңгейде «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша қамқорлық жасалынып, оқушыларға, студент жастарға қолөнер сабағына пайдалануға шағын жур­налдар шығарылса, қол өнер түрлері мек­тепте пән ретінде өтсе, жастардың келе­шекте іскерлігіне ұлттық мәдениетті сүюіне ықпал жасары анық. Оқушыларға ұлттық нақыштағы киім үлгілері ұсынылса, оқу құралдарының безендірілуіне ою-өрнек кең көлемде ұсынылса, шеберлер даярлайтын арнаулы оқу орындары ашылса, ұлттық қолөнер дамыған болар еді. Сол арқылы жастарға жұмыс, өнерге қамқорлық, тұтынушыға өнер туындылары ұсынылар еді.


Шөптібай БАЙДІЛДИН,
 оюшы, қолөнер шебері

 

Пікірлер