Мыңмен жалғыз алысқан...

572

Қандай да бір ұлттың ұлт екенін анықтайтын негізгі фактордың бірі – оның өткені десек, сол жүріп өткен жолында ұлт небір ұлыларды, ғұламаларды, данышпандарды дүниеге әкелетіні ақиқат. Байтақ даланы бауырына басқан біздің де тарихымыз біртуар перзенттерге кенде емес. Солардың бірегейі – хәкім Абай. Кемел ой иесінің өмірі мен шығармашылығы жан-жақты қырынан талай мәрте зерттелді, зерттеліп те жатыр, зерттеле де береді. Алуан-алуан жүйрік бар әліне қарай шабады, - дейді дана халқымыз. Біз де атасының ғана ұлы емес, адамзаттың ұлына айналған данышпан даналығына 175 жылдық мерейтойы қарсаңында шама-шарқымызша үңілуді жөн деп таптық...
Абыройлы атаның баласы Абай аз ғана дәуренді сауық-сайранмен, арзан атақ жолында арын сатып, шен-шекпенге қарық болып өмір сүрсе де оған ешкім қой демес еді. Алайда, ол саналы ғұмырын «қалың елі қазағының» игілігі жолында жұмсауға бел байлады. Жұртының ғылым-білімнен мақұрым қалып, мешеу тірлік кешуі жанына батты. Ұлы кемеңгер өзінің қырық бірінші қара сөзінде: «Қазақты я қорқытпай, я параламай ақылменен не жырлап, не сырлап айтқанменен ешнәрсеге көндіру мүмкін де емес. Етінен өткен, сүйегіне жеткен, атадан мирас алған, ананың сүтіменен біткен надандық әлдеқашан адамдықтан кетірген» деп күйінуі тектен тек емес, бұл сол заманның, қоғамның шындығы еді. Абай тұсында ел ішінде ынтажігерсіздік, жалқаулық, бос сандалып күн кешу көптеп кездесті. Елдің бұлай қараңғылықтың қамытында болуына, қожа-молдалардың да ықпалы күшті болды. Ислам діні, оның парыз-шарттарын өз өрелері жеткен тар шеңберде ғана түсіндіріп, жақсылық та, жамандық та, бай немесе кедей болмақтық та - бәрі де құдайдан деп, халықтың ой-санасын тұмшалап, байлап-матап ұстады.
Адамның ілгері талабына, ізденуіне жол бермеді. Ал бұл патша үкіметінің іздегеніне сұраған болды. Оны барынша қуаттап, өздерінің зымиян саясатын жүргізуде «оңтайлы» әдістің бірі ретінде пайдаланды. Абай болса, осындай қитұрқылықтарға жан-тәнімен қарсы тұрды. Бірақ сол баяғы надандық, дүмшелік оның жолына кесе көлденең тұра берді:
Жартасқа бардым,
Күнде айқай салдым,
Онан да шықты жаңғырық.
Естісем үнін,
Білсем деп жөнін,
Көп іздедім қаңғырып.
Баяғы жартас- бір жартас,
Қаңқ етер, түкті байқамас,-
дейтіні, жай ғана өлең емес, ақынның ащы үні, жан айқайы еді. Маңайының оны түсінбеуі, түсінуге талпынбауы, тіпті, оған бөгет болып, оң деген ісін теріске шығаруы, жұрт тағдырын қолына алып, ел түземекші болған ер үшін аз соққы, жеңіл қайғы болған жоқ. Өйткені, қазақты өркениетке, мәдениетке жетуіне қол ұшын созады дегендерінің өзі баяғы қулықтан, алдау-арбаудан шыға алмады. Көмек берудің орнына жаулық ойлады. Сол үшін де хәкім «Моласындай бақсының, жалғыз қалдым тап шыным» деп күңіренеді. Бірақ Абайдың бұл сөзіне қарап, оны мүлде жалғыз қалды дей алмаймыз. Бұл үстем тап өкілдеріне, атқаманірлерге қатысты айтылған дүние болатын. Жалпы халық ішінде көкірегінде саңылауы бар, сөз зергерінің ойын ұққан, оның айтпағын елге таратқан жандар да болды. Жә, бұл өз алдына бөлек әңгіме...
Өз заманының шынайы суреткері Абайдың қабырғасын қайыстырған тағы бір мәселе - кедей хәлі. Ол кедейді өзі ғана аяп қана қоймайды, өзгелердің де аяуын талап етті. Сол себепті де ол теңсіздік мәселесіне бей-жай қарай алмайды. Теңсіздікті елінің өркениет көшіне ілесуінде ең негізгі қолбайлаудың бірі ретінде қарастырады. Қазақ ауылындағы теңсіздікті ашық
көрсете білген өлеңі – «Қараша желтоқсанмен сол бір екі-ай». Аталған айлардағы кедейдің ауыр тұрмысын:
Кедейдің өзі жүрер малын бағып,
Отыруға отын жоқ, үзбей жағып.
Тоңған иін жылытып, тонын илеп,
Шекпен тігер қатыны бүрсең қағып... – деп, көз алдымызға әкеледі. Неткен ауыр әрі аянышты күй?.. Қысқа жіпті күрмеуге келтіре алмай, жанын жалдап, қарынының қамын күйттеп жүрген кедей ғылымды не қылсын?! «Менің балама оқу не керек? Оқу қожа мен төренің, бай-бағланның баласының ермегі емес пе» деген сыңаржақ пікір тумай қайтсін? Бұл турасында хәкім өзінің жиырма бесінші қара сөзінде: «Қарны аш кісінің көңілінде ақыл, бойында ар, ғылымға құмарлық қайдан тұрсын? Ашап - ішімге малдың тапшылығы да ағайынның араздығына уә әртүрлі пәлеге, ұрлық, зорлық, қулық, сұмдық секілді нәрселерге үйірлендіруге себеп болатұғын нәрсе» деп тоқталып өтеді. Ал сол қожа мен төренің, байбағланның баласының оқуы қазақты ұшпаққа шығаратын оқу ма?! Абайдың айтуынша олай емес. Олардың көбінің көксегені басқа нәрсе – «орыс тілі, жазуы», «военный қызмет», «оқалы киім кию». Бұндай оқу Абай мақсат еткен қазақты надандықтың шырмауынан, бодандықтың бұғауынан шығарар жол емес еді. Абайдікі басқа сүрлеу, басқа жол. Бұл мәселені ұлт ұстазы  соқырға таяқ ұстатқандай етіп ап-анық көрсетіп те береді. Тағы да жиырма бесінші қара сөзге оралсақ, ол онда былай дейді: «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да - бәрі орыста тұр. Зарарынан қашық болу, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек. Оның себебі олар дүниенің тілін білді, мұндай болды. Сен оның тілін білсең, көкірек көзің ашылады». Яғни, Абай орыстың тілін біліп, орысқа құл бол, соның айтағына ер, соның дәргейіне бас ұр демейді, сонымен тең бол деген ойды айтады.
Себебі орыстың ғылымы, өнері өркениетке бастар баспалдақ, алда жүруге алғышарт болатын...
«Қазақтың бас ақыны Ұлы Абайдың өлген күнінен қаншама алыстасақ, рухына соншама жақындаймыз» деген екен Алаштың ардақтысы Міржақып Дулатұлы. Керемет айтылған сөз. Абай халқының болмысын шын түсінген, жан-тәнімен ұққан ғұлама екеніне дау жоқ. Хәкімнің өмір сүрген заманынан бері ғасырдан астам уақыт өтсе де, оның айтқан ойлары, толғамдары күні бүгінге дейін өзектілігін жойған жоқ. Себебі қазақ дейтін ұлт бар. Ал қазақ барда Абай да қазақпен бірге жасай бермек!

Айдын Ағын,
"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы