"Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалады"

518

ХХI ғасыр – ғылым ғасыры. Әлемдік ғылым күн санап қарыштап дамуда. Өркениетті мемлекет атану үшін ғылыми жетістіктер керек. Елімізде ғылымды дамыту ісіне көңіл бөлініп келеді. Дегенмен де, бұл салада әлі де болса шешілмей жатқан күрмеуі қиын түйткілдер жоқ емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында ең бірінші көтерген мәселесі – білім мен ғылым. Бұл отандық ғылымның сапасын және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру жолында үлкен серпіліс болатыны сөзсіз.

            Президент аталмыш мақаланың «Ұлттық болмыстың үлгісі» атты алғашқы тақырыпшасында былай дейді:

«Абайдың шығармаларына зер салсақ, оның үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріптегенін байқаймыз. Ал, ілгерілеудің негізі білім мен ғылымда екенін анық білеміз. Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалады. «Ғылым таппай мақтанба» деп, білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын айтты. Ол «Біз ғылымды сатып мал іздемек емеспіз», – деп тұжырымдап, керісінше, ел дәулетті болуы үшін ғылымды игеру керектігіне назар аударды. Ұлы Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге» деген өнегелі өсиетін де осы тұрғыдан ұғынуымыз қажет.

Бұл тұжырымдар қазір де аса өзекті. Тіпті бұрынғыдан да зор маңызға ие болып отыр. Себебі, ХХІ ғасырдағы ғылымның мақсаты биікке ұмтылу, алысқа құлаш сермеу екенін көріп отырмыз. Ал, біздің міндетіміз – осы ілгері көшке ілесіп қана қоймай, алдыңғы қатардан орын алу».

Абайтанушы ғалым Бауыржан Ердембеков «Мемлекет басшысының Абай туралы мақаласы бүгінгі Қазақ елінің дамуына қан жүгіртер ой иірімдерімен өзекті. Абай – сөзінің өміршеңдігімен құдіретті... Абай өз заманында қазақты ел қылудың қармана қамын жасаса, оның әрбір сөзі тасқа қашалғандай болашақтың алдынан күн өткен сайын әрленіп шыға беретініне кәрі уақыт куә. «Ұлттық болмыстың үлгісі», «Мемлекет ісінің мүдделесі», «Жаңа қоғамның жанашыры», «Әлемдік мәдениеттің тұлғасы»... бұл тақырыпшалардағы өрілген ойлар алмағайып заманда рухани жаңғырулар мен ұлттық сананың соны бір серпілісін қажетсінген осынау бір қазақ қоғамына АҚЫН сөзін жеткізуді мақсат еткен», – дейді. Ал, Абайдың ең әуелі ғылымды игеру керек екендігін баса айтқандығын төмендегі өлеңінің үзіндісінен көруге болады.

 

«Ғылым таппай мақтанба, 

Орын таппай баптанба,

Құмарланып шаттанба

Ойнап босқа күлуге.

Бес нәрседен қашық бол,

Бес нәрсеге асық бол,

Адам болам десеңіз.

Тілеуің, өмірің алдыңда,

Оған қайғы жесеңіз.

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ –

Бес дұшпаның білсеңіз.

Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым ойлап қой –

Бес асыл іс, көнсеңіз.

Жамандық көрсең нәфрәтлі,

Суытып көңіл тыйсаңыз.

Жақсылық көрсең ғибрәтлі,

Оны ойға жисаңыз.

Ғалым болмай немене,

Балалықты қисаңыз?

Болмасаң да ұқсап бақ,

Бір ғалымды көрсеңіз.

Ондай болмақ қайда деп,

Айтпа ғылым сүйсеңіз.

Сізге ғылым кім берер,

Жанбай жатып сөнсеңіз?

Дүние де өзі, мал да өзі,

Ғылымға көңіл берсеңіз.

Білгендердің сөзіне

Махаббатпен ерсеңіз…»

 

Отандық ғылымды дамыту мәселесі Президент деңгейінде көтеріліп, маңызды басымдықтардың қатарына шығуы көңіл қуантады. Ғылым дамымай, мемлекет дамымайды. Болашақ – ғылымда. Еліміз өркендей берсін!

 

 

 

Қуаныш Жұмабек

PhD докторы,

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы

Пікірлер