Абайды тану – ұлы міндет! 

735

 Биыл ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл. Халқымыздың біртуар перзентінің мерейтойы қарсаңында әдебиеттанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Зинол-Ғабден Қабиұлы Бисенғали «Адырна» ұлттық порталына сұхбат берді.

 - Зинол-Ғабден Қабиұлы,   ұлтымыздың ұлы ұстазы Абай мұрасын танудың бастау алғанына да ғасырдан астам уақыт өтті. Осы уақыт аралығында біз Абайды қандай деңгейде тани алдық?

-   Біріншіден, біз Абайды танып болдық деп айта алмаймын.  Екіншіден, Абай – болашақта да үлкен зерттеулерді талап ететін ірі тақырып. Өйткені ол тек шығармашылыққа ғана байланысты емес, адамның табиғаты, дүниетанымыны тұрғысынан  қаза берсек , жалғаса беретін тақырып дер едім. Ал біз не істедік дегенде? Құдайға шүкір жаманды-жақсылы біраз зерттеулер жасадық. Оның басты себебі қырық бесінші жылғы Абайдың жүз жылдық мерейтойы болды. Соған байланысты Абай шығармаларын зерттеу қолға алынды. Оны енгізген адам – Мұхтар Омарханұлы Әуезов. Қырық бесінші жылғы басылымдарды қарап отырсақ, абайтануға байланысты көптеген мақалаларды байқауға болады. Абайды теориялық жағынан зерттеу де осы кезден басталды. Бірақ біздің қоғамның үлкен ауруы бар ғой. Осындай мерейтойлар қарсаңында бастаймыз, дүрілдетіп айтамыз. Ары кеткенде бір жыл, одан кейін ұмыт болады. Келесі он жылдыққа дейін тек тиіп-қашудан арыға бармаймыз. Тек тәуекел еткен, сол тақырыпты қаузап жүрген зерттеушілер ғана қозғайды. Одан басқалары ұмытады. Осы әдеттен құтылуымыз керек деп ойлаймын.

- Кеңес үкіметі тұсында мәдениетімізге, әдебиетімізге қарсы цензураның болғаны белгілі. Бұның салқыны Абайтануға да тигені анық. Ал егемендіктің екі тізгін, бір шылбыры қолымызға тиген жылдардан бері аталған ғылым қалай дамыды?

  - Қазіргі таңда абайтануға тереңдей бастадық, өйткені заманның идеологиясы соны қажет етіп тұр. Осыған байланысты біз де қарап жатқан жоқпыз. Бұрынғыдай тек деректермен шектелмей, Абай шығармаларының ішіне енуді қолға алдық. Ең басты мәселе хәкім шығармаларының поэтикасын талдау. Ал бұл қолға түсе бермейтін нәрсе. Бір Абайға ғана қатысты емес, жалпы қазақ әдебиетінде көркем шығарманың поэтикасын талдау – назардан тыс келе жатқан дүние. Бұның басты себебі талдаудың қиындық тудыруы. Қазір жазып жүрген сыншылардың өзі поэтиканы тек көркемдік деп ойлайды. Алайда ол жай көркемдігі емес. Оның біраз мәселелері бар. Ал цензураның зиян келтіргені шын. Сол цензураның салқыны қазір де бар. Кезінде аға зерттеушілердің көбі Абай шығармаларын талдағанда таптық принциптерді қолға алды. Сол таптық принциптерді әлі де Абай шығармаларын талдағанда «кедейдің образын былай жасады»; «байлардың образын былай жасады»; «Абай  өмірі шындығынан гөрі сол тақырыптарды көп жазды»; деген әңгімелер айтылады.  Оларға қарсы келу өте қиын. Қарсы келгенге қарсы мақала жазады. Сондықтан көп жағдайда, абайтануға енді келген адамдар аяғын аңдап басады. Бұны құптауға да болады. Өйткені адам Абайға тәуекел етіп келгеннен кейін, тақырыпты сыйлау керек, Абайды сыйлау керек. Абайды сыйлау -  қазақты сыйлау!

    - Көп жылдан бері жоғары оқу орны тәлімгерлерлеріне «Абайтану» курсынан дәріс оқып келесіз, Абайдың қара сөздеріне қатысты құнды зерттеу еңбектерін де жаздыңыз, жазып та жүрсіз. Сіздің ойыңызша, Абай мұрасы  қай қырынан әлі толыққанды зерттелмей жатыр?

- Абай барлық қырынан әлі толық зерттелген жоқ. Мәселен көпшілік ақынның поэзиясы, поэмалары біршама зерттелді деп ойлауы мүмкін. Зерттелген жоқ. Бұның зерттелмеу себебі жаңа айтқанымдай Абай поэзиясын жақсы білу үшін, Абай поэтикасын талдауымыз керек. Бұл өте қиын нәрсе. Қиындықтан қашпаймыз, дей тұрғанмен де сол поэтиканың ішіне кіру, жіліктеп талдау көп еңбекті талап етеді. Оған қазақ бара бермейді. Абайтануға келетін адамдардың көбісі негізінен алғанда бұрынғыларды қайталаудан ары аса алмайды. Сәл өзгешелік әкелуі мүмкін, бірақ ол Абайдың жаңа қырларын көрсете алмайды. Абайдың жаңа қырларын көрсету – біздің алдымызда тұраған ұлы міндеттің бірі.

Енді абайтану курсына байланысты бірер сөз. «Абайтану: дәстүр және жаңашылдық» аталатын пән атының өзі айтып тұрғандай, Абайтануды зерттеу негізінен  дәстүрлі қазақ әдебиеті, шығыстың және орыс әдебиеті  арналарына сүйенуден басталады. Кеңес үкіметінің кезінде орыс әдебиеті  ең негізгі жол ретінде айтылды.  Егемендікке дейін бұл сораптан шыға алғанымыз  жоқ.  Қазір де соған жуықпыз, бірақ абайтанудағы басты арналар дәстүрлі әдебиетіміз бен шығыстың классикалық әдебиеті ғой. Оны ескермей жүріп көп мәселелерді аттап не тастап кеттік деуге болады. Міне, осы арнаулы курста шығысқа бұрылған жайымыз бар. Әрине өте күрделі, қиын мәселе. Оның қалай болып жатқанын өздерің де білесіңдер.

  - Абай шығармашылығы туралы сөз еткенде айналып өтуге болмайтын басты тақырыптың бірі – хәкімнің қара сөздері. Бір таңқаларлығы қара сөздерден мекенді, адам аттарын, уақыт сынды дүниелерді ұшырата алмаймыз. Абай бұл жанрды қайдан алған? Қара сөздерді қандай жанрға жатқызсақ болады?

- Абай қарасөздері туралы қызық дүниелер бар. Мәселен қара сөздерді зерттеп, монография жазған Ханғали Сүйіншәлиев елуінші жылдардың ішінде қара сөздерді «жәй жанр» деген пікір айтты. Алайда бұл мәселе зерттеушілер арасында дау-дамай туғызды, қарсы шыққандар болды.  Қара сөздердің жанры турасында әлі күнге дейін әр түрлі пікірлер бар: біреулер публицистика десе, енді бірі ғылыми мақала,  тағы бірі діни әдебиеттің жанры тасдиқ дегенді айтады. Бірақ Абай қара сөздері көркем прозаның  аса бір жетілген, философиямен астасқан түрі деп айтуға болады.  Өйткені Абайдың қысқа қара сөздерін оқып қарағанның өзінде, үлкен романдарға, ірі шығармаларға арқау болатын ірі проблеммалар айтылады. Қара сөздердің зерттеп жүрген Ғарифолла Есім көптеп жазды. Бірақ та әлі нүктесін қойды деп айта алмаймыз. Себебі қара сөздердің табиғаты, сол табиғаттың ішінде тұрған алуан түрлі құрылымдық әдіс-тәсілдер олай деп айтуға мүмкіндік бермейді.  Қара сөздер философиялық туындылардан өзгелеу. Бұндай тақырыптарға үлкен философтар жазғаны белгілі, алайда философтардың тақырыпты таратуы өзгелеу, олардың методы өзге, әдіснамасы өзге, керек десеңіз лексикасы өзге. Ал Абайдың қара сөздері – бұл ұлы ақынның ойлары. Қара сөздерінің барлығы да көркемдікке толы, көркем мазмұнға толы. Сондықтан да Абайдың қара сөздерін зерттеудегі басты мәселе – поэтикалық бағытта зерттеу. Мен өзім қара сөздерді көп зерттедім. Оны зерттеуіме себеп болған жағдай  болды. Тоқсан бірінші жылдары академик Зейнолла Қабдоллов Абай шығармашылығын зерттеу үшін үш миллион рубль бөлінетін грант ұтып алғанын айтты. Мен , Жанғара Дәдебаев, тағы басқа да ғалымдар бар Абайды зерттеуге кірістік. Мен содан бастап Абайдың қара сөздерін зерттеп келемін. Бірнеше мақалам Абайтануға қатысты жинақтарда жарық көрді. Қалып қойғандары да бар. Осы тақырыпты зерттеу барысында мен үшін қиындық тудырған – қара сөздердегі діни таным. Діни философияны Абай қалай таратып айтты? Не ойлады? Міне, осы мәселелер турасында ойланып жүрмін, жазып жатырмын. Жалпы Абайдың қара сөздері ғаламат нәрсе. Бұл туралы Мұхтар Әуезов көптеген пікір айтты. Солардың бірінде: «Абайдың қара сөздері көркемдік жағынан, мазмұн жағынан өлеңдеріне жете алмайды, Абайдың өлеңдері терең. Қара сөздерінде сол өлеңдерінде айтылмай қалған ойларды толықтырады», - дейді. Осы пікірін кейіннен Мұхтар Омарханұлы өзгертіп сөйлейді. Оның себебі цензурада болуы мүмкін деп ойлаймын. Абай қарасөздері о бастан-ақ сол кездегі ресми идеологияға кері дүние болды.  Қазіргі күні бұл дүниелерден құтылдық қой. Сондықтан Абайдың бұл жанры әлі де көптеген зерттеулерді қажет етеді. 

  - Біз әдетте «адамзаттың Абайы», «әлем мойындаған Абай» дегенді жиі айтамыз, естиміз. Қазіргі таңда осы қаншалықты шындыққа жанасады, Абайды әлем қаншалықты мойындады?

- Әлем халықтары Абайды мойындай бастады. Оның бір мысалы көршілес Ресейде Абайдың ескерткіші ашылды. Абайдың ескерткішінің қасында сол елдің озық ойлы, еркін ойлай алатын интеллигенттері жиналып дискуссия өткізіп тұрады екен. Бұл – Абайға көңіл бөлу деген сөз. Шындап келгенде ойлай алатын ойлы адам Абайдың ойларына тереңдеген сайын, одан «құтыла алмайды». Абайдың ойлары ойында жүреді, миында жүреді, оны тербейді. Тағы бір мысал, мен алдыңғы жылы Пекинге барып, Минзу университетінде лекция оқыдым. Сонда 92 жастағы Қабай дейтін ғалым бар. Абайды, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын» қытай тіліне аударған. Сол кісімен кездесудің сәті түсіп, сөйлестік. Кездесу барысында зерттеуші : «Абай да Конфуций сияқты ойшыл, бірақ менің ойымша, оның ойлары Кофуцийдан тереңдеу» деген қызық пікір айтты. Мен қайран қалдым. Бұл дегеніміз қытайдың зерттеушілері Абайды біледі, зерттей бастады деген сөз. Қытай тіліне аударудың өзі көп нәрседен хабар береді. Сол секілді әлемнің көптеген елдері Абайды аударды, айтып жатыр, мойындады. Дегенмен біз әлі соны көрсете алмай отырмыз.

  - Ұлы кемеңгердің 175 жылдық мерейтойы қарсаңында оқырман қауымға айтарыңыз?

  - Оқырманға айтарым бір ғана сөз. Бүгінгі әңгімеміздің тақырыбы абайтану болып отыр ғой. Бәріміздің алдымыздағы бір ғана мақсатымыз - Абайды тану. Абайды біреудің айтқаны немесе жазғаны бойынша емес, оның шығармаларын тікелей оқу арқылы, поэтикасына бату бойынша тану. Егер соған қолымыз жететін болса, біз мына өмірдегі міндетімізді орындадық деп айтуға болады.

 - Сұхбатыңызға рақмет!

 

Айдын Ағын,

«Адырна» ұлттық порталы

                     

Пікірлер