Қайран, Шәміл!

109

Әлемге аты әйгілі қандасымыз, сайыпқыран балуан, мәскеу Олимпиадасының жеңімпазы, әлем біріншілігінің екі дүркін чемпионы, Еуропа біріншілігінің жеңімпазы  — Шәміл Серіковтың есімі сізге таныс па? Рас, ол бүгіндері біреуге «жылт етіп жоқ болып кеткен» әдепкі көп спортшының бірі, енді біреулерге өткеннің бұлыңғыр естелігіндей көрінетін азамат. Осы орайда, өз-өзіне қол жұмсаумен бақилық болған жан өмірінің соңғы кезеңін құсалықпен өткізіп еді десек, қалай?Әрине, грек-рим күресі майталманының өз-өзіне қол жұмсауға неліктен барғанын, әркім әрқалай айтып келеді. Бірақ та, сол кездегі солақай саясаттың садағына ілінген даңқ иесінің осынау қайғылы тағдыры хақында қайсыбір замандастары «адам төзбес қулық-сұмдыққа төзе алмай, күйіктен кетті» деген нұсқаны көбірек мақұлдайды. Бұл ретте, сонау 1980 жылдары атағы дүркіреген спортшымен бірге болған, ыстық суықты бірге көрген, кешегі жолдасы, бүгінгі көз көрген, қазақ спортының ардагері, КСРО біріншілігі мен КСРО кубогінің жеңімпазы Рамазан Нұрмановты әңгімеге тарттық.
— Сіз еркін күрестен 1973 жылы КСРО құрамасына енген қазақтың бірісіз. Сол кезде Шәміл де КСРО құрамысында жүрді. Әуелі, Шәмілдің адами ерекше қасиеттері хақындай айтып өтсеңіз?
— Шәміл өте талантты балуан болатын. Ол өз салмағында алдына жан салдырмаған дарабоз еді. Жарықтық, шаршауды бір білмейтін. Біз ол кезде «Динамо» спорт қоғамындағы залда бірге жаттығатынбыз. Күрес залына дайындыққа кіре бастағанымызда, классиктер Олимпиаданың екі дүркін, әлемнің бес дүркін, Еуропаның үш дүркін, КСРО-ның алты дүркін жеңімпазы Валерий Рязанцев, Олимпиаданың алтын және күміс жүлдегері, еуропа жеңімпазы Анатолй Быков, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, үш дүркін әлем, екі дүркін Еуропа жеңімпазы Анатолий Назаренко, Олимпиада және әлем біріншілігінің жеңімпазы Жақсылық Үшкемпіров, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, әлем және Еуропа біріншілігінің жеңімпазы Влдамир Бакулин сынды саңылақ балуандар да елмен қосыла жаттығуларын аяқтап, жуынуға беттеп бара жататын. Сонда, бір есімде қалғаны, Шәміл жеке қалып, шаршамай жаттығуын шыңдай беретін. Несін жасырайық, жігіттер Шәмілдің еңбекқорлығына қарап, қайран қалып тұратын…


Жалпы, Шәміл Қазақтың мемлекеттік дене-шынықтыру институтында менен екі курс төмен оқыды. Менің тағы бір есімде қалғаны, Шәміл спорт залға кіріп, бір балаға бір әдіс көрсете бастаса, жанына жасөспірімдер қаумалап жетіп келетін. Әрине, сол кездері бапкерлердің көзінен қызғаныш отын байқайтынбыз. Сол кездері Шәміл меңгерген алпауыт айла-тәсілдерді үйрену жас балуандар үшін ауадай қажет еді. Ал, ондай мүмкіндіктерді өкінішке орай, классика күресінің бапкерлері пайдаланып қала алмады ғой.
— Шәмілдің өлімі күні бүгінге дейін жұмбақ күйінде. Сіздің ойыңызша, даңқты балуанның өз-өзіне қол жұмсауының себебі неде?
— Мәскеу Олимпиадасынан жеңіспен оралған жеңімпаздар мен жүлдегерлерді орталық комитттің бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев құрметпен қабылдап, бір-бір темір тұлпарлар мінізген болатын. Сол кезде автокөлікті екінің бірі міне алмайтын. Қарапайым халық жаңа көлік алу үшін көп жылдар кезекке тұратын. Ол аздай қыруар қағаздар жинап, әйтеуір, өлдім-талдым дегенде барып темір тұлпарға аяқ артатын. Әрине, жоғарыда тамыр-таныстары барлардың көп қиындыққа ұрынбайтыны мәлім. Ал, Олимпиада жеңімпаздары өздеріне тарту ретінде берілген «Волга» маркалы автокөліктерін жартылай жеңілдікпен сатып алғандары анық. Сондай «Волганың» бірін кезінде Шәміл де мінген еді.
Жалпы, «даудың басы Дайрабайдың көк сиырынан» дегендей, әйгілі балуанның өмірі үшін күйзеліс кезеңі сонау БАМ, яғни Байкал-Амур магистралын салу жылдарынан басталса керек…
Әлі есімде, 1980 жылдары «үгіт поезд» деген шығып еді ғой. Сол кездері БАМ-ға шақыру жүріп жатқан болатын. Орталық комитет бұйырған екен, «айтылды, кесілді». Жердің түбіне болса да аттанасың. Ал, «белгілі себептермен бара алмай қалу» деген, ол кезде үкіметке қарсы шыққанмен бірдей.
Сол кезде «үгіт поезының» жолаушысы болып, елге танымал өнер қайраткерлері, әншілер, олимпиада жеңімпаздары мен жүлгерлері де баратын. Қас қылғанда, Шәмілдің сол кездері әкесі ауыр сырқаттанып ауруханаға түскен еді. Әкесін ауыр халде тастап кете алмаған атақты балуан әлгі БАМ құрғырына бара алмай қалды. Міне, сол кезден кейін-ақ, билік басындағылар Шәмілдің артынан шам алып түсті ғой.
Содан не керек, Шәмілге былайша айтқанда, барлық есік жабылды. Үйдегі әйелі мен екі баласын асырау даңқты балуанға өте ауыр болды. Тіпті дүкендерге ас-тағамдарды таратушы болып та жүргенін көрдік. Ал, жұмыс сұрап жоғарғы жаққа барғанда Қапшағайдағы спорт мектебіне бар –депті. «Менің бала-шағам Алматыда, өзім Қапшағайда жүрсем, біржағынан ол жақта күрес залы да жоқ қой» деген екен. Сөйтсе, ондағы кейбір кісілер «астыңда көлігің бар ғой, несіне қиналасың, күрес залы керек болса, Шамалғанға бар, онда спорт залы бар» деп жауап беріпті. Сөйтіп, екі ортада шапқылап жүрген балуанның сағы сынып, өмір сүруден біржолата түңілген сыңайлы. Әрине, сондағы қорлыққа шыдай алмаған апайтөс балуан кездейсоқ бір ащу үстінде «ең дұрысы өлу» деп шешкен шығар. «Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына өкінем» деген ғой. «Сол секілді Шәміл өзін қадір тұтатын адамдардың саны азайып бара жатқанына қатты қапалы болды ма» деп бүгіндері өзім ойға кетемін.
«Жығылған үстіне жұдырық» демекші, сол кездері Шәмілді КСРО ұлттық құрамысының мүшесі ретінде үзбей алып тұратын айлығы мен «Динамо» спорт қоғамынан алтын ақшасынан толықтай айырса, екіншіден құрметті жерлерге шақыру сап тиылады. (Осы жерде көңілі босап, көз жасына ерік берген Рамазан ағамыз, біразға дейін өзіне келе алмай отырып қалды).
Несін сұрайсың, Шәмілдің өмірінің соңғы кездерін адам баласына бермесін. Жанына рухани соққы алған ол өлер алдында халық жауы секілді, қатты күйзеліске ұшырады ғой.
Қазақта талантты балуандар жетеді.Тек шіркін, көпшілігі қамқорлық қолынның жоқтығынан тасада қалып қойып жатады. Бұл әрине, өкінішті. Менің ойымша, қазақтың дарынды жас спортшыларына демеушлік жетіспейді. Демушілік бізде белгілі бір жарыстармен ғана шектеліп жатады.
Қазақстанда дамыған Еуропа елдеріндегідей демеушілік туралы арнайы заң қабылданса деп армандаймын. Демеушілерге арналған арнайы заң спорт саласында да жалғасын тапса, қандай жақсы іс болар еді. Онда, спортшыларымыздың айы оңынан туар еді, шіркін!

Тұжырым:

Шәміл Серіковтың есімі қазақ спорт тарихында алтын әріппен жазылып қалды. Дегенмен де, айтулы спортшының атынан мұражай ашылып, ірі халықаралық турнирлер өткізіліп, көшенің тіпті, мектептің аты беріліп жатса нұр үсітне нұр болмақ еді. « Өлі риза болмай тірі байымайды» демекші, оның атынан игілікті шаралар іске асып жатса, балуанның әруағы риза болып, артында қалған бала-шағасының рахметіне бөлінер ме едік, кім білсін!
«Ел болам десең, бесігіңді түзе». Ел спортының ертеңі жарқын болсын десек, бүгінгі додалы сайыстарға жанын салып, жүлделі болып жүрген жұлдыздарымызға қолдан келгенше көмегімізде көрсетсек кәне!? Өйткені, арамызда жүрген ардагер спортшыларымызды ардақтай білу әрбір елін сүйген азматтың қайралмас парызы.

Ақын Ордабайұлы

"Ана тілі" газеті

Пікірлер
Басқа материалдар