Home » Жаңалықтар » Көне ғасыр күмбірі

Көне ғасыр күмбірі

Бүгінде әр қазақ баласына ыстық, жан жүрегіне жақын термешілік, жыршылық, жыраулық өнер ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрге сай жаңғырып, дами түссе дейтін тілек бар. Осы тілектің үдесінен шыққан бір айтулы шара Кереку жерінде өтті. Бұл шараның ұлт руханияты үшін, салт-санасы үшін орны да, мәні де бөлек. Ал жас ұрпаққа берер тағылымы тіптен ұшан-теңіз десек те болады.

Осы өңірдің тумасы, кемеңгер тұлға Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы атындағы жыршы-термешілер байқауы «Көне ғасыр күмбірі» атты тақырып аясында өтіп, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды.
Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының есімін ұлықтап, жас ұрпақтың санасына рухани білім беру мақсатында Павлодар облысы әкімінің қолдауымен, Баянауыл ауданы әкімдігінің атсалысуымен, сондай-ақ облыстық Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы мен «Шаңырақ» облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен өткен байқауға Маңғыстау, Қызылорда, Қара­ғанды, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Павлодар облыстарымен қатар Астана қаласынан 20-ға жуық өнерпаздар қатысты.
«Көне ғасыр күмбірі» атты республи­калық жыршы-жырау термешілер бай­қауына Астана қаласынан келген Қазақстанның Еңбек сіңірген қай­раткері, Қырғызстанның Абдылаш Малдыбаев атындағы Халықаралық сыйлығының лауреаты, ақын, манасшы, драматург, жазушы, жыршы Баянғали Әлімжан төрағалық етті. Қазылар ал­қасында Айтмұхамбет Тұ­рышев, Ер­мұрат Тілегенов, Ертай Жүсіп, Балтабай Сыздықов, Бейсенбі Мұқажан, Жұмкен Сейітов сынды зиялы және шы­ғармашылық қауым өкілдері болды.
Шараның қорытынды, яғни ақтық сыны Баянауыл жерінде өз мәресіне жетті.

Баянауыл ауданының әкімі Күлжан Мұқатайұлы ұлттық сананы көтеруде жыршы-жырау, термешілердің еңбегі зор екенін атап өтті. Осы тұрғыдан күш салып жүрген азаматтардың еңбектері жемісті болуына тілектестігін білдіріп, Кереку-Баян өңірінің аспанын тербеткен жыршы-жырау, термешілер байқауында ең үздік өнер көрсеткен Маңғыстау облысынан келген Сәрсенбай Рахманбердиевке байқаудың бас жүлдесін табыс етті.
Қазылар алқасының төрағасы Баянғали Әлімжан кәсіби шеберлік өнерімен көзге түскен Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенті Ақерке Дабыловаға I орын жүлдесін тапсырды. Мәшһүртанушы Айтмұхамбет Тұрышев ерекше Қызылорда облысынан келген қатысушы Айнұр Қонысбаева мен Шығыс Қазақстан облысынан келген Ауғанбек Жұмабайға II орынға лайық марапатты тарту етті. Баянауыл ауданының өнерпазы Таңат Ахатов пен Қарағанды облысының атынан қатысқан Ұланғасыр Қамиев, сондай-ақ Қазақ ұлттық өнер академиясының студенті Эльвира Есназар ІІІ орынға тіреді.
Ең жас термеші Шыңғыс Асығат «Көрер­мен көзайымы» аталымымен марапат­талды. Баянауылдық Бақытжан Ахметов «Әдемі әуен», қызылордалық өнерпаз Хасенхан Кішкенеев «Қазыналы жыршы», Нұрбек Сансызбаев «Үлгілі жыршы», Бекболат Мұхамединов «Өнегелі термеші» аталымдары бойынша марапатталды.
«Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығының директоры Ермұрат Тілегенов бабалар мұрасын насихаттауға сүбелі үлес қосқан Әнуарбек Аманқосов (Астана), Айдос Тұрар (Қызылорда), Бақдәулет Толыбеков (Астана) және Қарағанды облысынан келген Шыныбек Ағжан, Жақабай Бейбарыс, Асқарұлы Қуаныш сынды азаматтарға Павлодар облысы мәдениет басқармасының алғыс хатын табыс етті.
Салтанатты марапаттан соң қазылар алқасының төра­ғасы ақын, манасшы Әлімжан Баянғали Қырғыз халқының әйгілі «Манас» жырынан үзінді жырлады. Осыдан соң алыс-жақыннан келген жыршы-жырау, термешілер жиналған қауымға Мәшһүр Жүсіптің мол мұрасын жырлаған өнерпаздар сахнаға көтерілді. Мәшһүр бабаның «Ағайын» термесін Шыңғыс Асығатұлы, «Ит дүние» жырын Хасенхан Кішкенеев, «Жалған туралы» термесін Бақытжан Ахметов, «Дауасыз дерт» термесін Бекболат Мұхамединов, «Жасымнан үйір болдым өнер сөзге» толғауын Бақдәулет Толыбеков, «Жалғыздық» термесін Таңат Ахатов, «Қиянат» өсиет термесін Эльвира Есназар, «Баянауыл болсайшы жердің аты» жырын Жұмабай Ауданбек, «Төрт таған» жырын Айнұр Қонысбаева, «Жеті жетім» термесін Ақерке Дабылова, «Өнерпаз» толғауын Сәрсембай Рахманбердиев жырласа, әдебиетіміздің көне қазынасы Алпамыс батыр жырынан үзіндіні Ұланғасыр Қамиев жырлап кеш қонақтарының көңілінен шықты.


Жеңісбек ПӘЗІЛ
Павлодар облысы
Баянауыл ауданы

“Ана тілі”

Пікір жазу

Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

*

x

Check Also

Экология министрі қымбат ас ішкені үшін отставкаға кетті

Францияның экология министрі Франсуа Де Рюжи салық төлеушілердің ақшасын шашты деген айыптаулардан кейін отставкаға кетті. ...