Болат Көмеков: Қыпшақ тілі халықаралық тіл болған

729

Биыл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен әл-Фарабидің 1150, Алтын Орданың 750 және Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын атап өтудеміз. Осы мерейтой қарсаңында белгілі шығыстанушы, тарих ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА-ның академигі Болат Ешмұхамбетұлы Көмеков «Адырна» ұлттық порталына сұхбат берді.

- Алтын Орданың 750 жылдығын тойлап жатырмыз. Осы Алтын Орданың халықаралық дипломатиядағы атауы қандай болды?

- Қазір біз Алтын Орданың мұрагері ретінде (оған түркі халықтарының да қатысы бар) 750 жылдығын тойлап жатқан жайымыз бар. Бұл мемлекеттің Қыпшақ хандығы екенін ұмытпауымыз керек. Шет елдің көптеген жазба деректерінде «Қыпшақ хандығы» деген атау нақты жазылған.

Алтын Орда атауының дұрысы – Жошы ұлысы. Орыс жылнамасында кездесетін «Золотой Орда» сөзін тікелей «Алтын Орда» деп аударып, сол атау ғылыми әдебиетке бекітіліп кеткен.

- Сіз кимектер туралы зерттеп жүрсіз.  Кимектер мен қыпшақтар бір халық қой?

- Иә, бір халық. Қыпшақтар ерте заманда тек қыпшақ тайпасынан тұрды. Бертін келе 16 тайпа қосылды да тайпалық одаққа айналды. Қыпшақ хандығы құрылған кезде олар Кимек  мемлекетінің мұрагеріне айналды.

Кимектер де қыпшақ тілдес. Қыпшақтар да өз тілінде яғни, қыпшақ тілінде сөйлеген. Батыс деректерінде қыпшақтарды «құман» деп те атаған, әдебиетке де сол атаумен еніп кеткен. Шынына келгенде, құмандардың ерекше этникалық сипаты бар. Кимектер мен қыпшақтар сияқты тайпалық одақ. Олардың орталығы Мұғалжар тауының маңында болды. Оңтүстік Орал тауының сілемі мен Мұғалжар арасын мекендеген. Құмандар да қыпшақ тілдес. Кимек мемлекетінің іргесінде үш тайпалық бірлестік болды: 1) Кимектер, 2) Қыпшақтар, 3) Құмандар.

- Қыпшақтардың тілдік тұрғыдан қазаққа жақын екенін білеміз. Антропологиялық тұрғыдан алсақ та солай. Ресей мен Украина жерінен табылып жатқан половецтердің (тас мүсін) киім үлгілері де қазақ халқының киім үлгісіне өте жақын екенін байқаймыз. Ал енді XII-XIII ғасырлардағы қыпшақтар мен моңғолдардың тас мүсіндерінің өзгеріп жатқанын көреміз. Көне түріктің кезіндегі тас мүсіндер бірдей болатын болса, енді қыпшақ дәуірінен бастап олардың киімдері көшпелілердің, қазақтардың киіміне ұқсай бастайды. Ал Моңғолия жеріндегі мүсіндер буддалық сипатқа көшеді. Сұрайын дегенім, қыпшақтардың этнографиялық ерекшеліктері қазақтың этнографиясына қаншалықты жақын деп ойлайсыз?

- Қазақ халқының қалыптасу процесіндегі  негізі ұйытқы – қыпшақтар. Сондықтан, біз қазақ халқы қыпшақ тілінде сөйлейміз, әдет-ғұрпымыз көп жағдайда қыпшақтардікі. Қыпшақтардың тікелей мұрагері болып есептелеміз. Антропологиялық тұрғыдан да, әдебиеттік тұрғыдан да солай. Қазақ әдебиетінің қайнар бұлағы – қыпшақ әдебиеті. Қазақ елінде Ұлы дала өркениеті бар.  Сол дала өркениетін қалыптастырған көне түріктер болса, соны әрмен қарай жалғастырған қыпшақтар.  Солардан қалған мол мұраны біз алып отырмыз.

- Қыпшақ тілі халықаралық тіл болды деген рас па?

- Әрине, рас. Қыпшақтар өте күшті мемлекет құрған. Көне түрік қағандығының ізімен, соның мұрагері ретінде өрісін кеңейтіп, Алтайдан бастап Қара теңіз даласына дейінгі кең аумақты алып жатты.

Кейін хандық Еділ өзенін шекара етіп екіге бөлінді. Еділден Алтайға дейінгі жер Шығыс Қыпшық хандығы деп аталды. Мұнда мемлекетті Елбөрлі әулеті биледі. Ал кіші хандар Батыс Қыпшақ жерін биледі. Бұл – қазіргі орыс даласы.

Жоғарыда айтып кетекендей Алтайдан Қара теңізге дейінгі сауда жолдары, қалалар, даланың өзі де қыпшақтардың билігінде болды. Сондықтан да осыншама алып Дешті Қыпшақ жерін басып өту үшін басқалар қайлай да болса да қыпшақ тілін білуге мәжбүр еді. Осының нәтижесінде Кодекс Куманикус пайда болды.

- Бұл сөздік қой?

- Иә, көпестердің халықаралық сөздік құралы. Мұны тек сөздік құрал деп қарауға болмайды. Себебі, кітап ішінде дала өркениеті (әдет-ғұрыптарымыз бен дүниетанымымыз) бар.

- Қыпшақтардың діні қандай болған? Ол кезде дін болған деп айтуға бола ма?

- Діні болған. Мәселен, ислам дініне дейінгі түркілерде дін болды. Олар да бір құдайға сенген. Ол – Тәңір. «Түріктердің құдайы – Тәңір» деген мағлұмат араб деректерінде кездеседі. «Бұл – тәңір сөзінің бірінші мағынасы болса, екіншісі – көк аспан», - дейді араб жазбаларында.

- Тарихта Қараханиттер дәуірінде ислам діні қабылданды деген. Бірақ қыпшақтар XII-XIІІ ғасырларда да қайтыс болған кісілерге арнап тас мүсіндерден ескерткіш ретінде белгі қойғанын білеміз. Тас мүсіндерді орнату – ислам дінінің заңдарына қайшы. Сондықтан да бұл жерде міндетті түрде қыпшақтардың дүниетанымы жайында сұрақ туындайды...

- Дүниеден қайтқан адамдарға көне дәуірден бастап тас мүсін қою қалыптасып кеткен.  Сондықтан да қыпшақтарды тәңірге де, әруақтарға да табынды деп айта аламыз. Қалыптасқан дәстүр бірте-бірте жойылмайды.  Мәселен, біз ислам дінін қабылдадық. Бірақ айға қарап амандасамыз, әруақтарға сенеміз. Көрдіңіз бе, бұл – қыпшақ дүниесінен, көне түрік дүниесінен, ғұн дәуірінен қалған қағидат, дәстүр сабақтастығы. Ұлы дала өркениетінің құндылықтары дегеніміз – осы. Бұл құндылықтар ешқашанда жойылмайды. Ру-тайпалық жүйе де осындай. Осы жүйемен қазақтың дүниетанымы, мемлекеттігі қалыптасты.

- Қыпшақтардың жерлеу рәсімдерінің (естірту, көңіл айту,  жоқтау, жетісін, қырқын, жүзін өткізу, асын беру) қазақтармен ұқсастығы туралы дерек бар ма?

- Қазақтың дүниетанымы қыпшақ өркениетінен нәр алып қалыптасып отыр.  Қайтыс болғанда оны арулап жерлеген. Қорған жасаған. Бұл дәстүр бізге сақ дәуірінен бастап жалғасып келе жатыр.

- Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Арман Әубәкір,

«Адырна» ұлттық порталы

 

 

Пікірлер
Редакция таңдауы